Метка: АЭС

  • Қазақстандағы екінші АЭС «Мойынқұм» деп аталуы мүмкін

    Қазақстандағы екінші АЭС «Мойынқұм» деп аталуы мүмкін

    Қазақстанның атом энергетикасын дамыту жоспарында жаңа белес басталды. Атом энергиясы жөніндегі агенттік басшысы Алмасадам Сәтқалиев елімізде салынуы тиіс екінші атом электр станциясының жұмыс атауы «Мойынқұм» деп белгіленгенін мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, бұл атау нысанның географиялық орналасуына байланысты таңдалған. Екінші АЭС Алматы облысының аумағында бой көтереді деп жоспарлануда.

    Жобаны жүзеге асыру үшін әлеуетті серіктестер де анықталып жатыр. Қазіргі таңда бұл бағытта қытайлық CNNC консорциумы басымдықты серіктес ретінде қарастырылуда. Бұл қадам Қазақстанның энергетикалық тапшылықты жоюға және экологиялық таза энергия көздеріне көшуге деген ұмтылысын көрсетеді. Мамандардың пікірінше, екінші АЭС-тің салынуы оңтүстік өңірлердегі электр энергиясының тұрақтылығын қамтамасыз етпек. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен қауіпсіздік стандарттары пысықталу үстінде.

  • «Балқаш» АЭС атауы анықталды

    «Балқаш» АЭС атауы анықталды

    Қазақстанда салынып жатқан атом электр станциясына атау беру конкурсы өз мәресіне жетті. 16 жастан асқан 27 157 қазақстандық өз нұсқаларын жіберді. Sona.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

    Ең көп ұсынылған атау — «Балқаш», оны 882 адам таңдаған. Бұл нұсқа финалдық рейтингте бірінші орынды иеленді.

    Министрліктің мәлімдеуінше, атау аймақтың географиялық ерекшелігін көрсетеді және халықаралық деңгейде де жеңіл танылатын болады. Ағылшын нұсқасы — Balkhash Nuclear Power Plant.

  • Қазақстандағы үшінші АЭС-ті Қытай салады: Скляр

    Қазақстандағы үшінші АЭС-ті Қытай салады: Скляр

    Қазақстандағы үшінші атом электр станциясын Қытай компаниясы салуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Үкіметтегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.

    Оның айтуынша, станцияны салатын мердігер компания жобалау-сметалық құжаттама (ПСД) дайын болғаннан кейін анықталады. Аталған жоба аясындағы шығын көлемі де содан кейін белгілі болмақ.

    «Үкіметаралық келісім, ынтымақтастық формасы сынды мәселелер қазіргі уақытта Ресей тарапымен келісу сатысында. Кейін бұл құжаттар Парламентке ратификацияға ұсынылады», – деді вице-премьер.

    Склярдың мәліметінше, үшінші АЭС-ті екінші станцияны салуға қатысып жатқан сол қытайлық компания жүзеге асыруы мүмкін.

    Қай өңірде салынатыны әзірге нақтыланбаған. Алайда техникалық талаптар ескерілуде.

    «Станцияның жанында тұрақты су көзі болуы қажет. Сондай-ақ, электр энергиясын таратуға арналған аймақтар белгіленуі тиіс. Бұл мәселе жақын арада шешіледі», – деді Роман Скляр.

  • Қазақстандағы алғашқы АЭС 14 млрд долларға түсуі мүмкін

    Қазақстандағы алғашқы АЭС 14 млрд долларға түсуі мүмкін

    Елімізде салынатын алғашқы атом электр станциясының құны шамамен 14 млрд доллар болуы ықтимал. Бұл туралы Қазақстанның атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Мәжіліс кулуарында айтты.

    Оның сөзінше, нақты сома техникалық-экономикалық негіздеме аясында анықталады. Қазір АЭС құрылысына қатысты ұсыныстар қабылданып жатыр, алайда олардың егжей-тегжейі әзірге құпия сақталады.

    «Конкурстық рәсімдерге қатысушы вендорлардың индикативті параметрлері бар. Бірақ бұл мәліметтер құпиялық келісіммен қорғалған. Жалпы, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай ауқымдағы станцияның құны кемінде 14 миллиард доллар болуы мүмкін», – деді Сәтқалиев.

    Айта кетейік, алғашқы АЭС Алматы облысы Жамбыл ауданында салынбақ. Бұл жобаның еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен болашағына айтарлықтай үлес қосуы күтіліп отыр.

  • Қазақстанға бір емес, үш АЭС керек – Тоқаев

    Қазақстанға бір емес, үш АЭС керек – Тоқаев

    Қазақстанда бір емес, үш атом электр стансасы салынуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда осындай ұсыныс тастады.

