Таразда «Зербулак» көлінің шлюзін рұқсатсыз ашу салдарынан суару арналарына шамадан тыс су жіберіліп, бірнеше көше су астында қалды. Sona.kz Kazinform сілтеме жасап хабарлайды
Оқиға кешкі сағат 20:35 шамасында болған. Белгісіз тұлға шлюзді ашып жібергеннен кейін Достоевский, Жуанышев, Ұлбике ақын көшелерінің аулалары, сондай-ақ Ниетқалиев және Бөлтірік шешен көшелеріндегі үйлердің бір бөлігі суға кетті. Әкімдік мәліметінше, 30 үйдің ауласы мен 2 жертөле суға толған, алайда үйлердің ішіне су кірмеген.
Алдымен шлюз жабылып, су ағымы тоқтатылды. Кейін ТЖД құтқарушылары мен «Жамбыл-Су» қызметкерлері суды соруға кірісті. Жұмысқа 25 адам және 5 мотопомпаны қоса алғанда 12 техника жұмылдырылды.









