Метка: 55 жыл

  • 30 метрлік бәліш, ойын-сауық пен спорт: Қонаев қаласының 55 жылдығы тойланды

    30 метрлік бәліш, ойын-сауық пен спорт: Қонаев қаласының 55 жылдығы тойланды

    Қонаев қаласының құрылғанына биыл 55 жыл толды. Мерекені қала халқы сенбінің жаймашуақ күнінде бірге атап өтті.

    Мерекені тойлату Мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Шаһар басшысы Асхат Бердіханов қоғам қайраткері, ҚХА мүшесі Асылы Осман апамызбен, қаланың қадірлі ақсақалдарымен, тұрғындармен бірге Димаш атамыздың рухына тағзым етті.

    Кейіннен ол шаһардың экономикалық дамуына ықпал етіп отырған кәсіпорындардың көрмесін тамашалады. Көрмеге жүгері таяқшаларын өндіретін «АЯМ» ЖШС, қазақстандық антифриз брендінің негізін қалаушы «Бағашар мекен» ЖШС, құтылар шығаратын «Юнипак Шымкент» ЖШС, Қосқұдық ауылындағы кірпіш зауыты, трансформаторлар шығаратын «ПФ Электросервис» ЖШС өнімдері қойылған. Аталған өндіріс ошақтары бірнеше жыл бұрын негізі қаланып, өз кәсібін дөңгелетуде. Сондай-ақ бұл күні танымал туристік демалыс орны «Del Mare» мен көпфункционалды ойын-сауықтық кешен «ASP ARENA» басшылығы да таныстырылым жасады.

    Мерекеде балалар да назардан тыс қалған жоқ. Қала әкімі Б.Соқпақбаев атындағы орталық саябаққа барып, шеберлік сабақтарын, шоу бағдарламаны бүлдіршіндермен бірге көрді. Ол ТикТок аймаққа да ат басын бұрып, әлеуметтік желі қолданушыларына тікелей эфир арқылы сәлемдеме жолдады. Сонымен қатар жас суретшілер арт-аймақта Д.Қонаевтың портретін бояды.

    Бұдан бөлек, орталық саябақтың спорт алаңында жарыстар ұйымдастырылды. Қала жұртшылығы асық ату, қол күрес, тоғызқұмалақ сынды қазақтың ұлттық ойындары мен волейбол, футбол, үстел ойындарынан өзара сынға түсті.

    Ал орталық алаңда түрлі этномәдени орталықтардың тақырыптық шатырлары тігілді. Әртүрлі ұлт өкілдері 30 метрлік «алма бәлішін» пісіріп, халықтың бірлігі мен татулығын паш етті. Осылайыша, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мейрамға ерекше көрік сыйлады.

    Шараның ресми бөлімінде Асхат Бердіханов жиылған жұртты мерекемен құттықтады.

    «Тарихы терең Қонаев қаласының 55 жылдық мерейтойы құтты болсын! 2022 жылдың 3 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Қапшағай қаласы Алматы облысының орталығы болып бекітіліп,  атауы ресми түрде Қонаев болып өзгертілгені баршаңызға белгілі. Сол уақыттан бері қаламыздың бет-бейнесі жаңаша сипатқа ие болып, инфрақұрылымы қарқын алып келеді», − деді ол.

     

    Әкім қаланың жеткен жетістіктерімен де бөлісті.

     

    «Қала халқының саны 3,7 пайызға өсіп, бүгінгі күні 66 200  адамды құрайды. Қаламыз облыс орталығы болған сәттен бастап 312 млрд. теңге инвестиция тартылса, өнеркәсіпте 418 млрд теңгеге өнім өндірілді, ауыл шаруашылығында 135 млрд теңгеге өнім алынды. Бүгінгі күнге 3 жыл аралығында 177 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның ішінде соңғы жылдары әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 235 пәтер берілді. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табатын болады», — деді шаһар басшысы.

     

    Асхат Бердіхановтың сөзінше, бүгінде негізгі бағыт – қала инфрақұрылымын дамыту, туристік әлеуетке баса назар аударылған басты құжат – Қонаев қаласының 2027 жылға дейінгі бекітілген әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары.

