Метка: алимент

  • Алматыда алимент төлеуден жалтарғандар онлайн-платформалар арқылы табысын жасырған

    Алматыда алимент төлеуден жалтарғандар онлайн-платформалар арқылы табысын жасырған

    Алматы қаласының прокуратурасы алимент төлеуден жалтарған азаматтардың табысын онлайн-платформалар арқылы жасырған фактілерін анықтағанын хабарлады. Ведомство дерегінше, 2025 жылы осындай 110 жағдай тіркелген, деп хабарлайды Sona.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

    Прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған тұлғалар ресми түрде жұмыссыз ретінде есепте тұрғанымен, цифрлық платформалар арқылы табыс тапқан.

    Тексеру нәтижесінде 57 адамға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. Тағы 10 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.

    Ведомство өкілдері онлайн-сервистер арқылы алынатын табыстардың ашық болмауы алимент бойынша берешектің жасырын қалыптасуына ықпал еткенін атап өтті.

    Мәселені жүйелі түрде шешу үшін Алматы қаласының прокуратурасы цифрлық платформалардың бірімен ынтымақтастық туралы келісім жасасты.

    Келісім заңды негізде ақпарат алмасуды көздейді және табысты жасыру деректерін анықтауға, алимент бойынша қарыздардың алдын алуға бағытталған.

    Прокуратура алимент міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс қолданыстағы заңнама аясында жалғасатынын мәлімдеді.

  • «Активтерін үлкен ұлының атына жазып жіберген»: Назым Қахарман экс-күйеуі Бишімбаевпен тағы соттасты

    «Активтерін үлкен ұлының атына жазып жіберген»: Назым Қахарман экс-күйеуі Бишімбаевпен тағы соттасты

    Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қахарман алимент төлеуге қатысты өткен сот процестері туралы айтты. Бұл туралы  Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап хабарлайды.

    Оның айтуынша, Жоғарғы сот Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы шағымды қараудан бас тартқаннан кейін, 24 жылға сотталған бұрынғы күйеуі алимент мөлшерін азайту туралы талап арызбен сотқа жүгінген.

    Сот талқылауы барысында Қуандық Бишімбаевтың кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеу мүмкіндігі кемінде алдағы 15 жыл бойы сақталатыны дәлелденген.

    «Өз активтерін жасыру үшін ол сотқа дейін мүлкін үлкен ұлының атына рәсімдеп үлгерген. Әрине, баласына қамқор болғаны дұрыс, бірақ кәмелетке толмаған балаларға алимент төлемеу мақсатында байлығын кәмелетке толған баласының атына жазу  дұрыс емес деп есептеймін», — деді Назым Қахарман.

    Оның сөзінше, сот шешімі оның пайдасына шыққан. Алимент мөлшерін азайту туралы талап арыз қанағаттандырылмай, Қуандық Бишімбаев бұрын бекітілген алименттік келісімге сәйкес төлем жасауды жалғастырады. Бұл шешімге қатысты апелляциялық шағым түсірілмеген.

    «Олар апелляцияға бермеді, өйткені бұл іс бойынша ол толық жеңіліске ұшырады. Алимент төлеуге шамам жоқ дейді, бірақ қымбат адвокаттарға қаражат табылып отыр», — деп атап өтті ол.

    Еске салайық, бұған дейін Назым Қахарман туған күнінде бұрынғы күйеуінен «сыйлық ретінде» екі сот арызын алғанын айтқан болатын. Қуандық Бишімбаев пен Назым Қахарманның ортақ үш баласы бар: ұлдары Мансұр (2009 ж.т.), Карим (2011 ж.т.) және қызы Рания (2013 ж.т.).

    2024 жылдың жазында Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы сот процесі басталғанымен, сот оның құқықтарын сақтап қалды. Апелляциялық сот та бұл шешімді өзгертпеді.

    Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған.

  • Алматыда казинодан 4 млн теңге ұтқан ер адам алимент төлемегені үшін бір жылға сотталды

    Алматыда казинодан 4 млн теңге ұтқан ер адам алимент төлемегені үшін бір жылға сотталды

    Алматы қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың алимент алу құқығын қорғау бағытында жұмыстарды жалғастырып жатыр. Биылғы 10 айда қаладағы 16 мың баланың пайдасына 1 млрд теңгеден астам алимент берешегі өндірілген, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq.ruhy-на сілтеме жасап.

    Тексеру барысында алимент бойынша 1,7 млн теңгеден астам қарызы бар азамат анықталды. Прокуратураның дерегінше, ол казинодан 4 млн теңгеден астам қаражат ұтқанымен, үш айдан ұзақ уақыт бойы міндеттемелерін әдейі орындамаған.

    Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен борышкер ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

    Прокуратураның бастамасымен биыл 14 адам алимент төлеуден жалтарды деген күдікпен қылмыстық жауапқа тартылған. Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша сот актілерін орындамаған 253 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

    Прокуратура ата-аналарды балалар алдындағы міндеттерін уақытылы орындауға шақырып, алимент төлеуден жалтарудың әкімшілік те, қылмыстық та жауаптылыққа алып келетінін еске салды.

  • Жетісу облысында алимент төлемеген борышкер сотталды

    Жетісу облысында алимент төлемеген борышкер сотталды

    Ақсу ауданы прокуратурасының бастамасымен азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 139 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында оның соңғы төрт жыл бойы кәмелетке толмаған балаларын қамтамасыз ету міндетін орындамағаны анықталды. Борыш көлемі 2021 жылдан бері 6,5 миллион теңгеге жеткен, деп хабарлайды Sona.kz өңір прокуратурасына сілтеме жасап.

    Сот шешімімен борышкерге бір жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

    Бұдан бөлек, ауданда тағы бір азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 139 бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Оның алимент қарызы 2,5 миллион теңгені құрайды.

    Өңірде биыл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669 бабы бойынша 172 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
    Прокуратураның қадағалау шаралары нәтижесінде балалардың пайдасына 140 миллион теңге алимент өндірілді.

    Облыс прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстың жалғасатынын атап өтті.

  • Қуандық Бишімбаев балаларына алимент төлеуден бас тартты

    Қуандық Бишімбаев балаларына алимент төлеуден бас тартты

    Оның айтуынша, ақша тұрақты түрде түспеген, ал балалардың демалысы, психологқа қаралуы және емдеу шығындары мүлдем жабылмаған.
     
    «Былтыр балалардың демалысына да, психологтың қызметтері үшін де ешқандай ақша төленбеді. Бір жарым жыл ішінде әжептәуір ақша жиналып қалды. Біз оған бірнеше рет жүгіндік. Мен төлеген барлық соманы оның адвокаты Ғазымжанов мырзаға жібердім, бірақ олар мұны елемеді. Денсаулық туралы айтпай-ақ қояйын, дәрігерге көрінгеніміз, дәрумендер, дәрі-дәрмектерге кеткен шығын жабылмады», – дейді Назым Қаһарман. 

    Назым Каһарманның айтуынша, наурыздағы алимент төленбеген. Азды-көпті төлемдер былтыр қараша-желтоқсанда ғана түсе бастаған.

    Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталған болатын.

    Сот үкімімен Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның туысы Байжанов аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталды.

  • 272 мың еркек, 11 мың әйел баласына алимент төлеуден жалтарып жүр

    272 мың еркек, 11 мың әйел баласына алимент төлеуден жалтарып жүр

    Өткен жылы баласына алимент төлемегені үшін 4,5 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты.

    – Алимент өндіру бойынша атқарушылық іс жүргізу – Әділет министрлігі тұрақты бақылауда ұстап отырған әлеуметтік маңызы бар мәселелердің бірі. Қазір өндірісте 283 мың атқарушылық іс бар. Оның ішінде борышкер ер адамдар саны 272 мың болса, әйелдер саны 11 мыңнан асады. Ондағы 16 352 іс бойынша берешек 16 млрд теңге, – деді ол.

    Ресми өкілдің айтуынша, көп жағдайда борышкерлердің алименті ай сайын жұмыс берушілердің бухгалтериясы арқылы өндіріледі. Сондықтан борышкерлерді жұмысқа орналастыру белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

    – 2023 жылы 4 238 адам жұмысқа орналастырылса, бұл көрсеткіш 2024 жылы 6 мыңнан астам адам болды. Өз міндеттерін орындамағаны үшін борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мәселен, 2024 жылы 4,5 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал ҚК 139-бабы (алимент төлеу міндеттерін орындамау) бойынша 391 адам сотталды. Сондай-ақ борышкерлердің банк шоттарына тыйым салу және уақытша шектеулер сияқты шаралар қолданылады, – деді Талғат Уәли.

    Осы ретте ол биылғы ірі көлемдегі өндіріп алулар бойынша бірер мысал келтірді. Мәселен, Астанада алимент төлемей жүрген азаматтың Mercedes-Benz S400 маркалы көлігі 23 млн теңгеге сатылды. Жамбыл облысында борышкер қарызды өтеу үшін 11 млн теңгеден астам тұратын жылжымайтын мүлкін қарызын өтеу үшін берді. Борышкерге қылмыстық іс қозғалды. Ал Алматыда 9 млн теңгеден астам қарызды өтеу үшін 2017 жылғы Hyundai Tucson автокөлігі өндіріп алушыға тапсырылды.

  • Қызылорда облысында алимент төлемеген төрт адам сотталды

    Қызылорда облысында алимент төлемеген төрт адам сотталды

    Қызылорда облысы Арал ауданында алимент төлеуден жалтарған төрт адам бас бостандығынан айырылды.

