Семейде балаларға қылмыс жасаған студент өмір бойына сотталды

Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 21 жастағы заң факультетінің студентіне үкім шығарды. Ол кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, айыпталушы 2022 жылдың мамырында және 2025 жылдың қаңтарында Семей қаласында 12 және 13 жастағы балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы ең қатаң жаза тағайындау қажеттігін айтты.
— Жасалған қылмыстардың ауырлығын ескере отырып, айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын және педагогикалық қызметпен, балалармен байланысты жұмыстармен айналысу құқығынан айыруды сұраймын, — деді прокурор.

Жәбірленушілердің заңды өкілдері де айыптау тарабының ұстанымын қолдады. Ал айыпталушы өз кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтауды сұрады.

Сот үкімімен жас жігіт өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
— Ол сондай-ақ педагогикалық қызметпен айналысу және балалармен байланысты салада жұмыс істеу құқығынан айырылды. Жазасын аса қауіпті қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.