Панфилов аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға баланың жуынатын бөлмеге кіріп, суды ашық қалдыруынан кейін болған. Соның салдарынан бөлме суға толып, жанжал туындаған.
Іс материалдарына сәйкес, әйел ұлын батареяға байлап, оған дене жарақатын салған. Баланы әкесі ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оның денесінен түрлі жарақаттар мен гематомалар анықтаған.
Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, әйел туа біткен ақыл-ой кемістігіне – мінез-құлқында айқын бұзылыстары бар жеңіл дәрежедегі ақыл-есінің артта қалуына шалдыққан және күтім мен емдеуді қажет етеді.
Сотта анықталғандай, ол өз іс-әрекетінің мәні мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алмаған, сондай-ақ сот процесіне қатысуға қабілетсіз болған. Бұдан бөлек, мамандар оның өзіне және айналасындағыларға қауіп төндіруі мүмкін екенін көрсеткен.
Сот әйелді қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын – психиатриялық стационарда емдеуді қолдану туралы қаулы шығарды.
Балалар сәбилер үйіне орналастырылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.









