12 тамыз күні кешке Жетісу облысы Сарқан ауданы Екіаша ауылы маңындағы Басқан өзенінде орналасқан Басқан ГЭС-2-де құбыр жарылып, станция аумағын су басты, деп хабарлайды Sona.kz @halyk_zhurnalist.kz сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, алдымен қатты дыбыс естілген, артынша су станция алаңы мен ғимараттарын толтыра бастаған. Елді мекендерге электр қуаты үзілген жоқ.
Әлеуметтік желіде станция құрылысына кезінде қарсы болған ауыл тұрғындары бұл оқиға жайлы пікір білдіріп, «Міне, ГЭС салыңдар! Апат артынан апат» деп жазды.
Әкімдік мәліметінше, қауіпсіздік мақсатында станция жұмысы уақытша тоқтатылды, ал су өзенге қайта жіберіліп, экологиялық зардап болдырмады. Құтқару қызметі шақырылған жоқ, эвакуация жүргізілген жоқ, тұрғындар мен қызметкерлерге қауіп төнген жоқ.
Басқан ГЭС шағын нысандар санатына жатады (қуаты 5–10 МВт). Жұмысты қалпына келтіру 7–10 күн ішінде жоспарланып отыр. Апаттың себебі анықталуда.









