Жамбыл облысында екі кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.
Оқиға Тараз қаласындағы Төле би даңғылы бойында орналасқан жатақханалардың бірінде болған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 36 жастағы әйел өз үйінде бола отырып, 2021 жылы туған қызын және 2023 жылы туған ұлын бесінші қабаттың терезесінен әдейі лақтырып жіберген.
Балалар тірі қалып, жедел түрде Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап, «политравма» диагнозын қойған. Қазіргі уақытта балалар жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқиғаға дейін әйел мен оның жұбайы арасында жанжал болған. Жанжалдан кейін ер адам үйден шығып кеткен.
Тергеу барысында әйелдің соңғы жылдары қатты бас ауруларына шағымданып жүргені анықталған.
Алдын ала деректерге сәйкес, әйел қатты эмоционалдық күйде бола отырып, алдымен қызын, кейін ұлын терезеден лақтырған. Кейін өзі де секіруге әрекеттенген, алайда соңғы сәтте тоқтаған.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қосымша ақпарат бойынша, күдіктінің жұбайы бұрын психиатриялық есепте тұрған.









