Метка: Амур жолбарысы

  • Министрлік тұран жолбарысын көбейту үшін 1 млрд теңгеден астам қаржы сұрады

    Министрлік тұран жолбарысын көбейту үшін 1 млрд теңгеден астам қаржы сұрады

    Экология министрлігі тұран жолбарыстарын көбейтуге жағдай жасау мақсатында 1,1 миллиард теңгеден астам қаржы сұрады.

    Министрлік қаржы жолбарыстарға қажетті жағдай жасауға және Ұлытау тау массивінің табиғи әрі тарихи-мәдени орындарын сақтау үшін қажет деп көрсеткен. 2025 жыл үшін 778 726 000 теңге, ал 2026 жылға 370 148 000 теңге сұраған.

    2010 жылы Қазақстан елде жолбарыс тұқымдарын қайта жандандыру идеясын қолдады. Осы мақсатпен 2024 жылы Қазақстанға Нидерландыдан амур жолбарыстары жеткізілді. БҰҰ қолдауымен «Іле-Балқаш» табиғи қорығында жолбарыстарға арналған вольер орталығы құрылып, қазір олар сол жерде өмір сүруде.

    Министрлік мәліметінше, амур және тұран жолбарыстары жеке түрлер емес. Қазақстанға жеткізілген жолбарыстар аумақтық белгі бойынша автоматты түрде тұран популяцияның бөлігі болып саналады.

    Қазіргі уақытта «Іле-Балқаш» табиғи қорығында екі жолбарыс – Богдан мен Кума өмір сүріп жатыр. Биыл Ресейден жабайы табиғаттан тағы үш-төрт жолбарыс әкелу жоспарланған.

     

  • Келер жылы Қазақстан Ресейден 4 жолбарыс әкеледі

    Келер жылы Қазақстан Ресейден 4 жолбарыс әкеледі

    2025 жылы Қазақстанда жолбарыстар саны көбейеді. Еліміз көрші Ресейден тағы төрт жолбарыс әкелуді жоспарлап отыр.

    Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биыл Тұран жолбарысын тарихи мекенінде қалпына келтіру бойынша үлкен жоба басталғанын атап өтті.

    Жолбарыстарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жөніндегі бағдарламаны іске асыру аясында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты (2018/415 мың га) құрылған. Жолбарыстың табиғи азық қорын қайта қалпына келтіру үшін 2018-2024 жылдар аралығында резерват аумағына 205 бас тоғай бұғысы әкелінген,  100-ден астам құланды қоныс аудару жұмыстары жүргізілді, еліктер мен қабандар популяциясы көбейтілді.

    «Осы жылы күзде Іле-Балқаш резерватында арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді.  2025 жылы Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарысты алып келу күтілуде. Әкелінген жолбарыстардың тұқымдары Қазақстан аумағында 70 жылдан кейін қайта пайда болған алғашқы жабайы жолбарыстар болады деп үміттенеміз», — деді Нысанбаев Үкімет отырысында.

    Министр құландар популяциясын қалпына келтіру жөніндегі бағдарлама аясында оларды «Іле-Балқаш» және «Алтын Дала» резерваттарына қоныс аудару жұмысы сәтті аяқталғанын айтты. Қазақстан аумағында толығымен жойылып кеткен құланның саны 1950-1960 жылдары Түркіменстаннан әкелінген 14 құланның негізінде бүгінгі күні 4493 басқа жеткен

  • Тынышбай Досымбеков: Тағы төрт жолбарыс әкелу жоспарда бар

    Тынышбай Досымбеков: Тағы төрт жолбарыс әкелу жоспарда бар

     Өткен аптаның басты жаңалығы – Нидерландыдан екі амур жолбарысының келуі болды. 2017 жылы еліміз бен WWF International (Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры) арасындағы меморандум нәтижесінде арнайы бағдарлама түзілді. Мұның аясында алаңы 415 мың гектар жерді қамтитын «Іле-Балқаш» резерватын құру, оңтүстік Балқаш маңы экожүйесін қалпына келтіру қолға алынды. Sona.kz тілшісі Іле-Балқаш табиғи резерватында аумақтық сарапшы Тынышбай Досымбековті аз-кем әңгімеге тартты.

    –  Тынышбай мырза, «Іле-Балқаш» резерватын құру жұмысының басы-қасында жүргеніңізді білеміз. Бұл идея қашан туындады? 

