Сәтбаев қаласында жеткізу қызметінің курьері алаяқтықтың құрбаны болды. Тапсырыс үшін есеп айырысу кезінде оған шынайы ақшаға ұқсас сувенирлік купюралар берілген. Бұл ақпаратты Ұлытау облысының полиция департаменті растады, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.
Оқиға кешкі уақытта «Чемпион» дүкені маңында болған. Курьердің жұбайының әлеуметтік желіде жазуынша, тапсырысты алған жас қыз қолма-қол ақша берген, алайда кейін екі 5 мың теңгелік купюраның жалған екені анықталған.
Жарияланым авторының айтуынша, қыз курьерді өзі қарсы алғанымен, көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны белгілі болған. Отбасы бұл жағдайды басқа курьерлерді ескерту мақсатында жариялағанын атап өтті.
Ұлытау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша ресми арыз әзірге түспеген. Соған қарамастан, әлеуметтік желідегі ақпарат негізінде материал тіркелген.
«Сәтбаев қалалық полиция бөлімі аталған дерек бойынша тексеру жұмыстарын бастады. Қазіргі уақытта жарияланымда көрсетілген мән-жайлар зерделеніп, тиісті процессуалдық шаралар қабылдануда», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Тексеру нәтижесі бойынша оқиғаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға берілмек.