     

    «Кешенді жоспар  аясында 187 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде: электрмен жабдықтау – 12, газ жүйесі – 8, жылумен жабдықтау – 6, сумен қамту және кәріз – 41, көлік инфрақұрылымы бойынша 13 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бүгінгі мерейтой еліміздің ортақ мақтанышы, облыс орталығындағы барлық саланың қарқынды дамуының нақты көрінісі деп білемін. Ортақ қуаныш құтты болсын! Еліміздің береке, бірлігі артып, рухани күшті елдердің қатарында болуға тілектеспін», — деді әкім.

     

    Сонымен қатар шаһар басшысы Қонаевтың дамуына елеулі үлес қосып, қоғамдық өміріне белсене қатысып жүрген азаматтар мен ұжымдарды марапаттады.

     

    Баспагер Вагиф Гаджиев болса, қалалық кітапханаға Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы туралы құнды кітапты тарту етті. Естеліктер мен деректер 2,5 жыл жинақталып, 8 келі етіп басылған. Әлемге тек 500 данамен таратылған.

     

    Концерттік бағдарлама бойынша Қонаевтың тарихынан сыр шертетін қойылым қойылып, ән мен биден шашу шашылып, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Әуе шары аспанда қалықтап, той-думанның шырайын кіргізді.

     

    «Мереке кең көлемде аталып өтуде. Қуаныштымыз! Той-тойға ұлассын! 55 жылдық мерейтой құтты болсын! Қаламыз көркейіп, дами берсін!»  — деді тұрғын Меруерт Сағитова.

     

    Ал кешкі бағдарламада Мирас Жүгінісов пен бірнеше танымал қазақстандық топтар өнер көрсетеді. Конкурстар ойнатылып, сыйлықтар таратылады. Мереке отшашумен өз мәресіне жетеді.

     

     

     

     

     

  • Александр Чжен: Қаламен бірге өткен 55 жылдық еңбек жолы

    Александр Чжен: Қаламен бірге өткен 55 жылдық еңбек жолы

    Қонаев қаласының тарихы – оны салған алғашқы құрылысшылардың тағдырымен тығыз байланысты.

    Солардың бірі – Александр Чжен. Ол 1970 жылдың шілдесінде Қапшағай ГЭС-інің құрылысына жас маман болып келіп, содан бері өмірін де, еңбегін де осы шаһарға арнады. Бүгінде оның еңбек өтілі – 55 жыл. Бұл сан қала тарихымен үндесіп, Конаевтың 55 жылдығымен тоғысып отыр.

    Қала іргесі Іле өзеніне салынған ГЭС құрылысына байланысты қаланды. Дәл осы жерде алғашқы шағынаудандар, жолдар, әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтерді. Жас маман атанған Александр Чжен елдегі ең ірі құрылыстың бел ортасында жүрді. Араға бір жыл салып, 1970 жылдың желтоқсанында Қапшағай ГЭС-інің алғашқы екі агрегаты іске қосылды. Бұл – еліміздің энергетикасындағы тарихи оқиға болды.

    Алайда оның еңбегі тек энергетика саласымен шектелмеді. Александр Чжен қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да белсене қатысты. Әсіресе фарфор зауытында бас директордың орынбасары болып еңбек еткен жылдары кәсіпорын есебінен тұрғын үйлер салынып, ондаған отбасы қоныс тапты.

    Қиын кезеңдер де болды. Бір кездері зауытта ірі өрт шығып, өндіріс тоқыраудың алдында тұрды. Бірақ Александр Чженнің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында кәсіпорын аз уақыт ішінде қайта қалпына келтіріліп, жұмысын жалғастырды. Бұл оқиға оның қайсарлығы мен кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі болды.

    «Біз жас едік. Болашақты саламыз деген сеніммен еңбек еттік. Әрбір кірпіш, әрбір тақтайша – біздің жанымыздың бір бөлшегі», – деп еске алады Александр.

    Бүгінгі күні, Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында, оның еңбек жолы ерекше мәнге ие. Қалаға деген адалдығы, кәсібіне деген беріктігі – кейінгі буынға үлгі боларлық өнеге.

    55 жыл бұрын басталған еңбек жолы мен бүгінгі Қонаев қаласының мерейлі мерекесі – егіз ұғым іспетті. Қала дамып, жаңара түсті. Осы еңбектің жемісін бүгінде мыңдаған тұрғын көріп отыр.

    Қойшыманов пен Алматы көшелерінің қиылысында орнатылған «Алғашқы құрылысшылар» ескерткіші – өткенге тағзым мен ұрпақтар сабақтастығының белгісі.

