Метка: Адвокат

  • Шерзат ісі: Адвокат соттан әділет пен ең ауыр жаза талап етті

    Шерзат ісі: Адвокат соттан әділет пен ең ауыр жаза талап етті

    Талдықорғанда 16 жасар Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сотта жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сот жүйесіне, адамдық пен ар-ұятқа үн қатты.

    Ол жарыссөзін: «Сотталушылар неше жыл алса да тірі қалады, ал менің балам өлді», – деген Шерзаттың әжесінің сөзінен бастады. Адвокат күдіктілердің қансырап жатқан баланы ұруын тоқтатпағанын, бұл – адамгершілікке жатпайтын қатігездік екенін айтты.

    «90-жылдардың бандиттері мұндай болмаған», – деген Шекеев бұл істі қарапайым сот процесі емес, бүкіл әділет жүйесінің ар-ожданы сынға түскен сәт деп бағалады.

    Сөз соңында ол соттан ең ауыр жаза тағайындауды және Шерзаттың отбасына моральдық, материалдық өтемақы өндіруді сұрады.

    Сот процесінде сонымен қатар, маңызды бейнежазба дискісінің жоғалғаны, көліктегі бейнетіркегіш жазбасының жойылып, кейін қалпына келтірілгені де белгілі болды.

  • Шерзат Болаттың отбасы Айтбек Амангелді бастаған адвокаттардан бас тартты

    Шерзат Болаттың отбасы Айтбек Амангелді бастаған адвокаттардан бас тартты

    Мұны адвокат Саида Тәукелева хабарлады. Ол осы шешімге байланысты Қаржаубай Нұрымовпен ертең кездесетінін жеткізді.

    18 наурызда Айтбек Амангелді баспасөз-конференциясында Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың адвокаттардан бас тартқанын айтты.

    Айтбек Амангелді бір күн бұрын Шерзаттың туыстарымен кездескенін айтты. Кездесуде Шерзаттың әжесі Гүлбар және белгісіз бір әйел болған.

    Адвокаттар сот жақындағандықтан, жәбірленушілерді жауап алуға дайындау керек деп шешкен. Дәл сол кезде Қаржаубай Нұрымовтың адвокаттардан бас тартқаны туралы жаңалықты естіген.

    «Осы кездесуден кейін екі сағаттан соң маған Қаржаубай хабарласты. Ол біздің адвокаттардың бәрінен сенімхаттарын қайтарып алатынын айтты. Басқа адвокаттарды таппақшы. Біз бұл әрекетке реакция білдірмедік, себебі Қаржаубайдың мінезін білеміз. Не болатынын көреміз. Кейінгі күндері белгілі болған ақпараттарға қарағанда, іске бес жаңа адвокат кіріседі. Біз үшін негізгі сұрақ – бұдан кейін не болатыны», – деді ол.

    Адвокат осы уақытқа дейін істелген  жұмыстың осылай аяқталғанына реніш білдіріп, бірлесіп жұмыс істеген әріптес адвокаттарына алғыс білдірді. Сонымен қатар 60 томнан тұратын қылмыстық істі оқып шығуға аз уақыт, аз күш кетпегенін де айтты.

    «Қаржаубайдан себебін сұрағанымызда «бұл телефонмен айтыланын әңгіме емес, ертең кездесіп барлығын айтып беремін» деп қысқа қайырды. Қаржаубай 15 тәулік уақытша ұстау изоляторынан шыққан кезде ешкіммен сөйлескісі келмейтінін айтқан болатын. Біз де отбасының жанында болып өз-өзіне келіп алсын деп уақыт берген болатынбыз. 18 қаңтардан кейін Қаржаубайды бүгін көрдік. Қазіргі таңда Қаржаубайдың отбасымен білікті психологтар жұмыс жасап жатыр. Алдағы уақытта бұл істі кім алса да сәттілік тілейміз», – деп жауап берді Айтбек Амангелді.

    Істің сотта қашан қаралатыны әзірге белгісіз. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс жақын күндері сотқа берілетінін хабарлаған болатын.

    Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапты. Өткен жылдың желтоқсан айында оның ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі бейіт маңынан табылған болатын. Алдын ала болжам бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған.