Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті жер қойнауын пайдаланушылардан заңсыз ақша алу схемасын ұйымдастырған екі азаматқа қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Sona.kz Afm_rk-ға сілтеме жасап.
Агенттік мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйек айында Самар ауданының «Кенкарын» учаскесінде бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан адамдар тобының әрекеті тоқтатылған. Күдіктілер Құлынжон өзенінің арнасын өз бетінше өзгерткен, соның салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал 54 млн теңгеден асқан.
Осы жағдайды пайдаланған айыпталушылар қылмыстық іске тартылған тұлғалардың бірін қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын жеңілдетуге көмектесеміз деп сендіріп, одан 10 мың АҚШ долларын алған.
Күдіктілер ақша алу кезінде ұсталды. Сот үкімімен оларға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.









