Атырау облысының Махамбет ауданына қарасты Чкалов ауылында Жайық өзенінің бір бөлігі ерекше жасыл түске боялды. Бұл туралы бейнежазбалар әлеуметтік желілерде таралып, жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-ға сілтеме жасап.
Экология департаментінің мәліметінше, су түсінің өзгеруі табиғи құбылыспен байланысты. Сарапшылардың айтуынша, өзендегі балдырлардың көбеюі судың түсін өзгерткен.
«Жүргізілген тексеріс барысында техногендік ластану белгілері анықталған жоқ. Бұл – табиғи биологиялық процесс», – делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта Жайық өзеніндегі судың сапасына тұрақты мониторинг жасалуда. Мамандар тұрғындарды алаңдамауға шақырды.









