Шымкентте әйел адамды өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ер адам жеке бас араздығы негізінде жәбірленушіге пышақ жарақатын салып, әйел оқиға орнында көз жұмған, деп хабарлайды Sona.kz KAZAKH_INFORM-ға сілтеме жасап.
Оқиға туралы полицияға куәгерлер хабарлаған. Күдікті «ізін суытпай» ұсталған. Полицияның хабарлауынша, күдікті ұсталған сәтте қарулы болған және қарсылық көрсеткен, осыған байланысты құқық қорғау органдары қызметкерлері табельдік қару қолданған.
Күдікті медициналық мекемеге жеткізіліп, кейін қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Бұл қаңтар айында Шымкентте тіркелген екінші ұқсас қылмыс. Еске салсақ, 11 қаңтарда 21 жастағы студент қыз пышақ жарақатынан қайтыс болған. Сол іс бойынша күдікті қамауға алынып, полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.