    – Өзім Балқаш ауданының тумасымын. Осы ауданның алғашқы әкімімін. Біз Балқаш ауданынан ерекше қорғалатын аймақ ашу мәселесін 2008 жылдан бері көтеруге атсалыстық. Неге десеңіз, бұл жаққа демалыс күндері Алматы қаласынан келімді-кетімді қонақ көп. Сенсеңіз, шамамен 500-дей джип көліктері ағылады. Жанашырлық танытқан ауыл азаматтары «Ештеңе қалмайтын болды. Балықты да сүзіп әкетіп жатыр. Аң-құсты да атады. От жағады, өртейді. Тіпті, Іленің бойында бос орын болмайды» деп айтып жүрді. Содан кейін аудан әкімдігі экологиялық пост қойды. Бірақ оған бағынып жатқан адам жоқ. Әрбірден кейін лауазымды азаматтардың өзі тоқтамай өте шығады екен. Содан ерекше қорғалатын аймақ жасайық деген ұйғарымға келдік.

    2014 жылы Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тұрғанда 417 мың га жерді қоршап қойдық. Оған дейін арнайы мекеме қорықты қай жерден ашуға болатынын зерттеуге кірісті. Сөйтіп, Балқаш көлінің батыс жағынан 86 мың га, шығыс жағынан 365 мың га, жалпы аумағы 417 мың га жерді белгіледік. Енді резерватты ашуға әреккеттенгенде «жолбарыс әкеледі екен» дегенді естіген аудан халқы қарсы болып, Президент әкімшілігіне дейін хат жазған еді. Оның үстіне зоологтар да «Көшуге дайындалыңдар!» депті жұртты дүрліктірген.

    Экология және табиғи ресурстар министрлігі

    Қазіргі кезде Балқаш ауданында 29 мың халық тұрады. 3 млн 700 мың га жері бар. Алматы облысы жерінің 35 пайызы Балқаш ауданына тиесілі. Содан кейін 2015 жылы қорықтан зейнетке шығып, осында келіп Бақанас, Қараойға барып түсіндіру жұмысын жүргіздік. «Темір қазып, көмір өндіріп жатқан жоқсыңдар. Бұл жердің табиғи байлығы жетеді. 400-ден астам табиғи биоәртүрліліктің түрі бар. Бұл жерден теміржол өтпейді. Нағыз қолайлы жер. Ертең шаруашылық қайта қалпына келіп, ел жұмысқа тұрады. Туристер келіп, тіршілік пайда болады» дедім. Олар да «Бізге сіз сияқты ешкім түсіндірмеді. Жолбарыс әкеледі, ертең жеп қояды. Көшіңдер!» деді. Біз неге кетеміз? Керісінше, ерекше қорғалатын аймақты ашқандарыңызға ризамыз» деді. Содан не керек, 2018 жылы резерват ашылды. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) бөлімшесі жұмыс істейді. Ал табиғи резерват мемлекеттік меншікке бағынышты мекеме ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды. Директорын сайладық. Қараойдан бір бөлімшесін аштық. Өтетін жолдарға бекініс қойылды.

    – Ал амур жолбарысын елге әкелу жоспары қалай жүзеге асты?

    – 2010 жылы жабайы жануарлардың дүниежүзілік қорының Санкт-Петербург қаласындағы бөлімшесі жиналыс өткізіп, Ресейден Қазақстанға амур жолбарысын беру туралы келісімшартқа қол қойған. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) тығыз ынтымақтастықтың арқа­сын­да екі Амур жолбарысы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи ре­зер­ватына Нидерландтағы «Свя­того льва» жабайы жануарларды сақтау орталығынан жеткізілді. Бұл – тұран жолбарысын қалпына келтірудің алғышарты. Бір әңгімеде тұран жолбарысы 1939 жылы атылған дейді, енді бірі 1946 жылы Балқаш көлінің маңынан ізі көрінгенін айтады. Оның анық-қанығын ешкім білмейді. Бірақ тұран жолбарысының соңғы тұяғы 1978 жылы немістің зообағында өліп, содан жойылған деген дерек те бар. Сонымен не керек, «Екі жолбарысты қайда апарамыз?» дегенде, Балқаш ауданының Іле жағасы таңдалды. Өйткені, басқа жерде халық көп, өндіріс орындары жұмыс істейді.

     

    – Білуімізше, бұл екі жолбарыстың жерсініп кетуіне бір жылдай уақыт кетеді екен. Оның тамағы, күтімі де мамандардың қадағалауын қажет ететін шығар.

