Метка: Ақтаудағы ұшақ апаты

  • Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқандарға арнап мемориалды тақта орнатылды

    Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқандарға арнап мемориалды тақта орнатылды

    Ақтау маңында құлаған ұшақ апатына байланысты Әзербайжанда қаза тапқан экипаж мүшелері мен жолаушыларды еске алу рәсімі өтті. Бұл туралы Azertag.az басылымы хабарлайды.

    Әзербайжандық альпинистер ұшақ апатында қаза тапқан батырлардың есімдері жазылған мемориалды тақтаны «Хыналық және көшпенділер жолы» мемлекеттік тарихи-мәдени-этнографиялық қорығының аумағына орнатты.

    Онда экипаж мүшелерінің аты-жөні – Игорь Кшнякин, Александр Кальянинов және Окюма Алиева жазылған, сондай-ақ «Қайтыс болған экипаж мүшелері мен жолаушыларды еске алуға арналған» деген жазуы бар.

    Айта кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшқан Әзербайжан әуе жолдарының Embraer 190 ұшағы Ақтау әуежайынан үш шақырым жерде апатқа ұшыраған болатын.

  • Ақтаудағы ұшақ апаты: Ресей Әзербайжанға өтемақы төледі

    Ақтаудағы ұшақ апаты: Ресей Әзербайжанға өтемақы төледі

    Өткен жылдың желтоқсан айында болған Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты ресейлік сақтандыру компаниясы Azal әуекомпаниясының Embraer 190 ұшағы үшін өтемақыны толығымен төледі, деп хабарлайды Malim.kz. 

    Сондай-ақ ресейлік компания мерт болған және аман қалған жолаушыларға төлем төлеуді бастады. Бұл туралы компания бас директорының авиациялық және ғарыштық сақтандыру жөніндегі орынбасары Илья Кабачник мәлімдеді. 

    Ұшақ үшін төлем ақпан айында толық көлемде жасалды, – деді ол.

    Алайда өтемақы мөлшері қанша болғаны айтылмады. Сарапшылардың пікірінше, бұл шамамен 25-30 миллион доллар болуы мүмкін

  • Әзербайжан ұшақ апаты бойынша Ресейді сотқа бермек

    Әзербайжан ұшақ апаты бойынша Ресейді сотқа бермек

    Әзербайжан Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатына байланысты Ресейді халықаралық сотқа бермекші. Бұл туралы Әзербайжанның «АПА» ақпарат агенттігі хабарлады.

    Әзербайжан билігі Қазақстанның көлік министрлігі ұшақ апаты жайлы алдын ала есепті жарияланғаннан кейін де Ресей тарапының оқиғаға «біржақты пікір беруді» жалғастырып жатқанына наразы.

    Баку «ресейлік шенеуніктер, сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары оқиғаға Ресейдің қатысы бар екенін жоққа шығаруды жалғастырып, кінәні экипаждың мойнына ілгісі келіп отыр» деп есептейді. Биліктің пікірінше, Ресейдің мұндай тактикасы 2014 жылы ресейлік «Бук» зенит-зымыран кешені Донбасс аспанында атып құлатқан малайзиялық Boeing 777 жолаушы ұшағы апатын еске түсіреді.

    AZAL ұшағына қатысты бұйрық берген және оны атқан адамдар, сондай-ақ қару түрі туралы ақпарат Әзербайжан билігінде бар деп жазды «АПА» агенттігі. Әзербайжан тарапын Мәскеудің «тергеуді басқа бағытқа бұруға және кінәні экипажға артуға» деген талпынысы қынжылтады дейді басылым.

    Ресми Баку «Ресеймен диалогқа есік ашық. Мәскеу кінәсін ашық мойындап, жауапкершілікті мойнына алуы керек», – деді.

  • Ақтауда құлаған ұшақ ішінде қандай тосын жағдай болған?

    Ақтауда құлаған ұшақ ішінде қандай тосын жағдай болған?

    Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer-190 ұшағымен болған оқиғаны тергеу туралы алдын ала есебі белгілі болды. Құжатта көрсетілгендей, «Azerbaijan Airlines» ұшағы Грозный әуежайына екі рет қона алмағандықтан Бакуге оралуды ұйғарған.

    Ұшақ апатына байланысты 53 беттік есепте мыналар жазылған:

    Ұшаққа бірінші соққы сағат 05:13:31-де тіркелген.

    Ұшаққа екінші соққы сағат 05:13:56-да тіркеледі.

    Сағат 05:14:58-де ұшқыш жағдайды анықтау үшін бортсерікке хабарласып, не болғанын сұрайды.

    Ұшқыш:

    – Алло, не болды?

    Бортсерік:

    – Екі орындық жарылды, мен… жаныңызға бара алмаймын, өйткені жолаушылар тұрып кетті, мен оларды отырғызып жатырмын.

    «Azerbaijan Airlines» ұшағы Бакуге оралуды ұйғарып, артынша Ақтауға ұшқан.

    Ұшқыш әуелі Баку мен Махачкаланың ауа райын сұраған, сосын Бакуге бет алмақ болады.

    Кейін Ақтаудағы ауа райын сұрайды. Қолайлы болған соң, сағат 05:42:40-та Ақтауға ұшады.

    Ұшақ 06:02:47-де Ақтау әуежайымен байланысады.

    Сағат 06:27:58-де ұшақ жерге құлайды.

  • Ақтаудағы ұшақ апаты: тергеу қорытындысы қашан жарияланады?

    Ақтаудағы ұшақ апаты: тергеу қорытындысы қашан жарияланады?

    Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баспасөз мәслихатында айтты. Ол қара жәшіктердегі жазбаның көшірмелері Ресей мен Әзербайжанда екенін алға тартты.

    «Қара жәшік бойынша нақтылап өтсем деймін. Ешқандай залал келмеген, ештеңе жоғалған жоқ. Жазбалар оқылды. Барлық мәліметтің көшірмелері Ресей мен Әзербайжанға берілді. Біз жасыратын ештеңе жоқ», – деді вице-премьер Бозымбаев.

    Естеріңізге сала кетейік, Әзербайжанның Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі Embraer жолаушы ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласынан 30 шақырым апатқа ұшыраған еді.

  • AZAL ұшағы апаты: РФ Тергеу комитеті сараптама тағайындады

    AZAL ұшағы апаты: РФ Тергеу комитеті сараптама тағайындады

    Диспетчерлік қызмет, әуе қозғалысын ұйымдастыру жүйесі және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі лауазымды тұлғаларының әрекетін бағалау үшін кешенді ұйымдастыру-техникалық сот-медициналық сараптама комиссиясы тағайындалды. Бұл туралы РФ Тергеу комитеті мәлім етті.

    – Ресейдің Тергеу комитеті 2024 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасының аумағында 39 адамның қаза болуына және 28 адамның денсаулығына зиян келтірілуіне (РФ ҚК 263-бабы) әкелген «Әзербайжан әуе желілері» әуе компаниясының Embraer-E190 ұшағының апатқа ұшырауы бойынша қылмыстық істі тергеу амалдарын жалғастырып отыр, – делінген РФ ТК ресми өкілі С. Петренконың мәлімдемесінде.

    Атап көрсетілгендей, тергеу Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасының құзырлы органдарымен әрекеттестік орнатқан. Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандарымен бірлесе отырып Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығында (SENIPA) ұшақтың өздігінен жазғыш құралындағы деректер зерттелу үстінде.

    Грозный, Махачкала және Минеральные воды диспетчерлері мен әуе кемесінің командирі арасындағы әңгімелер талданып жатыр. Кешенді авиациялық-техникалық сараптама тағайындалды. Әуе кемесінің барлық жүйелерінің жағдайы, сондай-ақ заттай айғақтар зерттеліп жатыр.

    Тергеу қайғылы оқиғаның себептеріне қатысты барлық ықтимал нұсқаларды қарастырады.

    Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау қаласына жақын жерде AZAL-ға тиесілі және Баку-Грозный рейсін орындаған жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортындағы 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалды.

