Жаңа Конституция жобасы бойынша өтіп жатқан республикалық референдум ресми түрде өтті деп танылды. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, астана уақытымен сағат 14:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың келу көрсеткіші 51,93 пайызды құрады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тізімге енген азаматтардың жартысынан астамы дауыс берген жағдайда референдум өтті деп есептеледі. Осылайша, небәрі 7 сағаттың ішінде қазақстандықтар қажетті межені бағындырып, саяси науқанның легитимділігін қамтамасыз етті. Еліміздің барлық өңірлерінде дауыс беру процесі жалғасып жатыр, ал сайлау учаскелері кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Дауыс берушілердің белсенділігі туралы келесі ақпарат сағат 16:00-де жарияланады.









