Метка: 25 қазан – Республика күні

  • Қонаев қалалық кітапханасында TikTok аймақ ашылды

    Қонаев қалалық кітапханасында TikTok аймақ ашылды

    Мұнда жас оқырмандарға арналған жаңа балалар бөлімі ашылды. Заманауи талаптарға сай безендірілген бұл кеңістік балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін дамытуды мақсат етеді.

    Жаңа бөлімнің ерекшелігі – жастар арасында кең тараған TikTok платформасына арналған арнайы бұрыштың болуы. Бұл аймақ жас оқырмандарға өз шығармашылығын дамытуға, қызықты бейнероликтер түсіріп, кітап әлемін жаңа форматта насихаттауға мүмкіндік береді.

    Бүгінде кітапхана қорында 10 мыңға жуық кітап бар. Мұндағы көркем әдебиет, энциклопедиялар мен заманауи балалар әдебиеті үлгілері өскелең ұрпақтың рухани дамуына серпін бермек.

    Кітапхананың басшысы Айгүл Ақтанованың айтуынша, жаңа бөлімнің ашылуы – уақыт талабынан туған шешім.

    «Жыл сайынғы 10 мың оқырманның шамамен 35 пайызын балалар құрайды. Соңғы жылдары балалар бөлімін ашу қажеттілігі айқын байқалды. Модернизациядан кейін бізге қосымша 8 штат берілді, соның үшеуін балалар бөліміне бөлдік. Басты мақсат – жас оқырмандардың сұранысын қанағаттандырып, олардың еркін әрі қызықты ортада дамуына жағдай жасау», – деді ол.

    Ашылу салтанатына «Балдырған» журналының бас редакторы, мәслихат депутаттары және Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы қатысып, жаңа бастаманың маңыздылығын атап өтті.

    Жаңа балалар бөлімі – Қонаев қаласының мәдени өміріндегі маңызды жаңалық. Ол жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық әлеуетін ашуға жол ашпақ.

  • Тәуелсіздікке бастау болған күн

    Тәуелсіздікке бастау болған күн

    25 қазан – еліміз үшін ерекше тарихи күн: дәл осы күні, 1990 жылы, ҚазССР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі дамуының бірегей жолы басталған еді. Биыл осы құжаттың қабылданғанына 35 жыл толып отыр.
    •«Қазақстан Республикасы — өз жерінде толық билікке ие мемлекет» деген ұстаным бекітілді, территориялық тұтастық пен заң үстемдігі принциптері жарияланды.
    •Табиғи ресурстар, жер, су, ғылым-техника-экономикалық әлеует елдің меншігі ретінде танылды, бұл дербес даму үшін заңды негіз болды.
    •Құжат мемлекеттік тілдің, ұлттық мәдениеттің өрлеуін, өзара достық пен татулықты басты міндеттер қатарына қойып, халықтық ықпал-қатысуды күшейтуді көздеді.
    •Декларация қабылданғаннан кейін бір жылдан соң, 1991 жылдың 16 желтоқсанында – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланды.
    Декларацияның алғашқы сөйлемдерінде:
    Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Жоғарғы Советi
          Қазақстан халқының еркiн бiлдiре отырып,
          Республиканың барлық азаматтары үшiн лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып,
          Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бiрiншi дәрежелi мiндет деп санай отырып,
          Жалпыға бiрдей адам праволары декларациясын және ұлттардың өзiн-өзi еркiн билеу правосын тани отырып,
          қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып,
          iзгiлiктi демократиялық праволық мемлекеттi құруға бел байлауды негiзге ала отырып,
          Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының мемлекеттiк егемендiгiн жариялайды және Егемендік туралы Декларацияны қабылдайды — деп көрсетілген.
    Бұл құжат – жай ғана заңдық акт емес, Қазақстанның тәуелсіздікке бет бұрған тарихи шешімі, ел болмысының баға жетпес негізі. 35 жыл ішінде жасалған прогресс, қоғамдағы өзгерістер, әлемдік деңгейдегі орны – осы декларацияның арқасы.
    25 Қазан – Республика күні құтты болсын!
  • Егемендік құрдастары: Тәуелсіз елмен бірге түлеген ұрпақ

    Егемендік құрдастары: Тәуелсіз елмен бірге түлеген ұрпақ

    Елімізде 25 қазан – Республика күні мерекесі тойланады. Бұл дата – тәуелсіздіктің бастауы саналатын Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданған күн. Биыл осы маңызды тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл толып отыр.

    Егемендікпен қатар есейген буын бүгінде еліміздің түрлі саласында еңбек етіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосуда. Солардың қатарында Қонаев қаласының тұрғындары да бар.

    Гузаль Абдулова 8 жылдан бері Қонаев қаласының көпсалалы ауруханасында акушер-гинеколог болып қызмет етуде. Ол күн сайын жаңа өмірдің бастауына куә болып, ана мен сәбилердің амандығына жауап береді.

    «Республика күнін ерекше сезіммен қарсы аламын. 1990 жылдың 25 қазанында Декларация қабылданды. Сол жылы дүниеге келдім. Бұл – ел тәуелсіздігінің іргесі қаланған маңызды дата. 35 жылдан бері Қазақстан түрлі қиындықтардан өтіп, жетістіктерге жетті. Әр сәби ашық аспан астында дүниеге келіп жатыр. Мұның өзі барша жұртқа – бақыт. Ендеше, еліміз мәңгілік болсын!» – деді дәрігер.

    Ал Серік Ордабаев 10 жыл бойы қоғамдық тәртіптің, жол қауіпсіздігінің сақталуына үлес қосып келеді. Ол Отанына адал қызмет етуді азаматтық борышы деп есептейді. Қонаев қаласы Патрульдік полиция қызметі инспекторының да жасы 35-ті алқымдаған.

    «Мен үшін «егемендік» ұғымы отбасымның амандығымен үндеседі. Отансыз адам – ормансыз бұлбұл. Жұбайым екеуміз елімізбен бірге өсіп, өніп келеміз. Тәуелсіздік ұрпақтарын тәрбиелеп отырмыз. Мерекемен баршаңызды құттықтаймын!» – деді аға лейтенант.

    Ғалия Можанова болса, ұрпақ тәрбиесі жолында еңбек етіп жүр.

    «Мен бойынан патриоттық пен ұлтжандылық табылатын балаларды білім нәрімен сусындатып, оларға тәрбие беріп жүргеніме қуаныштымын. Егемендік – болашаққа сенімді қадам», – деді ұстаз.

    Тәуелсіздік құрдастарының өмір жолы – елмен бірге қалыптасқан, мемлекетпен бірге кемелденген ұрпақтың бейнесі. Бүгінгі таңда олардың еңбегі мен табандылығы – тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының айғағы.