Sona.kz Polisia.kz дерегіне сүйеніп, Атыраудағы жас қыздың өліміне қатысты резонанстық істің қалай ашылғанын баяндайды.
Атырауда Яна Легкодимованың өліміне қатысты іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Polisia.kz мәліметінше, 23 жастағы қыз 2024 жылдың 18-19 қазанына қараған түні өлтірілген. Оның денесі сегіз ай өткен соң Жайық жағасынан табылған.
Алғашында іс адам жоғалу фактісі ретінде тіркелген. 20 қазанда қыздың анасы полицияға хабарласып, іздеу жұмыстары басталады. Камера жазбалары арқылы қыз мінген ақ көлік анықталып, жанында болған екі ер адам анықталған.
Атырау облысы ПД-нің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Темірхан Хажмұратовтың айтуынша, көліктің бағыттары тексеріліп, оқиғаның криминалдық сипаты белгілі болған. Екі күдікті екі күн ішінде ұсталды: бірі Құрманғазы ауданына кетіп үлгерсе, екіншісі көлікті жуып, іздерді жасыруға тырысқан.
Тергеу материалдарына сүйенсек, басты күдікті Хайржанов қызды көлік ішінде тұншықтырған, ал досы Катимов есікті ұстап тұрған. Кейін олар денені өзенге тастаған.
Полиция күдіктілердің әлеуметтік парақшаларын тексеріп, олардың хат алмасуында қылмысты жоспарлағанын анықтады. Сонымен қатар интернеттен «адам өлтіру үшін қандай жауапкершілік бар», «камера жазбалары қанша уақыт сақталады» деген сұрақтарды іздегені белгілі болды.
Қызметкерлер барлық дәлелді жинап, істі толық ашты. Екі күдікті де ұсталып, екеуі де өмір бойына бас бостандығынан айырылды.









