Toyota Land Cruiser 200 көлігінің иесі көлікжуудан кейін көлігінен айырылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жуудан соң көлік оталмағандықтан, ол оны бір тәулікке кептіру үшін қалдырған.
Түнгі уақытта полиция қызметкерлері хабарласып, көліктің әуежай маңында жол апатына ұшырағанын жеткізген. Рөлде 18 жастағы жас жігіт болған, салонда тағы үш адам отырған. Қазір көлік жүріссіз күйде.
Көлікжуу әкімшілігі көлікті қызметкерлердің бірі заңсыз айдап кеткенін мәлімдеді. Ал иесінің өкілі көлік ресми түрде сақтауға қабылданғандықтан, жауапкершілік көлікжуудың иесіне жүктелуі тиіс деп отыр.
Аталған дерек бойынша көлік құралын заңсыз иелену фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Оқиғаның мән-жайын және келтірілген шығын көлемін анықтау үшін сараптама тағайындалды. Сонымен қатар көлікті сақтау шарттарының сақталуы тексеріліп жатыр.
Құқық қорғау органдары көлікті қызмет көрсету немесе сақтау үшін тапсырған жағдайда тараптардың жауапкершілігі азаматтық заңнамаға сәйкес айқындалатынын атап өтті. Тергеу нәтижесінде түпкілікті құқықтық баға беріледі.