    Оларға Қылмыстық кодекстің 139-бабымен (балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) қылмыстық жауапқа тартылды.

    Алимент төлеуден жалтарғандардың жалпы қарызы 8,1 млн теңгені құрайды. Олар осы әрекеті үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

    Сонымен қатар жыл басынан 16 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8 млн теңге алимент өндірілген.

    «Сотталушылар кінәсін толығымен мойындап, Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Үкім заңды күшіне енген», — делінген прокуратура хабарламасында.

  • Депутат алимент мөлшерін айқындау тетігін қайта қарауды ұсынды

    Депутат алимент мөлшерін айқындау тетігін қайта қарауды ұсынды

    Балалардың өміріне тиісті жағдай жасау үшін алимент әрдайым жете бермейді. Сенатор Жанна Асанова осындай төлемдерді есептеу тәртібін қайта қарауды ұсынды. Сондықтан ол өзінің депутаттық сауалында осы саладағы проблеманы көтерді.

    Депутаттың айтуынша, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексте алимент бір балаға ата-ана табысының төрттен бірін құрайтыны көрсетілген. Алимент төлейтін ата-ана көбінесе іс жүзінде ең төменгі жалақыны 85 мың теңге етіп көрсетіп, кірісін төмендетіп жүреді. Нәтижесінде бір балаға алимент небәрі 22 мың теңгені құрайды.

    «Біздің еліміздегі әрбір бала тек тамақ пен киім ғана емес, сонымен қатар білім алуға, медициналық қызмет пен басқа да әлеуметтік игіліктерге қол жеткізуді қамтитын лайықты өмір сүру деңгейіне құқылы. Алимент мөлшерін анықтаудың қолданыстағы тәртібі ескірді және баланың жас ерекшелігі де ескерілмейді. Бұл балалардың толыққанды дамуына қажет ресурсқа қол жеткізе алмауына әкеледі. Қазіргі кезде еліміздің заңнамасында алименттің ең төменгі мөлшері туралы түсінік жоқ, өйткені олар алимент төлеушінің кіріс мөлшеріне қарамастан үлестік қатынаста есептеледі. Мұның бәрі өндіріп алынатын алимент мөлшерін азайту мақсатында төлеушіге өзінің нақты табысын жасыруына алып келеді», – деді Жанна Асанова Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жолдаған сауалында.

    Сонымен қатар депутат сот арқылы алимент мөлшерін өзгерту немесе оларды белгіленген мөлшерде белгілеу мүмкіндігіне қарамастан, борышкердің нақты кірісін еңбек қатынастарының ерекшелігіне байланысты дәлелдеу қиын екенін атап өтті.

    «Отбасылық жағдай мен балалар саны және олардың нақты сұранысын ескере отырып, алименттің неғұрлым әділ мөлшерін белгілеу үшін неке-отбасы заңнамасының ережелерін қайта қарау мүмкіндігін қарастыруды сұраймын. Жасына және әлеуметтік факторларға байланысты балаларға негізгі қажет заттар мен сұранысына талдау жасау керек. Алиментті төмендетудің алдын алу үшін жұмыс берушілер мен өзін өзі жұмыспен қамтығандардың кірістерді жасыруын анықтау тетігін әзірлеу керек», – деді Жанна Асанова.

  • Жамбыл облысында алимент бойынша тергеп-тексеру басталды

    Жамбыл облысында алимент бойынша тергеп-тексеру басталды

    Жамбыл облысының прокурорлары алимент бойынша борышкерге
    қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

    Тараз қаласының прокуратурасы талдау аясында 2019 жылдан бері дәлелді себептерсіз 4 млн теңгеден астам алимент берешегін төлемеген борышкерді анықтады. Сот шешімін тиісінше орындамағаны үшін борышкер бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

    «09.09.2024 жылы осы факті бойынша қала прокуратурасы ҚК-нің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. 2024 жылдың өткен кезеңінде қала прокуратурасы 30 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартып, 41 млн теңге көлемінде алимент берешегін өндірді», — делінген Жамбыл облысы прокуратурасының хабарламасында.

    Прокуратура алимент төлеуден жалтарған борышкерлерге ҚК-нің 139-бабына сәйкес 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.

  • Астанада 150 тұрғынға құмар ойын ойнауға тыйым салынды

    Астанада 150 тұрғынға құмар ойын ойнауға тыйым салынды

    Астана қаласының 150 тұрғынына құмар ойынға қатысуға тыйым салынды. Олар балаларына алимент төлеудің орнына ақшасын ойынға салған. Қалалық прокуратураның ақпаратынша олардың балалары алдындағы жалпы қарызы 350 млн теңгеге жетіпті. Тіпті төленбеген алиментінің соммасы 2,5 млн теңгеге жеткен әкенің құмар ойындағы айналым ақшасы 80 млн теңге екені анықталды. Осылайша сот орындаушылары 150 адамға құмар ойынға қатысуға тыйым салды.