Алматы қаласының Бостандық ауданында құқық бұзушылықтар жиілеген ойын-сауық мекемелерінің бірінің жұмысы тоқтатылды. Жыл басынан бері аталған барда екі рет жаппай төбелеспен ұласқан бұзақылық фактісі тіркелген. Сондай-ақ, тексеру барысында түн мезгілінде кәмелетке толмағандардың мекеме ішінде болуына рұқсат берілгені белгілі болды.
Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Ахановтың айтуынша, жиналған материалдар сотқа жолданып, соның нәтижесінде бардың қызметін тоқтату туралы шешім шығарылған. Полиция заң талаптарын елемейтін және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпейтін мекемелерге қатысты бұдан былай да қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.
Аудандық прокуратурамен бірлесіп жүргізілген бұл шаралар қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта Алматы қалалық Полиция департаменті бұрын заң бұзылған барлық ойын-сауық орындарына бақылауды күшейтті.









