Метка: абаттандыру

  • Президент сынына ұшырадық, жағажайларды абаттандыру кезең-кезңімен жүзеге асады – Қонаев әкімі

    Президент сынына ұшырадық, жағажайларды абаттандыру кезең-кезңімен жүзеге асады – Қонаев әкімі

    Қонаев қаласы мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Онда Шеңгелді ауылдық округінің әкімі Мақсат Жазиевтің есебі тыңдалып, бірқатар мәселелер талқыланып, қала әкімі Асхат Бердіханов депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

    Жергілікті мәслихат депутаты Алмагүл Қамбарова жағажайларды абаттандыру, Шеңгелдідегі сорғы станцияларында шомылу түйткілін көтерді.

    «Сорғы станцияларында шомылуға болмайды. Ол үшін арнайы орындар белгіленген. Сол аумақтарда қауіпсіздікке біз жауап бере алмаймыз. Барлығы жеке меншік қолында. Станцияларды жағажай ретінде қарастыра алмаймыз», — деді шаһар басшысы.

    Асхат Бердіханов жағажайлардағы қауіпсіздік, демалысқа қолайлы жағдай жасау туралы Президенттің айтқан сынын еске алды.

    «Өздеріңізге мәлім, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөл, Қапшағай су қоймасы жағалаулары жайында сын айтты. Қазір осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Бұған дейін хабарлағанымыздай, жағажайларды абаттандыру жүзеге асырылады. Оның ішінде «Алматы демалыс аймағы» да бар. Бұл жерге шомылу маусымында 320 мың адам демалуға келген. Мұнда 34 демалыс орны, 1 шақырымнан астам коммуналдық жағажай орналасқан. Коммуналдық жағажайды жалға алып, жыл сайын 37 кәсіпкер қызмет етеді. Биыл осы 1 шақырым аумақты абаттандыру көзделуде», — деді қала әкімі.

    Сонымен қатар ол қауіпсіз туристік маусым құру бойынша да атап өтті.
    «Қауіпсіздік бойынша айтсақ, биыл құтқарушыларды наурыз айынан бастап оқытамыз деп жоспарлап отырмыз. Кәсіпкерлердің басын қосып, түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізілуде», — деді Асхат Бердіханов.

    Айта кетейік, бұған дейін №6 және №7 жағажайлар абаттандырылатынын жазғанбыз. Қонаевта 10 коммуналдық жағажай орналасқан.

  • Қонаев тұрғындары абаттандыру жұмыстарына оң бағасын берді

    Қонаев тұрғындары абаттандыру жұмыстарына оң бағасын берді

    Ол бұрындары шаң-тозаңнан арылмаған аула қазірде жаңа келбетке енгенін айтып, абаттандыру жұмыстарына оң бағасын берді.

    «Бұл алаң салынбай тұрғанда балаларды ойнауға үйдің артындағы аулаға жіберетінбіз. Әрдайым сақ болып, олардың қауіпсіздігіне алаңдап отыратынбыз. Биыл мұнда воркаут және балалар алаңы тұрғызылып, қуанып қалдық. Өте сапалы жасалған. Жабдықтары да заманауи. Ойнауға, кешкі уақытта демалып отыруға өте ыңғайлы», — деді ол.

    Қонаевта дәл осындай тағы да 14 аумақ абаттандырылуда. Бұл жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Тек жастар емес, аулалардың жаңартылып жатқанына қарттар да дән риза. Соның бірі – 3-шағынауданның тұрғыны Ахметжан ата.

    «Мұнда балалар доп теуіп, қарттар денешынықтырумен айналыса алады. Жасым 68-ге келсе де, спортқа жаным құмар. Енді бос уақытымызды тиімді пайдаланатын болдық. Әйелім екеумізге ұнады», — деді тұрғын.

    Айта кетейік, былтыр осы бағдарлама шеңберінде 10 аумақ абаттандырылған болатын.

  • Қонаевта 15 қоғамдық аумақ абаттандырылуда

    Қонаевта 15 қоғамдық аумақ абаттандырылуда

    Қонаев қаласында қолайлы орта құру, қоғамдық аумақтардың санын арттыру мақсатында жыл сайын «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асырылады.