  • Ақтау маңында құлаған ұшақтың «қара жәшігі» Бразилиядан Қазақстанға жеткізілді

    Ақтау маңында құлаған ұшақтың «қара жәшігі» Бразилиядан Қазақстанға жеткізілді

    Қазақстанға келген борттағы өздігінен жазғыштың шифрланған деректерін мамандар зерттеп жатыр, – деп хабарлады ведомстводан.

    Сондай-ақ, Көлік министрлігінен әуе апатын тергеу жөніндегі комиссиясы ИКАО-ның 13-қосымшасының стандарттары мен ұсынылған практикасына сәйкес барлық факті мен материалды егжей-тегжейлі зерделегеннен кейін алдын ала есеп жариялайтынын жеткізді. Онда тергеу барысы туралы анықталған нақты ақпарат ұсынылады.

    Еске сала кетейік, Қазақстан борттағы өздігінен жазғыш құралдарды Бразилияға жіберген еді.

  • Ақтаудағы ұшақ апаты: көмекке асыққан адамдар мемлекеттік марапат алды

    Ақтаудағы ұшақ апаты: көмекке асыққан адамдар мемлекеттік марапат алды

    2024 жылдың 25 қаңтары күні таңертең Ақтау маңында Әзербайжанның ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапқан болатын. Бүгін Маңғыстау облысының әкімі  Нұрдәулет Қилыбай президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына орай, осы апат кезінде көмекке асыққан адамдарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

    Сонымен:

    Байтөре Олжас Серікбайұлы  – № 12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі-құтқарушысы,

    Оңғар Серіболат Айтмұханбетұлы  – № 12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі,

    Сәркенов Мәрлен Бегендікұлы  – № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

    Ал, мына қызметкерлер:

    Аллабергенов Қожабек Сапарұлы  – «Апаттар медицинасы орталығы» ММ Маңғыстау облысы бойынша филиалының көлік жүргізушісі-санитары,

    Бағытов Манас Машрықұлы  – Жедел құтқару жасағының құтқарушысы,

    Естемес Әлішер Нұржанұлы  – «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемесінің екінші пилоты,

    Құдабаев Асхат Құдайбергенұлы – «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемесінің командирі

    Құбайдуллаев Заманбек Мұратұлы  –  Апаттар медицинасы орталығы филиалының фельдшері,

    Оразбеков Оспан Жалғасынұлы  –  Апаттар медицинасы орталығы филиалының дәрігері «Ерлігі үшін» медалмен марапатталды.

    Бұдан өзге «Апаттар медицинасы орталығы» филиалының психологы Есен Жан Байкенқызы «Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталды.

  • Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың эксклюзив кадрлары пайда болды

    Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың эксклюзив кадрлары пайда болды

    Әзербайжандық Anewz басылымы Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың эксклюзив кадрларын жариялады.

    Басылым мәліметінше, үкіметтік дереккөздердің айтуынша, алдын ала тергеулер ұшақты Грозныйға жақындап келе жатқанда ресейлік «Пантсир-S» зениттік-зымырандық жүйесі соққан деп болжап отыр.

    Айта кетейік, 25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.

  • Ақтаудағы ұшақ апатын таспаға түсірген блогер бостандыққа шықты

    Ақтаудағы ұшақ апатын таспаға түсірген блогер бостандыққа шықты

    Маңғыстау облысында жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаевты сот әкімшілік іспен қамаған еді. Блогер жаңа жылды қамауда қарсы алып, бостандыққа шықты.

    Бостандыққа шыққанын суретін Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желіде көрсетті.

    – Ер адамның басынан не өтпейді!? Үйден 150 шақырым алыста 10 күн оқшау жатып, басымнан осы ой кетпеді. Шынымды айтсам, осылай болғанына да қуандым. Шыңдалдым, мықтырақ болып, өз ұстанымым бекемделе түсті, – деп жазды блогер.

    Полицияның ұстауына блогердің ұшақ апаты болған жерде рұқсатсыз фото, видео түсірілім жүргізгені, яғни әкімшілік құқық бұзғаны себеп болған.