Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жеке сәйкестендіру нөміріне (ЖСН) түзету енгізу туралы талап арызды қарады. Бұл туралы Жетісу облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланды.
Іс бойынша жауапкерлер ретінде Қаратал аудандық полиция бөлімі, аудандық полиция бөлімінің бастығы және Жетісу облысының полиция департаменті көрсетілген. Талапкер ЖСН-не түзету енгізуден бас тартуды заңсыз деп тануды және жіберілген бұзушылықтарды жоюды сұраған.
Сотта анықталғандай, талапкердің туу туралы куәлігі мен неке туралы куәлігіне сәйкес ол 1991 жылғы 13 мамырда дүниеге келген. Алайда жеке куәлігінде көрсетілген ЖСН туған күніне сәйкес келмеген.
Үкіметтің «Идентификациялық нөмірді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» қаулысының 2 және 3-баптарына сәйкес, ЖСН 12 саннан тұрады, оның алғашқы алты саны жеке тұлғаның туған жылын, айын және күнін білдіреді. Талапкердің ЖСН-де 13 санының орнына 31 көрсетілгені анықталған.
Қателік талапкер жұмыс орнында жалақы есептеудің жаңа жүйесі енгізілген кезде белгілі болған. Соның салдарынан зейнетақы жарналары, салықтар және өзге де міндетті төлемдерді аудару мүмкін болмаған.
Талапкер Қаратал аудандық полиция бөліміне ЖСН-н түзету туралы өтінішпен жүгінгенімен, қанағаттандырудан бас тартылған. Сот барысында уәкілетті орган тиісті әкімшілік акт қабылдамағаны, ал бас тарту анықтама түрінде рәсімделгені анықталды, бұл әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама талаптарына сәйкес келмейді.
Сот Қаратал аудандық полиция бөлімінің әрекеттерін заңсыз деп танып, талапкердің ЖСН-н туған күніне сәйкес түзетуді міндеттеді. Жетісу облысының полиция департаментіне қатысты талап қанағаттандырылмады. Сондай-ақ талапкерге төленген мемлекеттік баж қайтарылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.