    – Резерватқа жеткізілген Богдана мен Кума атты Амур жолбарыстары арнайы зообақта, қолға үйренген. Оны Дүниежүзілік жабайы табиғат қорындағы зообағы бар меценат сыйға берген. Еркегі – 13 жаста, ұрғашысы – 9 жаста. Жолбарыс тұратын жер жасау үшін 10 га жер қоршалып, бес бөлікке бөлінді. Мамандар арнайы монитор арқылы қадағалап, көзден таса қылмайды.

    Күніне жейтін 4 келі етті Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры әкеп береді. Алдағы уақытта тағы 4 жолбарыс әкелу жоспарда бар. Өзіміз алдыңғы жылы 60 құлан апардық. Биыл қазан айының соңына дейін 35 құлан жеткізіледі. Одан бөлек тоғай бұғысы 260-қа жетті. Жабайы шошқа қой сияқты жайылып жүр.

    Демек, Тұран жолбарысының Амур жолбарысынан соншалықты айырмашылығы жоқ. Сондықтан амур жолбарысы мекен еткен табиғаты, климат белдеуі бізге сәйкес келеді. Басты мақсат – Орталық Азияда жойылып бара жатқан жыртқыш-тұран жолбарысын қалпына келтіру. Кейін олардың шөнжігін табиғатқа жі­беріп, көбейте аламыз.

    «Іле-Балқаш» резерваты аймақтың экотуризмін дамытуға таптырмас мүмкіндік пе?

    – Жалпы, биоэкономикалық негіздеме деген болады. Соны жасағанда резерватқа 2 млрд 242 млн қаржы құйылып, Қараойдан әкімшілік ғимарат, бизнес орталық, демалыс орны ашылуы тиіс. Одан бөлек ауыр техника мен көліктік базасы қалыптасады. Сондай-ақ, 169 адам жұмыспен қамтылады деген есеп болған. Қазір мұнда 64 адам жұмыс істейді. Жаз маусымында 100-ге жуықтайды.

    Өзім БҰҰ-ның Даму бағдарламасы (БҰҰДБ)  аясында жұмыс істеймін. Қазір БҰҰДБ қамқорлық жасап резерватқа қажетті техниканы, дүрбі, квадрацикл көлігін алып берді. Бұл үкіметтен тыс беріліп жатқан көмек. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) экотуризмді дамыту үшін ауыл адамдарына шағын несие берді. Қазір БҰҰДБ тарапынан 130 метр тереңдіктегі су ұңғымасын қазылды. Бітеліп қалған Қара Бақанас өзегін тазалау бойынша құжат экспертизада жатыр. Сметасы дайын. Егер жасалса, Іленің Қара Бақанас  тармағы ашылып, үлкен оазис пайда болады.

    Екінші, Балқаш ауданында туризмді дамыту. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, алдағы уақытта кэмпинг, тікұшақ, ұшақ қонатын жолақ салынады, су шығатын ұңғыма қазылады. Қараойда әкімшілік ғимарат салынса, Бақанаспен ортадағы жол жөнделеді. Оған 1 млрд 150 млн теңге бөлінеді делінді. Одан бөлек мамандарды даярлап, интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінде болады.

    – Әңгімеңізге рақмет! 

  • Нидерландыдан әкелінген екі жолбарыс табиғи қорыққа жіберілді

    Нидерландыдан әкелінген екі жолбарыс табиғи қорыққа жіберілді

    Бүгін екі жолбарыс Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи қорығына жіберілді.

    Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі жолбарыстарды елге әкелу туралы келіссөз жүргізілді. Дәлірегінде, 27 маусымда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті голландиялық Stichting Leeuw орталығымен келісімге қол қойды. «Жолбарыстардың Қазақстанға оралуы маңызды экологиялық жоба ғана емес, сонымен қатар табиғат сыйлаған мұрагы қалпына келтіруге деген ұмтылыстың белгісі», – делінген-ді хабарламада.

    Редакция дереккөзінің хабарлауынша, 2024 жылдың 21-22 қыркүйегінде Қазақстанға Нидерландыдан екі Амур жолбарысын жеткізу сирек кездесетін жыртқыштардың популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы аясында жүзеге асты.

    Халықаралық экологиялық ұйымдармен бірлесіп  атқарылған жоба нәтижесінде жолбарыстар Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи қорығына қоныстанады. Бұл екі жыртқыш тұқымы ауасы салқын, қысы суық мекенде қыстауға жақсы бейімделген.

    Айта кету керек, Қазақстанда Амур жолбарыстарының популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы 2010 жылы басталған. Ал алғашқы жолбарыстарды 2025 жылға қарай табиғатқа шығару жоспарланған.

     

     

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

     

    Публикация от SONA.KZ — НОВОСТИ КАЗАХСТАНА (@sonanews.kz)