Метка: №1 балалар үйі

  • Бағанашылдағы балалар үйінің жанындағы ағаштарды кесуге қатысты: Билік мән-жайды түсіндірді

    Бағанашылдағы балалар үйінің жанындағы ағаштарды кесуге қатысты: Билік мән-жайды түсіндірді

    Бұған дейін Бағанашылдағы №1 балалар үйінің айналасында дау туып, мекемені Қонаев қаласына көшіру туралы мәселе көтерілген.

    Алайда, сол кезде тәрбиеленушілерді алаңдатқан жайт бұл ғана емес, өз қолдарымен егіп, баптаған ағаштардың бейберекет кесілуі еді. Олар арнайы бейнежолдау жасап, өздері отырғызған ағаштарға жанашырлық танытқанда бірден қала тұрғындарының назарына ілігіп, тиісті мекемеге арыз-шағым түсе бастады.

    Sona.kz редакциясы балалар алаңдаушылық білдірген ағаштардың мәселесіне қатысты Алматы қаласының экология және қоршаған ортаны қорғау департаментіне хабарласып, ресми жауап алған едік. Департамент басшысы орынбасары М.Қожекеновтің мәлімдеуінше, азаматтар шағымынан кейін мән-жайды анықтау мақсатында арнайы тексеріс жүргізілген.

    Бізге берілген жауапта:

    «2025 жылғы 31 қаңтарда Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны қорғау департаментіне «Е-лицензия» дерекқорын пайдалана отырып, Алматы облысы білім басқармасының «Арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдаудың өңірлік орталығы» КММ-нен Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Алматы қаласы, Бостандық ауданы мекенжайы бойынша ағаштарды кесуге өтінім келіп түсті» делінген.

    Бұдан кейін мекеме ұсынылған құжаттар (мемлекеттік акт, орман патологиясы, отырғызу шарты, кепілдік хат, отырғызу схемасы) «Ағаштарды кесуге рұқсат беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларының талаптарына сәйкес келген соң, 2025 жылғы 11 ақпанда берілген рұқсат бойынша өтемдік отырғызу шарты бойынша 50 ағаш кесуге рұқсат береді.

    «Алайда, наурыз айының басында қала тұрғындарынан ағаштарды заңсыз кесуге қатысты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы арыз-шағымдар келіп түскен. Осыған орай, 2025 жылдың 5 наурызында табиғатты қорғау полициясы және Алматы қаласының Бас ботаникалық бағының ғалымдарымен бірлесе отырып, учаскені аралап, визуалды тексеру жүргізілді.

    Тексеру нәтижелері бойынша, көрсетілген аумақта емен ағаштары анықталмаған. Бірақ басқарма рұқсат бермеген 18 ағашты заңсыз кесу және 36 ағашты егеу фактілері тіркелді. Осы жұмыс нәтижесінде басқармаға рұқсат құжаттарынсыз ағаштарды кесу және тәж отырғызу жұмыстарын жүргізген ұйымнан кепілдік хат алынды. Ұйым мынаған міндеттеледі:

    • Заңсыз кесілген 18 ағаштың орнына 900 көшет отырғызу;
    • Егелген 36 ағашқа күтім жасау;
    • Егер қурап қалған жағдайда өтемдік қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу.

    Айта кетейік, Алматы облысының білім басқармасы 1 балалар үйінің ғимараты ескіргенін және оны күрделі жөндеуден өткізудің мүмкін еместігін, өйткені ол қомақты қаржы инвестициясын қажет ететінін мәлімдеген болатын. Алайда, тәрбиеленушілер көп мүмкіндіктен қағылатынын айтып, Қонаев қаласына қоныс аударуға қарсылығын білдірді.    Кейінірек балалар омбудсмені Динара Зәкиева балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан тәрбиеленушілердің сол ғимаратта қалатынын хабарлады.

    Айта кету керек, қаланың элиталық аймағында орналасқан балалар үйінің жеріне бәзбіреулердің көзі ірі коммерциялық құрылыстар басталған кезде, яғни 2000 жылдардың басында түсе бастады. Жасыл алқапты кесу, үйлерді бұзу, тағы басқа жайттардың орын алғаны сондықтан.  Ал аумағы бойынша Алматы облысы, Қарасай ауданына қарайтын Бағанашылдағы 1941 жылы салынған балалар үйіне тиесілі 9 гектар жер әлі кімді мазалайтыны белгісіз.

  • Алматыдағы №1 балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтін болды

    Алматыдағы №1 балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтін болды

    Бұған дейін Алматыдағы №1 балалар үйінің Қонаев қаласындағы әлі құрылысы бітпеген ғимаратқа көшетіні туралы ақпарат тараған еді. Мұны естіген тәрбиеленушілер де жылы орыннан кеткісі келмейтінін жеткізді.

