Метка: анасы

  • Жамбыл облысында әйел екі баласын бесінші қабаттың терезесінен лақтырған

    Жамбыл облысында әйел екі баласын бесінші қабаттың терезесінен лақтырған

    Жамбыл облысында екі кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Оқиға Тараз қаласындағы Төле би даңғылы бойында орналасқан жатақханалардың бірінде болған.

    Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 36 жастағы әйел өз үйінде бола отырып, 2021 жылы туған қызын және 2023 жылы туған ұлын бесінші қабаттың терезесінен әдейі лақтырып жіберген.

    Балалар тірі қалып, жедел түрде Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап, «политравма» диагнозын қойған. Қазіргі уақытта балалар жансақтау бөлімінде жатыр.

    Оқиғаға дейін әйел мен оның жұбайы арасында жанжал болған. Жанжалдан кейін ер адам үйден шығып кеткен.

    Тергеу барысында әйелдің соңғы жылдары қатты бас ауруларына шағымданып жүргені анықталған.

    Алдын ала деректерге сәйкес, әйел қатты эмоционалдық күйде бола отырып, алдымен қызын, кейін ұлын терезеден лақтырған. Кейін өзі де секіруге әрекеттенген, алайда соңғы сәтте тоқтаған.

    Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қосымша ақпарат бойынша, күдіктінің жұбайы бұрын психиатриялық есепте тұрған.

  • Полиция қол қусырып отыр: Ақнәр Хамиттің анасы істі Астанаға ауыстыруды талап етті

    Полиция қол қусырып отыр: Ақнәр Хамиттің анасы істі Астанаға ауыстыруды талап етті

    Алматыдағы тұрғын үй кешенінде жетінші қабаттан құлап қаза тапқан 22 жастағы Ақнәр Хамиттің өліміне қатысты тергеу әлі де аяқталған жоқ. Марқұмның анасы Гүлстан Хамит елордада өткен брифингте істегі бірқатар жаңа мәліметтерді жариялап, тергеудің әділ жүргізіліп жатқанына күмән келтірді.

    Оның айтуынша, оқиғаға қатысы бар деп күдікке ілінген екі қыз әлі күнге дейін бостандықта жүр. Анасының пайымынша, Ақнәр физикалық қысымға ұшырап, кейін балконнан лақтырылуы мүмкін. Соған қарамастан, тергеу ісі «өзіне қол жұмсау» нұсқасына қарай бұрылып бара жатыр.

    Маңызды айғақтардың жойылғаны айтылды
    Гүлстан Хамит оқиға орнынан бірқатар маңызды айғақ алынбағанын хабарлады. Ақнәрдің жеке заттары жоғалып, он күн бойы куәгер Дидардың енесінің үйінде сақталған. Марқұмның сынған тырнағы да табылмаған.

    Оқиға болған күні пәтерде клининг жасалғаны, үйді жинаған қызметкерлердің «есірткі шөбі табылғанын» айтқаны да жария етілді.

    Куәгердің бір жылдан кейін байланысқа шыққаны мәлім болды
    Ақнәрдің құрбысы Дидар марқұмның анасына бір жыл өткен соң хабарласып, болған жағдайды айтып берген. Гүлстан Хамиттің сөзінше, күдікке ілінген қыздар оқиға кезінде де, жедел жәрдем келген сәтте де белсенді әрекет жасамаған, ал Ақнәр ауруханада жатқанда келмеген.

    Адвокат тергеудің бағытына күмәнданады
    Марқұмның адвокаты Инга Иманбай қылмыс болғанын дәлелдейтін айғақтар жеткілікті екенін айтады. Соған қарамастан, іс ҚК-нің 105-бабы («Өзіне қол жұмсау») және «өлімге итермелеу» бойынша тергеліп жатыр. Адвокат бұны істі әдейі басқа арнаға бұру деп есептейді.

    Гүлстан Хамит істі Алматыдан Астанаға ауыстыруды талап етті. Егер нәтиже болмаса, халықаралық ұйымдарға шағымданатынын мәлімдеді.

  • Павлодарда терезеден лақтырылған баланың жағдайы тұрақты

    Павлодарда терезеден лақтырылған баланың жағдайы тұрақты

    Sona.kz Kazinform дерегіне сілтеме жасап хабарлайды, Павлодар облыстық балалар ауруханасы бесінші қабаттан құлап жарақат алған 7 жастағы баланың жағдайы туралы мәлімет берді.

    Дәрігерлердің айтуынша, бала травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оған жамбас сүйегінің сынуына байланысты қатаң төсектік режим тағайындалған. Жағдайы — орташа ауыр, бірақ тұрақты. Баланың қасында ауруханада жақын туыстарының бірі бар.

    Павлодар қалалық №1 ауруханасында оның анасының жағдайы туралы да мәлімет берілді. Әйел адам политравма бөліміне ауыстырылды. Жағдайы — орташа ауыр, тұрақты.

    ? Еске салайық, 30 шілде күні сағат 13:00 шамасында Павлодар қаласында әйел адам бесінші қабаттағы терезеден екі баласын лақтырып, кейін өзі де секіріп кеткен.

    Сол күні кіші баланың бүйрегі алынған, операция кезінде жүрегі тоқтаған, бірақ дәрігерлер баланы реанимациялаған.

    Алайда 1 тамыз күні кешке баланың жүрегі қайта тоқтап, қайтыс болды.

    Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.