    «Қазір қаламыз өркендеп келеді. Жаңа мектептер, жолдар, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Жастарға айтарым – құрылысшы мамандығы қашанда қадірлі. Біз тұрғызған дүниелерді келер ұрпақ пайдаланады», – дейді ардагер құрылысшы.

    Қонаевтың 55 жылдығына орай Александр Чжен барша қала тұрғындарын құттықтады.

    «Біз алғашқылардың бірі болып осы қаланың іргетасын қаладық. Сол үшін қуанамын, мақтанамын. Енді қаламыздың әр шаңырағында шаттық пен береке орнасын. Алда Қонаевты одан әрі көркею, жаңа белестер күтіп тұр!» – деді ол сөзін қорытындылап.

  • Қонаев қаласының 55 жылдығы 6 күн қатарынан атап өтіледі

    Қонаев қаласының 55 жылдығы 6 күн қатарынан атап өтіледі

    Мерекелік бағдарлама алты күнге жалғасады. 22-27 қыркүйек аралығында қала тұрғындары мен қонақтары мәдени, спорттық, танымдық іс-шараларға қатысып, ерекше мерекелік атмосфераны сезінетін болады.

    27 қыркүйектегі бағдарлама сағат 11.00-ден 21.00-ге дейін жалғасады. Гала-концерт аясында ұзындығы 30 метр болатын алма бәліші дайындалады. «Алма бәліші» фестиваліне түрлі ұлт өкілдері қатысады. Бұл шараның негізгі мақсаты – бір шаңырақ астында, бір дастарқан басында дәм бөлісіп отырған халықтың ынтымағын көрсету. Яғни, «бір нанды бөлісіп жеген» дәстүріміз бүгінгі күнде бейбіт өміріміздің, береке-бірлігіміздің айқын көрінісіне айналмақ.

    Б.Соқпақбаев атындағы орталық саябақта балаларға арналған тегін ойын алаңдары, сурет көрмелері, фото-аймақтар, TikTok алаңдары мен түрлі инсталляциялар орнатылады. Қала кәсіпкерлері өз өнімдерін таныстырып, жергілікті өндіріс әлеуетін көрсетеді.

    Сондай-ақ, мерекелік театрландырылған қойылымда қала тарихы сахналанып, әсерлі мотошеру ұйымдастырылады. Ардагерлер құрметтеліп, шомылу маусымының қорытындысы және «Таза аула» байқауының жеңімпаздары марапатталады.

    Кештің басты сахнасына қазақстандық жұлдыз Мирас Жүгінісов пен Bellucci тобы шығып, мерекелік концертті отшашу түйіндейді.

    6 күндік жоспар келесідей:

    Мәдени іс-шаралар
    22 қыркүйек сағат 18.00-де – «Қонаев әуендері» концерттік ансамблінің тұсаукесері (Мәдениет үйі)
    25-27 қыркүйек – тегін кино көрсетілімдер («Шағала» кинотеатры, Б.Соқпақбаев ат.орталық саябақ)
    27 қыркүйек сағат 11.00-21.00 – Қала күнінің қорытынды гала-концерті

    Спорттық іс-шаралар
    23 қыркүйек сағат 9.00 — «Qonaev 55» атты ересектер арасында шағын футболдан қала әкімінің кубогі
    25 қыркүйек сағат 9.00 – баскетболдан қала әкімінің кубогі (Кроссфит алаңы)

    Танымдық іс-шаралар
    22-27 қыркүйек – барлық білім ошақтарында «Менің қалам – жарқын болашақтың есігі» атты ашық сабақтар
    23 қыркүйек – Қапшағай ГЭС-те ашық есік күні
    24 қыркүйек – ҚР ҚК десанттық-шабуылдау бригадасы әскери бөлімінің ашық есік күні
    26 қыркүйек – «Kitap fest» фестивалі (қалалық кітапхана)

    Жаңа нысандардың ашылуы

    23 қыркүйек – қалалық кітапханада «Қонаев қаласының тарихы» бұрышы ашылады
    «Отбасы банк» АҚ-ның Алматы облысындағы қосыны өз жұмысын бастайды
    26 қыркүйек – «Selfie zone» сквері қолданысқа беріледі (Қойшыманов к.)

    Аталғандардан бөлек, 25 қыркүйекте «Таза қала – таза сана» тазалық акциясы өтеді. Қайырымдылық іс-шаралары да ұйымдастырылады. Ал 27 қыркүйек күні Қала күніне орай, қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетеді