Шымкент қаласында блогер акимат қызметкерінен 10 миллион теңге талап етті деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, күдікті мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіретін материалдарды жариялаймын деп қорқытып, ақша сұраған. Ол ақпаратты таратпау үшін 10 миллион теңге “сыйақы” талап еткен.
Тінту кезінде оның үйінен электрондық құрылғылар мен дәлел болатын құжаттар тәркіленді. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр, іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.
Полиция өкілдері мұндай әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабына (“Бопсалау”) сәйкес келетініне назар аударды. Бұл бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Белгілі болғандай, ұсталған блогер бұған дейін де мемлекеттік органдар қызметін сынаған жазбалар жариялап келген. Тергеу оның өз жазбаларын қысым жасау құралы ретінде пайдаланған-пайдаланбағанын анықтауда.









