Тараз қаласында мектеп оқушысын өлтірді деген күдікпен жасөспірім ұсталды. Бұл туралы Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, күдікті жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы — «Адам өлтіру» бойынша жүргізілуде.
— Аталған дерек бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, — делінген ресми хабарламада.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Таразда оқушылар арасындағы жанжалдан кейін жасөспірімнің қаза тапқаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейін қаладағы білім бөлімі бұл деректі растады, бірақ оқиға мектептер арасындағы қақтығысқа қатысы жоқ екенін және тұрмыстық сипатта болғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта істің тергелуі Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Ведомство өкілдерінің айтуынша, түпкілікті процессуалдық шешім қолданыстағы заңнамаға сәйкес қабылданады.









