Қарағанды облысында жолаушылар тасымалдайтын автобус жолдан шығып, жол жиегіндегі арыққа түстіп кетті. Оқиға Шахтинск қаласынан шығаберісте болған, деп хабарлайды Sona.kz Tеngrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші күрделі ауа райы жағдайында көлікті басқара алмай қалған. Оқиға кезінде өңірде боран соғып, жел күшейіп, жолда көктайғақ болған. Автобус салонында шамамен 50 жолаушы болған.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Полиция өкілдері жүргізушілерге ауа райы қолайсыз кезеңде жол қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Атап айтқанда, жылдамдықты асырмау, арақашықтықты сақтау, күрт манёвр жасамау және мүмкіндігінше алыс жолға шықпау ұсынылды.
Сондай-ақ соңғы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де қоғамдық көліктердің қатысуымен ұқсас жол-көлік оқиғалары тіркеліп жатқаны атап өтілді. Бұған дейін Астанада көктайғақ салдарынан бірнеше автобус апаты болған, алайда жолаушылар ауыр жарақат алмаған.









