Метка: Әлеуметтік нысандар

  • Шығыс Қазақстанда әлеуметтік нысандардың құрылысына бөлінген қаржы жымқырылған

    Шығыс Қазақстанда әлеуметтік нысандардың құрылысына бөлінген қаржы жымқырылған

    Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігі «QazConstructions» ЖШС басшылығына қатысты 7 аудан мен елді мекендерде 11 әлеуметтік нысан салуға бөлінген қаражатты жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sona.kz ҚР ҚМА-ға сілтеме жасап.

    Күдіктілердің арасында компанияның бұрынғы директордың орынбасары бар, ол қазіргі таңда Құрчұм аудандық мәслихатының депутаты болып табылады.

    Тергеу мәліметінше, күдіктілердің заңсыз әрекеттері салдарынан төрт спорт-сауықтыру кешені мен жеті ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген.

    Жымқырылған қаражаттың жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асады. Бұл ақша аффилиирленген кәсіпорындар арқылы қолма-қол алынып, Астанадағы элиталық тұрғын үйлер, Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes көліктері мен асыл тұқымды жылқыларды сатып алуға жұмсалған. Барлық мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.

    Күдіктілердің екеуі екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.

  • Алматы облысы: Межелі уақытында тапсырылмаған нысандарға кім жауапты?

    Алматы облысы: Межелі уақытында тапсырылмаған нысандарға кім жауапты?

    Былтыр Алматы облысында 950 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, 17 ауыл газбен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 700 шақырымға жуық жол жөнделген. 

    Қонаев қаласында өткен «AMANAT» партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысында өңірде партияның сайлауалды уәделерінің жүзеге асырылу жайы талқыланды. Сонымен қатар партия өкілдері сайлауалды бағдарлама аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, былтыр өңірде нақты экономика саласында 23 жоба жүзеге асырылып, 8 мың жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ 19,4 мың орынға арналған 18 мектеп, 47 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Осылайша «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге және облыстың тұрақты дамуына бағытталғанын көрсетті.

    «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында былтыр 420 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталса, оның 90 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша соңғы екі жылда 1200-ден астам адам жеңілдетілген несие алды», – деді ол.  

    Алматы облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Ләззат Тұрлашов мәслихат депутаттарының жұмысы туралы айтты. 2024 жылы халық қалаулылары сайлауалды бағдарлама нысандарына 220-ден астам рейд жүргізіп, 450-ге жуық депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, сайлауалды бағдарламаның кей тармақтарының орындалмау себебі – қаржының жеткіліксіздігі мен кейбір мердігерлердің жауапсыздығы.

    Ал амбулаториялар немесе мектептер салу сияқты тапсырмаларды орындаудағы кідірістер жайын сөз еткен комитет төрағасының орынбасары Майра Айсина: «Меніңше, мәселе себептерде емес, нақты жауапты адамдарда, мәслихат депутаттарында. Барлық мәслихаттарда біздің партиялық фракциялар басымдыққа ие, сондықтан кез келген мәселелерді жедел шешуге және жергілікті бюджеттен қаражат бөлуге мүмкіндіктері бар. Жауапты қызметтерге кіріспес бұрын, олар өздеріне «Мен не үшін партияға кірдім, не үшін депутат болдым?» деген сұрақтарды қоюы керек. Ешкім оларды жауапкершілік алуға мәжбүрлеген жоқ!» – деді.

    Сол сияқты межелі уақытында салынбаған немесе жөнделмеген мектептер, емханалар, спорт кешендері және жолдарға кім жауапты? Мәжіліс депутаты, Комитет төрағасы Павел Казанцевтің айтуынша, жоспарлаудағы қателіктер көптеген нысандардың қаржыландырылмауына әкелген.

    «Нысандардағы туындаған мәселелер мемлекеттік органдардың, тапсырыс берушілердің және мердігерлердің қатысуымен сұрау салу, ресми хаттар және жиналыстар арқылы жедел қаралуы тиіс. Алайда қазіргі жағдай ондай емес. Кейбір депутаттар өздеріне бекітілген нысандарға мүлдем бармайды, жұмыстардың барысына қызығушылық танытпайды, кейде тіпті қай нысанның бақылауға алынғанын білмейді», – деді ол.

    Шын мәнінде, мемлекеттік нысандар құрылысының дер кезінде аяқталмауына қаржының жеткіліксіздігі мен мердігерлердің жауапсыздығы себеп пе? Сонда мұны жіті қадағалауы тиіс мәслихат депутаттары не қараған? Бәлкім, партиялық жауапкершілік мәселесін қарастыру осындайда керек шығар. Ал мұның ту басында тұрған жауапты облыс әкімі ше?  

     

  • Жетісу облысындағы Ескелді ауданында 4 әлеуметтік нысан жөнделіп, 12 жаңа нысан іске қосылады

    Жетісу облысындағы Ескелді ауданында 4 әлеуметтік нысан жөнделіп, 12 жаңа нысан іске қосылады

    Биыл Жетісу облысының Ескелді ауданында 4 мектеп пен балабақшаға жөндеу жүргізілді, сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы 12 жаңа нысанды іске қосу жоспарлануда. Оның 5-і пайдалануға берілді, қалған 6-ын желтоқсан айының соңына дейін іске қосу көзделген. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды.

    М. Мәметова атындағы және Қоңыр ауылындағы орта мектептер мен М. Баисов ауылындағы балабақша күрделі жөндеуден өтті, ал Алдабергенов ауылындағы балабақшаға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қаблиса жырау атындағы және Қайнарлы ауылындағы орта мектептерге автобус пен «Газель» автокөлігі сатып алынды. Аудандағы 11 мектептің кітапханасы жаңартылды.

    – Халықтың өтінішін ескере келе, Ешкіөлмес және Жаңалық ауылдарында 180 және 120 орынды екі жаңа мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Мемлекеттік сараптама қорытындысы жыл соңына дейін шығады деп күтілуде. Ал Қарабұлақ ауылындағы орта мектеп пен Елтай ауылындағы С. Сейфуллин атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Бюджетті нақтылау кезінде бұл екі жобаға да тиісті қаражат қарастырылады. Сонымен қатар аудандағы білім беру мекемелерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қарабұлақ ауылындағы Шестаков атындағы мектеп бюджет қаражаты есебінен, ал Сырымбет ауылындағы Жақыпбаев атындағы мектеп демеуші көмегімен газға қосылды, – деп атап өтті Б. Исабаев.

    Денсаулық сақтау мәселесіне келсек, саланың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл Екпінді және Жаңалық ауылдарында 2 блокты-модульді медициналық пункт орнатылды, Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақешкі ауылында да іске қосылады. Сол сияқты «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда 5 нысан салынады. Соның ішінде Шымырдағы дәрігерлік амбулатория мен М.Баисов ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы осы айда аяқталса, осындай нысандар Жастар, Қайнарлы, Жалғызағаш ауылдарында келесі жылы салынады. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы ауданның 8 ауылында жақсарады.

    Мәдениет саласы да назардан тыс қалмайды. «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында Қаратал ауылында 100 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, Қоңыр және Жалғызағаш ауылдарында блокты-модульді клуб қолданысқа берілді. Тағы бір клуб Ақын Сара ауылында келесі аптада іске қосылады.

    Спорт саласында Елтай, Шымыр, Жетісу ауылдарында 3 блокты-модульды спорттық кешенінің құрылысы жүргізілуде, Тәуелсіздік күні қарсаңында қолданысқа беріледі.

    Жалпы, 2022-2024 жылдары ауданға инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға, қайта жаңғыртуға және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 25,9 млрд теңге бөлінген.