    Оның айтуынша, қазақстандықтар референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып берді.

    «Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді. Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін», – деп мәлімдеді Тоқаев.

    Мемлекет басшысы осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдаған.

    «Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек», – деді президент.

  • Қазақстанда алғашқы АЭС салатын өңір белгілі болды

    Қазақстанда алғашқы АЭС салатын өңір белгілі болды

    Үкімет басшысы Олжас Бектенов алғашқы атом электр стансасын салатын өңір туралы қаулыға қол қойды.

    «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 2) тармақшасына және 12-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Алматы облысының Жамбыл ауданы – «Атом электр станциясы» ядролық қондырғысы салынатын аудан туралы шешім қабылдансын, – делінген қаулыда.

    Қаулы ресми жарияланған күні қолданысқа енгізіледі.

     

  • АЭС құрылысын тездету қажет – Мемлекет басшысы

    АЭС құрылысын тездету қажет – Мемлекет басшысы

    Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында.

    Сонымен бірге, Президент Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырды.

    «Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық», – деді Мемлекет басшысы.

  • Президент Энергетика министріне АЭС құрылысын жеделдетуді тапсырды

    Президент Энергетика министріне АЭС құрылысын жеделдетуді тапсырды

    Бұл туралы Ақорда сайты жазды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрлік жұмысының негізгі қорытындылары мен еліміздегі отын-энергетика кешенін дамыту жоспары, сондай-ақ мұнай-газ және энергетика салаларындағы ірі жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде ақпарат берілді.

    Жылыту маусымының барысы және жылу-электрмен қамту бойынша ірі нысандардың жұмысы туралы баяндалды.

    Мемлекет басшысы жылыту маусымын ерекше бақылауда ұстауды және энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жобаларды іске асыруды тапсырды.

    Президент Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысын жеделдетудің маңызын атап өтті.

  • АЭС құрылысы 1,5 жылдан соң басталуы мүмкін

    АЭС құрылысы 1,5 жылдан соң басталуы мүмкін

    Елімізде салынатын атом электр станциясының құрылысы қазір басталмайды. Оған кем дегенде 1,5 жыл керек. Өйткені, Үкімет нысанды салып бастау үшін бірқатар құжат дайындау тиіс. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.

    Ол АЭС-тің құрылысы 10 жылға дейін созылуы ықтимал екенін жеткізді. Консорциум құрамында 5 мемлекет болады. Оның құрылуы мен құрамына қатысты шешім келесі жылы қабылданатынын айтты.

  • Референдум: 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

    Референдум: 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

    Бүгін елордада ТМД байқаушылары миссиясының жетекшісі Леонид Анфимов 6 қазан күні Қазақстанда өткен референдумға қатысты пікір айтты.

    «ТМД байқаушылары миссиясының сұрауы бойынша ҚР Орталық сайлау комиссиясы, Жоғарғы сот, Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратура референдум науқаны кезінде жолданған өтініштерге қатысты ақпарат берді. Олардың мәліметінше, осы уақыт аралығында заң бұзудың санаулы ғана деректері тіркелген. 24 адам республикалық референдумға қатысты сауалнама жүргізу тәртібін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық істер қозғалған жоқ. Ішкі істер министрлігі референдумға қатысты бір ғана құқық бұзу дерегін, яғни ресми деректерсіз үнпарақтар таратылғанын хабарлады», — деді Л. Анфимов ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингіде.

    Оның айтуынша, ҚР ОСК-ға негізінен анықтамалық-ақпараттық сипаттағы 66 өтініш, сауал және ұсыныс келіп түсті. Олар заңда белгіленген мерзімде қаралып, өтініш берген адамдарға тиісті жауап берілді.

    «Қазақстанда референдумды дайындау және өткізу барысында заң бұзу оқиғаларына дереу әрекет ету үшін қажет жағдайлар жасалды. 2024 жылғы 6 қазандағы референдум күні ТМД байқаушылары Қазақстанның 9 өңірінде – Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қызметін жүзеге асырып, 618 дауыс беру учаскесіне барды. Олар дауыс беру процесінің ашықтығы қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Мен өзім 10-нан астам учаскеге бардым және референдум өткізу жақсы ұйымдастырылғанына көз жеткіздім», — деді Леонид Анфимов.
    Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Орталық референдум комиссиясы дауыс берудің алдын ала  қорытындысын  шығарды.

    Осы ретте сайлау учаскелеріне барған қазақстандықтардың 71,12 пайызы референдумда АЭС құрылысын қолдап дауыс бергені айтылды.