    Алайда, шенеуніктер 1963 жылы салынған балалар үйінің ғимараты апатты жағдайда қалғанын, күрделі жөндеуге келмейтінін айтқан. Яғни, оның орнына Қонаев қаласынан жаңа ғимарат салынып жатқанын, оның 2025 жылдың жазына дейін аяқталатыны туралы уәде етілген. Сондай-ақ, балаларға абаттандырылған аумақ, жолдар, жарықтандыру және инженерлік желілер салып беру жағы да кепілдендірілген.

    Десе де, балалар үйінің тұрғындары мен олардың қорғаушылары бұл қадамды дұрыс емес деп санайды. Олардың пікірінше, «Қонаев қаласында жетім балаларға Алматыдағыдай оқу мен даму мүмкіндігі болмайды».  Сонымен қатар, бұл ғимаратқа түзеу колониялары жақын орналасқандықтан тағы да қосымша мәселе туындауы мүмкін екенін де жасырмайды.

    Айта кету керек. бұл жағдайға Аружан Саин бастаған қоғам белсенділері араласты. Ол Instagram парақшасында балалар үйіне барып, тәрбиеленушілермен кездесіп, пікір алмасқанын салды. Онда балалар ғимараттың ешқандай апаттық жағдайда емес екенін айтқан.

    Ал Алматы облысының білім басқармасы жаңа балалар үйінің құрылысы бекітілген жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.

    «Учаскенің таңдауы бірқатар факторларға, соның ішінде санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту мүмкіндігіне байланысты болды. Заречное ауылы Қонаев қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. Ауыл Алматы мен Қонаев қалаларының арасында орналасқан», – деп хабарлады ведомство.

    Құрылыс аяқталғаннан кейін балаларға қолайлы жағдай жасалады: абаттандырылған аумақ, асфальт жолдар, жарықтандыру және инженерлік желілер бәрі салынады.

    Сондай-ақ, Алматы облысы Білім басқармасы балалар үйінің жерін Әлия Назарбаева сияқты жеке тұлғаларға сату туралы қауесеттерді жоққа шығарды және балаларды қорлау фактілері расталмаған деп сендірді. Балалар үйіне арнайы келген Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева:

    «Біз балалар үйі мен оның тәрбиеленушілеріне қатысты барлық мәселелерді бақылауда ұстаймыз. Жаңа ғимаратты қажетті құрал-жабдықтармен, көліктермен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету ғана емес, балалардың өмір сүруіне жайлы және қауіпсіз жағдай жасау маңызды. Ал Алматыдан Қонаевқа қалай келіп-кетеміз деген қызметкерлер үшін сол жерде арнайы жатып істейтін бөлмелер қарастырылады», – деді Салтанат Беспаева.

    Сонымен, Алматыдағы №1 балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтін болды. Бұл туралы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен және Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездескен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да хабарлады.

    Ол балалар үйінің тәрбиеленушілері мен Алматы облысының әкімімен өткен кездесудің қорытындысы бойынша келесі ақпаратпен бөлісті:

    – Баганашылдағы балалар үйінде тұрып жатқан балалар осы үйде қала береді;
    – Жаңа ғимарат Нүсіпбаев атындағы интернаттың балаларына беріледі (бұған дейін ол жерде жағдайдың өте нашар екенін және балаларға тиісті жағдай жасалмағанын жазған едім);
    – Жаңа ғимараттың бір корпусын Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына береді, ол жерге облыстың барлық ауданынан келген балалар қабылданады, осылайша оларды қалаға тасудың қажеті болмайды, – деді ол.

    Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесу барысында: «Балалар Алматыда қалғысы келетіндерін айтты, өйткені жаңа ортаға бейімделу және әлеуметтік ортадан ажырау олардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Бұл фактор шешім қабылдауда басты назарға алынды. Сондықтан қалада білім алып жүрген тәрбиеленушілер өздеріне үйреншікті ортада оқуын жалғастырады, ал жаңадан қабылданатын балалар Қонаев қаласына орналастырылады», – деді облыс әкімі.

    Айта кетейік, 240 орынға есептелген жаңа балалар үйінің ауданы 4000 шаршы метр. Онда жайлы тұрғын бөлмелер, оқу сыныптары және демалыс аймақтары қарастырылған. Жақын маңда 900 орындық мектеп орналасқан, ал балаларды тасымалдау үшін арнайы автобус бөлінеді. Кешеннің ашылуы жаз айларына жоспарланған. Бұдан бөлек, жаңа ғимараттың бір бөлігі инфрақұрылымдық мәселелерге тап болған Нүсіпбаев атындағы интернатқа беріледі.