Іс-шаралар Алматы–Өскемен республикалық тас жолында, халық көп жиналатын орындарда ұйымдастырылды. Мұнда мобильді қабылдау пункттері құрылып, кез келген адам полиция қызметкерлері мен мемлекеттік орган өкілдеріне тікелей сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды.
Мерекелік атмосфераны тәртіп сақшыларының өздері қалыптастырды: кейбір қызметкерлер азаматтарды ұлттық киімде қарсы алып, жүргізушілер мен жолаушыларға қазақ халқының қонақжайлылығы мен бірлігінің символы ретінде наурыз көже, бауырсақ және ет ұсынды.
Акция аясында облыс бойынша мобильді пункттер жұмыс істеп, сенім телефоны қызмет көрсетті, сондай-ақ әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер өткізілді.
Барлығы 500-ден астам өтініш келіп түсті. Ең өзекті мәселелер ретінде автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, жол қозғалысын ұйымдастыру, айыппұлдарды төлеу, көші-қон заңнамасын сақтау, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктерін, бейнебақылау камераларын және көлік тізгінінде ұялы телефондарды пайдалану тақырыптары қозғалды.
«Наурыз — бұл бірлік пен ашықтық мерекесі. Біз халыққа жақын болуға, оларды тыңдап, күнделікті мәселелерін шешуге көмектесуге тырысамыз. Мұндай акциялар сенімді нығайтып, өзара іс-қимылымызды жандандырып, тиімді ете түседі», — деп атап өтті полиция өкілдері.
Азаматтардың оң пікірлері мұндай бастамалардың халық пен полиция арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететінін көрсетті. Акция ішкі істер органдарының ашықтығын, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын айқын дәлелдеді.









