Шығыс Қазақстан облысында зиянкестер көбейіп барады. Жергілікті халық шегірткеден бөлек, жаппай көбейген жұлдызқұрттардан да зардап шегіп отыр. Әсіресе Көкпекті ауданының тұрғындары жұлдызқұрттардың ауыл ішіне дейін кіріп, аулалар мен үйлердің қабырғасына жабысып жатқанын айтып шағымдануда.
Куәгерлердің айтуынша, жұлдызқұрттар тек өсімдіктерге ғана емес, адамдарға да «тиісе» бастаған. Оларды үйлерінен сыпырып тастаса да, қайта жорғалап келетін көрінеді. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда жұлдызқұрттардың үй қабырғаларын қаптап жатқаны анық көрінеді.
Ауыл тұрғындары зиянкестерден құтылу үшін жергілікті билік пен арнайы қызметтерден көмек сұрап отыр. Ал өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасы мен фитосанитариялық бақылау мамандары жағдайды зерттеп, тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады.