Баласының еміне деп 1,3 млрд теңге жинап, қаржыны жеке қажеттіліктеріне жұмсады деп айыпталған ерлі-зайыптылардың ісі бойынша сотта прокурор жаза тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Sona.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Айыптаушы тарап ер азаматқа қатысты:
•7 жылға бас бостандығынан айыруды,
•10 жыл бойы қайырымдылық қызметімен айналысу құқығын шектеуді,
•мүлкін тәркілеуді,
•жазасын орта қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеуді сұрады.
Сот отырысы барысында прокурор сот үкімі күшіне енгенге дейін айыпталушыны қамауда ұстау туралы өтініш білдірді. Дәл осындай жаза айыпталушы әйелге де ұсынылды.
Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың 2019 жылы туған баласы бар екені ескеріліп, жазаны орындауды екі жылға кейінге қалдыру ұсынылды.
Бұған дейін тергеу материалдарында ерлі-зайыптылардың төрт жыл бойы ел азаматтарынан баласының еміне деп қаражат жинап, кейін бұл ақшаны сауда мен құмар ойынға жұмсағаны анықталғаны хабарланған еді.









