Қонаев қаласына сапармен Сенат депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Закиржан Кузиев және Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Ардақ Назаров келді. Олар былтыр ғана ашылған «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС-нің жұмысымен танысты.
Мұнда құрама жем, ұн, сұйық май өндіріледі. Зауыттың логистикасы жолға қойылған, теміржол арқылы дайын өнім бірден экспортқа жіберіледі. Жалпы кәсіпорынның қуаттылығы жылына 1 млн тонна өнім шығаруға жеткілікті.
Зауытта 200-ден астам жаңа жұмыс орыны құрылды. Өндіріс ошағы заманауи станоктармен жабдықталған. Қажетті қап та осында өндіріледі.
Ал тартылған инвестиция көлемі – 15 млрд теңге.
«Мұндай өндіріс орындарының іске қосылуы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға серпін беріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашады. «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС сынды кәсіпорындар жергілікті шаруаларды тұрақты өткізу нарығымен қамтамасыз етуде», – дейді депутаттар.
Сондай-ақ олар осындай өнеркәсіп орындарының көптеп салынуы мен инвестиция көлемінің артуы ел экономикасының тұрақты өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететінін атап өтті.









