Метка: Ақтау қаласы

  • Димаш Құдайберген жанкүйерінің арманын орындады

    Димаш Құдайберген жанкүйерінің арманын орындады

    Кеше Ақтау қаласында өткен «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» концертінде Димаш Құдайбергеннің әндерін жан-тәнімен қосыла шырқаған көрермен желіде көптің жүрегін елжіретті. Концерттен соң, Димаш Құдайберген ақтаулық 23 жастағы жанкүйерімен арнайы кездесті. 

    Димаш Құдайберген оның қолдауына алғысын айтып, қолынан алды. Естелік болсын деп білезігін сыйға тартты.

    «Сенің бейнежазбаңды көрдім. Шығар алдында көріп қалдым. Ағаларыма рахмет, бір өтінішімді жерге қалдырмай, іздестіріп тауып берген. Рахмет саған, шығармашылығыма болысып жүргеніңе», – деді Димаш Құдайберген. 

    Арбада отырған жігіт бала күнінен Димаштың әнін тыңдағанын, жүздесуді армандағанын айтты.

    «Бүгін – менің өмірімдегі бақытты күндерімнің бірі. Бұрын Димашты сахнадан, телеарнадан ғана көрсем, енді жақыннан көріп тұрмын. Арманым орындалды», – деп ағынан жарылды ол.

  • Ақтау мектебінде жылу батареясы жарылды

    Ақтау мектебінде жылу батареясы жарылды

    Бірінші ауысымдағы үзіліс кезінде бірнеше кабинетте жылыту батареялары жарылып кеткені белгілі болды. 

    Ақтау қаласындағы мектептердің бірінде бірнеше кабинетте жарылған жылыту батареялары балаларға қауіп төндірді. Оқушылар оқиғаға байланысты үйлеріне жіберілді. Ешкім зардап шеккен жоқ, деп мәлімдеді білім басқармасы.

    «Балалар бірден үйлеріне жіберілді. Мектеп әкімшілігі жөндеу жұмыскерлерін шақырды, ақау жойылды. Оқушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ», деп хабарлады білім басқармасы.

    Маңғыстау облысының білім басқармасы оқиғаның 14 қарашада Ақтау қаласының 8-шағын ауданындағы №8 мектепте болғанын хабарлады.

  • Теракт жасамақ болған ақтаулық 18 жылға сотталды

    Теракт жасамақ болған ақтаулық 18 жылға сотталды

    19 қазанда теракт жасамақ болған және терроризмді насихаттаған Ақтау тұрғынына қатысты үкім заңды күшіне енді.

    Ақтау қалалық соты оған 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

    Сотталушының зорлық-зомбылық әрекетін жасау үшін жарылғыш құрылғыны, соның ішінде зақымдайтын элементтер жасауға қажетті компоненттер болттар мен шегелерді сатып алғаны анықталды. Шабуыл нысаны ретінде Маңғыстау облысының мемлекеттік мекемелерінің ғимаратын таңдап, фото және видеоға түсіру арқылы жергілікті жерді зерттеген, – делінген ҰҚК хабарламасында.

    Айта кетсек, сотталған адам бұрын кісі өлтіргені үшін сотты болған.