    Былтыр жоба шеңберінде 10 нысан абаттандырылып, көгалдандырылса, биыл 15 нысан жаңа келбетке енуде. Олардың қатарында Қонаев, Сейфуллин, Степная көшелері мен №2 және №5 секілді бірқатар шағынаудандағы аулалар бар. Бұл аулаларда спорт, ойын, воркаут алаңдары салынып, жасыл желектер отырғызылады. Сондай-ақ көше жарығы бұрын-соңды болмаған аумақтарды жарықтандыру көзделуде. 15 нысанның құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.

    «Бұл жоба жаңа демалыс аймақтарын құру, шаһар келбетін жақсарту, ыңғайлы орта жасау мақсатында қолға алынып отыр. Тұрғындардан өтінімдер 1 ақпаннан 1 наурызға дейін қабылданып, кейіннен бірнешеуі таңдап алынды. Құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтау көзделуде», — деді ТҮКШ және ТҮИ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев.

    Айта кетейік, бұған дейін қалада жаңа сквер қолданысқа берілген болатын.

  • Қонаевта 6 шақырымнан астам жағажай абаттандырылады: туризм қарқынды дамуда

    Қонаевта 6 шақырымнан астам жағажай абаттандырылады: туризм қарқынды дамуда

    Қонаев қаласында жағалауды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Асхат Бердіхановтың мәліметінше, 6,1 шақырым жағалау аймағы кезең-кезеңімен абаттандырылады. Қазірдің өзінде №5 жағажай толық пайдалануға берілген, ал оның маңындағы 1 шақырым аумақ инвесторлар есебінен жаңартылған.

    «Былтыр 1,5 млн турист келсе, биыл шомылу маусымы аяқталмай жатып-ақ бұл көрсеткіш 860 мыңнан асты. №5 жағажайға күнделікті 1500-2000 адам, демалыс күндері 6000-ға дейін демалушы келеді», — деді әкім.

    Әкімнің айтуынша, қалған 7 жағажай №5 жағалаудың үлгісімен жаңартылады. Жобаларға инфрақұрылым, санитарлық аймақтар, жасыл желек, сәулеттік нысандар, демалыс орындары мен фудкорттар кіреді. Қауіпсіздік те назардан тыс қалмайды.

    Биыл маусым соңында №6 және №7 жағажайда құрылыс жұмыстары басталады. №8 жағажай инвестор қаржысына абаттандырылмақ.

    Сонымен қатар әкім 140-тан астам жеке демалыс аймағын біріздендіру үшін арнайы дизайн-код әзірленетінін жеткізді. Мақсат — кәсіпкерлермен бірлесе отырып, сервисті жақсартып, жағалауды эстетикалық тұрғыда үйлестіру.

    2025-2028 жылдары аралығында қалада құны 306,4 млрд теңге болатын 11 ірі инвестжоба іске асады. Қонақ үйлер, бассейндер, гольф-клубтар мен сауда нысандары салынады. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі.

    Ақпарат Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.

  • Аулаларды абаттандыру: Қонаевта 60 алаң жөнделді

    Аулаларды абаттандыру: Қонаевта 60 алаң жөнделді

    Соңғы 6 ай ішінде 60-тан астам балалар алаңы ағымдағы жөндеуден өтті. Жөндеу барысында орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, шағын сәулеттік нысандар қалпына келтірілді, сондай-ақ алаңдарға бетон төселді.

    «Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тағы 10-нан астам балалар және спорт алаңын жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар «Аулаларды абаттандыру» жобасы да жалғасын табады. 2021 жылдан бері 38 аула толық абаттандырылып, халық игілігіне берілді», – дейді Қонаев қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев.

    Оның айтуынша, тұрғындарға қолайлы орта құру тек қаланың көркін арттыру емес, балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін де маңызды қадам.

    Сондай-ақ көше жарықтарын жаңарту бағытында да жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Биыл Қарлығаш, 12А және 12Б, Гүлдер, Мостоотряд-25, Құрылысшы шағынаудандары мен Қонаев, Абай көшелерінде түнгі жарықтар орнатылып, сәндік шамдар ауыстырылады. Бұдан бөлек, тұрғындарды үздіксіз электр энергиясымен қамту мақсатында қуатты трансформаторлар ауыстырылып, жоғары кернеулі желілерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

    Айта кетейік, балалар алаңдарын жөндеу және көше жарықтарын орнатуға қатысты өтінімдер 109-Бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданып, кезең-кезеңімен іске асырылуда.