Метка: Аманат партиясы

  • Алматы облысы: Межелі уақытында тапсырылмаған нысандарға кім жауапты?

    Алматы облысы: Межелі уақытында тапсырылмаған нысандарға кім жауапты?

    Былтыр Алматы облысында 950 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, 17 ауыл газбен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 700 шақырымға жуық жол жөнделген. 

    Қонаев қаласында өткен «AMANAT» партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысында өңірде партияның сайлауалды уәделерінің жүзеге асырылу жайы талқыланды. Сонымен қатар партия өкілдері сайлауалды бағдарлама аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, былтыр өңірде нақты экономика саласында 23 жоба жүзеге асырылып, 8 мың жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ 19,4 мың орынға арналған 18 мектеп, 47 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Осылайша «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге және облыстың тұрақты дамуына бағытталғанын көрсетті.

    «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында былтыр 420 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталса, оның 90 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша соңғы екі жылда 1200-ден астам адам жеңілдетілген несие алды», – деді ол.  

    Алматы облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Ләззат Тұрлашов мәслихат депутаттарының жұмысы туралы айтты. 2024 жылы халық қалаулылары сайлауалды бағдарлама нысандарына 220-ден астам рейд жүргізіп, 450-ге жуық депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, сайлауалды бағдарламаның кей тармақтарының орындалмау себебі – қаржының жеткіліксіздігі мен кейбір мердігерлердің жауапсыздығы.

    Ал амбулаториялар немесе мектептер салу сияқты тапсырмаларды орындаудағы кідірістер жайын сөз еткен комитет төрағасының орынбасары Майра Айсина: «Меніңше, мәселе себептерде емес, нақты жауапты адамдарда, мәслихат депутаттарында. Барлық мәслихаттарда біздің партиялық фракциялар басымдыққа ие, сондықтан кез келген мәселелерді жедел шешуге және жергілікті бюджеттен қаражат бөлуге мүмкіндіктері бар. Жауапты қызметтерге кіріспес бұрын, олар өздеріне «Мен не үшін партияға кірдім, не үшін депутат болдым?» деген сұрақтарды қоюы керек. Ешкім оларды жауапкершілік алуға мәжбүрлеген жоқ!» – деді.

    Сол сияқты межелі уақытында салынбаған немесе жөнделмеген мектептер, емханалар, спорт кешендері және жолдарға кім жауапты? Мәжіліс депутаты, Комитет төрағасы Павел Казанцевтің айтуынша, жоспарлаудағы қателіктер көптеген нысандардың қаржыландырылмауына әкелген.

    «Нысандардағы туындаған мәселелер мемлекеттік органдардың, тапсырыс берушілердің және мердігерлердің қатысуымен сұрау салу, ресми хаттар және жиналыстар арқылы жедел қаралуы тиіс. Алайда қазіргі жағдай ондай емес. Кейбір депутаттар өздеріне бекітілген нысандарға мүлдем бармайды, жұмыстардың барысына қызығушылық танытпайды, кейде тіпті қай нысанның бақылауға алынғанын білмейді», – деді ол.

    Шын мәнінде, мемлекеттік нысандар құрылысының дер кезінде аяқталмауына қаржының жеткіліксіздігі мен мердігерлердің жауапсыздығы себеп пе? Сонда мұны жіті қадағалауы тиіс мәслихат депутаттары не қараған? Бәлкім, партиялық жауапкершілік мәселесін қарастыру осындайда керек шығар. Ал мұның ту басында тұрған жауапты облыс әкімі ше?  

     

  • Ауылға баратын дәрігерлерге 393 мың теңге жәрдемақы беріледі

    Ауылға баратын дәрігерлерге 393 мың теңге жәрдемақы беріледі

    Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова Байзақ ауданы Қызыл Жұлдыз ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты, деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметі.

    Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 60 адамға арналған медициналық мекеме «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған. Мұнда 3 дәрігер, 13 орта медицина қызметкері және бір психолог жұмыс істейді. Аталған амбулатория ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді.

    Гүлдара Нұрымова ауылдағы дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін ауылды жерлерге көшіп келген мамандарға 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы төленетінін атап өтті. Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заңға енгізілген бұл норма «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған.

    «Мемлекет денсаулық сақтау саласына үнемі ерекше көңіл бөледі. Биыл дәрігерлерді қорғауға, олардың мәртебесін көтеруге бағытталған сапалы жаңа заң күшіне енді. Бірқатар әлеуметтік кепілдіктер енгізіліп, құқықтық қорғау күшейтілді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдарда медицина қызметкерлерінің балаларына бірінші кезекте орын беріледі, басы артық есеп беру мәселесі қысқартылады, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігі сақтандырылады және басқа да өзгерістер бар. Медициналық жоғары оқу орындарының жас түлектері олардың көмегі адамдарға шынымен де қажет екенін және мемлекет тарапынан жасалатын қолдау шаралары дәл осыған бағытталғанын анық түсінуге тиіс», – деді депутат.  

    Айта кетейік, былтыр Жамбыл облысында партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында 20 медициналық нысан пайдалануға беріліп, екі емханаға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. 18 бірлік медициналық диагностикалық техника (томографтар, УДЗ аппараттары және т.б.), 38 санитарлық көлік сатып алынды. Бұл қадамдар ерте диагностиканы жақсартуға, жедел жәрдем жұмысының сапасын және ауылды жерлерде медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.