Метка: Александр Лукашенко

  • Тоқаев жетінші рет президент болған Лукашенконы құттықтады

    Тоқаев жетінші рет президент болған Лукашенконы құттықтады

    Беларусьте өткен сайлау нәтижесі бойынша қазіргі президент Александр Лукашенко 87,6% дауыспен жеңіске жетті.

    Бұл деректер Беларусь жастар ұйымы комитетінің экзит-полл нәтижесінен алынған. Сайлауда 5 үміткер қатысқан. Либералды-демократиялық партияның жетекшісі Олег Гайдукевичке тек 1,8% сайлаушы дауыс берген, Анна Канопацкаяға – 1,6%, ал Лукашенкоға 87,6% дауыс берілген. Сергей Сыранков 2,7% дауыспен, Александр Хижняк 1,2% дауыспен, «бәріне қарсы» дегендер 5,1% көрсеткішке ие болды.

    Сауалнама 320 сайлау учаскеде жүргізілген және оған 11 948 адам қатысқан. Сайлау нәтижелері бойынша алдын ала мәлімет Орталық сайлау комиссиясы 27 қаңтар күні түнде жариялайтынын мәлімдеді. Беларусь Орталық сайлау комиссиясы сайлауға халықтың 85,7% қатысқанын жеткізді.

    70 жастағы Александр Лукашенко бұл сайлауды өзі президент болып отырып, жетінші рет өткізуде. Ол 1994 жылдан бері елді басқарып келеді.

    Ақорданың хабарлауынща, Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесіп, Беларусь президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтаған. Тараптар екіжақты күн тәртібінің, сондай-ақ өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылаған.

     

  • Александр Лукашенко 2025 жылғы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді

    Александр Лукашенко 2025 жылғы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді

    Беларусь Республикасында президенттік сайлау 2025 жылдың 26 қаңтарына белгіленді. Бұл шешімді сәрсенбі күні Беларусь Парламентінің Өкілдер палатасы қабылдады.

    Еліне 30 жылдан астам уақыт басшылық жасап келе жатқан Александр Лукашенко өзінің кандидатурасын ұсынатынын хабарлады. Бұл туралы ол Ресейдің «Россия-1» мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында айтты.

    Беларусь конституциясы оған қайтадан сайлауға қатысуға мүмкіндік береді, ал көптеген сарапшылар оның биліктен бас тартпайтынын алға тартады. Лукашенконың билігі кезінде, әсіресе 2020 жылғы тамыз айындағы сайлауынан кейін, елде үлкен наразылықтар болды. Қарсылық акцияларының қатысушылары мен оппозиция өкілдері қудаланып, олардың бір бөлігі шетелге қашуға мәжбүр болса, басқалары қамауға алынды.

    2020 жылғы сайлауда ресми мәлімет бойынша Лукашенко 80% дауыс жинаған. Алайда, Еуропалық Одақ, АҚШ және басқа да бірнеше елдер бұл нәтижені мойындаған жоқ. Сол сайлауға сондай-ақ Светлана Тихановская да қатысып, оппозиция оның көпшілік дауысты алғанын алға тартты. Тихановскаяның күйеуі, блогер және саясаткер Сергей Тихановский, Орталық сайлау комиссиясы тіркемеген соң, ол президенттікке өз кандидатурасын ұсынуға мәжбүр болған еді.