Қызылордадағы мұнайбұрғылау зауыты «Смарт ойл» қызметкерлері бірнеше айдан бері жалақыларын уақытылы ала алмай отырғандарын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Жұмысшылардың айтуынша, жалақы екі айға дейін кешіктіріледі, ал зейнетақы мен медициналық аударымдар 2023 жылдан бері аударылмаған.
— «Зарплатаны көтерді, 40 мың қосты. Бірақ бәрібір жетпейді, кредитіміз бар. Қазір 240 мың аламын. Бүкіл отбасы осы ақшаға қарап отыр. Оның өзін уақытында бермейді. “10-ынан кейін аласыңдар” дейді де, айдың соңына қалдырады. Енді екінші ай болды, кешіктіріп жүр», – дейді жұмысшы Батырхан Айтмырзаев.
— «2023 жылдан бері зейнетақы аударылмайды. Жалақыдан ұстайды, бірақ бізге түспейді. Қайта-қайта сұрасақ, басшылық тек уәде береді», – дейді Қуанышбек Тойжанов.
Зауыт экологиялық қолайсыз аймақта орналасқандықтан, заң бойынша қосымша 5% үстемеақы төленуі тиіс. Алайда жұмысшылар бұл ақыны ешқашан алмаған.
Журналистер басшылықтан пікір алуға тырысқанда, зауыт әкімшілігі есік-терезесін жауып алған. Қызметкерлерге де тек «сәл шыдаңдар» деген жауап қайтарылған.
Зауыт Forbes тізіміндегі кәсіпкер Серікжан Сейтжановқа тиесілі. Оның отбасы «Онтустик» компаниясы арқылы «Саутс Ойл»-дың 51%-ын, «МұнайҚұрылысСервис», «Стандарт Цемент», «Talas Investment Company», сондай-ақ Standard Petroleum & Co үлесін бақылайды. Бұған қоса, Сейтжановтар Шымкент пен Түркістандағы Rixos қонақүйлерін, Satti Zhol жанармай құю станцияларын, ОҚМ академиясын және Инновациялық-технологиялық колледжді иеленген.
Былтыр олигархтың Шымкенттегі мұз сарайы мемлекетке қайтарылған еді.
Қазір ондаған отбасы 240 мың теңге айлықпен күн көріп отыр. Жалақы тағы да кешіктірілсе, жұмысшылар еңбек инспекциясына жүгінетінін мәлімдеді.









