Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мәселесіне қатысты сөйлеген сөзінде мемлекеттік цифрлық жүйелердің жұмысында соңғы уақытта жиі ақаулар тіркеліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sona.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл проблемалар негізінен қолданылып отырған IT-шешімдердің технологиялық тұрғыдан ескіруімен және басқару сапасының төмендігімен байланысты.
Президент цифрландыру тақырыбын қозғау барысында белгілі бір сөз тіркесін еске салды. Оның айтуынша, «ақшамен кез келген адам құрылыс сала алады», алайда мәселе қаражат көлемінде емес, басқару мен жүйелі тәсілде.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдында бірыңғай цифрлық платформаға көшу жөнінде маңызды міндет тұрғанын атап өтті. Бұл қадам мемлекеттік цифрлық инфрақұрылымды жүйелеуге бағытталған.
Президенттің айтуынша, бұған дейін әрбір мемлекеттік орган цифрландыруды өз бетінше жүзеге асырған. Біртұтас бақылаудың болмауы техникалық қиындықтармен қатар, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкелген.
Мемлекет басшысы Бас прокуратурада өткен кеңесте Үкімет өкілі барлық жүйелерді біріктіру үшін қажет қаражат көлемін атағанын жеткізді.
Сонымен қатар Президент мұндай көлемдегі қаражаттың жоқ екенін және болмайтынын атап өтті. Осыған байланысты Үкіметке бюджеттен қомақты қаражат талап етпейтін нақты жұмыс жоспарын ұсыну тапсырылды.









