Ақорданың салтанатты залында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын енгізу рәсімі ерекше рухта өтті. Мемлекеттік ту мен Президент байрағынан кейін Құрмет қарауылы ротасының сарбаздары жаңа Ата заңның түпнұсқасын залда жиналған қауымның алдына салтанатты түрде алып шықты. Бұл сәт референдумда халық қолдаған тарихи таңдаудың заңды күшіне енгенін білдіретін басты нышанға айналды.
Құрмет қарауылының әрбір нық қадамы мен салтанатты музыканың сүйемелдеуі мемлекеттің құқықтық негізінің беріктігі мен жаңа саяси реформалардың маңыздылығын паш еткендей болды.
Залға енгізілген жаңа Конституция арнайы тұғырға қойылып, оның қабылдануына орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Рәсімге қатысушылар бұл сәтті орнынан тұрып, ерекше құрметпен қарсы алды. Мемлекет басшысы мен еліміздің жоғарғы басшылығының алдында өткен бұл іс-шара тек хаттамалық рәсім емес, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын мемлекеттік ерік-жігердің көрінісі ретінде тіркелді. Ендігі кезекте осы салтанатты түрде ұлықталған құжат негізінде еліміздің құқықтық жүйесі толықтай қайта түлемек.









