Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы допингке қатысты іс қаралып жатқан кезеңде кәсіпқой жекпе-жектерге қатысудан уақытша шеттетілді. Бұл туралы Қазақстанның кәсіби бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, тыңдаулар аяқталғанға дейін спортшыға рингке шығуға тыйым салынған.
Қайта қарау нәтижелері бойынша барлық материалдар тиісті ұйымдарға, соның ішінде World Boxing Organization (WBO), International Boxing Federation (IBF) және өзге де тараптарға жолданады. Олар Жәнібек Әлімханұлын чемпиондық белбеулерінен айыру немесе айырмау жөнінде шешім қабылдайды. Ал әзірге, тыңдаулар аяқталғанға дейін, ол жекпе-жектерге қатыса алмайды, — деді федерация басшысы.
Рахымжан Ерденбеков түпкілікті шешім халықаралық бокс ұйымдарының құзыретінде екенін атап өтті. Тыңдаулардың нақты қашан аяқталатыны әзірге белгісіз.









