Метка: Әлем чемпионаты

  • Қазақ боксшылары Ливерпульде өткен әлем чемпионатында тарихи жеңіске жетті

    Қазақ боксшылары Ливерпульде өткен әлем чемпионатында тарихи жеңіске жетті

    Қазақстан құрамасы алғаш рет жаңа халықаралық федерация World Boxing аясында Ливерпульде өткен әлем чемпионатында командалық есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Sona.kz.

    Ұлттық құраманың еншісінде барлығы 10 медаль бар: оның ішінде 7 алтын, 1 күміс және 2 қола. Жақын бәсекелестер қатарында Өзбекстан мен Үндістан құрамалары болды.

    Әлем чемпиондары қатарында — Санжар Тәшкенбай, Махмұд және Торехан Сабырхандар, Айбек Оралбай, Алуа Балкибекова, Аида Әбикеева және Наталья Богданова. Күмісті Назым Қызайбай жеңіп алды, ал қола жүлде Виктория Графеева мен Ельдана Тәліповаға бұйырды.

    Бұл тарихи жеңістің маңызы зор: Ливерпульдегі чемпионат — Халықаралық олимпиадалық комитеттің World Boxing ұйымын ресми мойындағаннан кейін өткен алғашқы дүбірлі дода. Бұл шешімнің арқасында бокс Олимпиада ойындары бағдарламасында сақталды.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрамаға жеңісімен құттықтау жолдап, бұл жетістік Қазақстанның әлемдік спорттағы беделін нығайтатынын атап өтті.

  • Аида Әбікеева – әлем чемпионы

    Аида Әбікеева – әлем чемпионы

    Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бес бірдей боксшымыздың финалға шыққанын бұған дейін хабарлағанбыз. 63 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева ақтық санда тай боксшысы Танания Сомнуекні жеңіп, әлем чемпионы атанды.

    Естеріңізге салып өтейік, кешегі күн жүлдеге толы болды. Бұған дейін 48 келіге дейінгі салмақта Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атанса, 50 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова алтын медаль жеңіп алды.

  • Боксшы Алуа Балқыбекова Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды

    Боксшы Алуа Балқыбекова Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды

    Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында Алуа Балқыбекова топ жарды.

    Қазақстандық спортшы 50 келіге дейінгі салмақта қытайлық Ху Мэйимен қолғап түйістірді.

    Әдемі жұдырықтаса білген Алуа үш раунд барысында қарсыласына соққыларын дәл дарыта білді. Мұны төрешілер де мойындады – 5:0.

    Бұл – Алуа Балқыбекованың әлем чемпионатындағы алғашқы алтыны. Осыған дейін ол 2022 жылы күміс, 2023 жылы қола жүлде алған еді.

    Осылайша, А.Балқыбекова Қазақстан қоржынына екінші алтын медальды салды.

    Бүгін тағы үш боксшымыз алтын үшін таласады.

  • Назым Қызайбай – үш дүркін әлем чемпионы

    Назым Қызайбай – үш дүркін әлем чемпионы

    Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында Назым Қызайбай жеңімпаз атанды. Қазақстандық боксшы 48 келіге дейінгі салмақта ресейлік Юлия Чумгалаковадан үш раунд бойы айласын асырды, деп хабарлады olympic.kz.

    Төрешілер жеңісті бірауыздан Назымға берді – 5:0.

    Осылайша, Назым Қызайбай қазақстандық боксшылардан алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанып, тарихқа енді. Бұған дейін ерлер арасында да ешкім мұндай табысқа жеткен емес.

    Бұдан бұрын Назым әлем біріншілігінде 2014 және 2016 жылдары топ жарған еді. Сондай-ақ ол 2021 жылы Азия чемпионы атанып, Париж Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізді.

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық боксшы Назым Қызайбайды тарихи жеңісімен құттықтады.

    «Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін Әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік!

    Сербияда өтіп жатқан Әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін», – деп жазды Мемлекет басшысы Instagram әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында.

  • Қазақстанда 2027 жылы бокстан әлем чемпионаты өтуі мүмкін

    Қазақстанда 2027 жылы бокстан әлем чемпионаты өтуі мүмкін

    Ұлттық Олимпиадалық комитеттің мәліметінше, АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында World Boxing халықаралық бокс федерациясының Конгресі өткен. Жиын барысында Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде cаналатын 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Әлемдік ұйымның шешімі жақын арада белгілі болады.

    Қазақстан бокс федерациясы ресми түрде World Boxing ұйымының толыққанды мүшесі атанған еді. Қазақстан бұл ұйымға 52-ел болып қосылды. Сондай-ақ Өзбекстан да WB қатарына кірді. 2023 жылдың сәуірінде құрылған World Boxing құрамында қазір 55 мемлекет бар.

  • Футзал: Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты

    Футзал: Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты

    Футзалдан Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Ұлттық құрама 1/8 финалда Португалияны 1:2 есебімен жеңіп, әлемдік доданың ширек финалына жолдама алды.Тартысқа толы кездесудің 11-минутында-ақ Шыңғыс Есенаманов қарсыластардың қақпасына гол салды. Кейін португалиялықтар есепті теңестіргенімен, Дәурен Тұрсағұлов ұлттық құраманы қайта алға шығарды. Есеп 1:2. Бұған дейін Қазақстан осы жарыстың топтық кезеңінде Испания, Ливия, Жаңа Зеландия құрамаларымен кездескен еді. Енді ширек финалда Аргентина — Хорватия командалары арасындағы ойын жеңімпазымен бақ сынасады.