Метка: ардагер

  • Базарбай Оралбаев, Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

    Базарбай Оралбаев, Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан жыл сайынғы маңызды қадамдарды көрсетіп, ел дамуына негізделген жұмыстарды жүктейтін Жолдауын зор ықыласпен тыңдағандардың қатарында болдым. Мемлекет басшысының осы жолғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы цифрлы трансформация мен әлеуметтік жаңғыруды үйлестіре отырып, еліміздің болашағын айқындайтыны сөзсіз. Цифрландыру халыққа қызметті қолжетімді ету үшін керек болса, жасанды интеллект өмірді жеңілдету үшін қажет.
    Елді үш жыл ішінде толық цифрлы мемлекетке айналдыру міндеті қойылуының уақыт талабынан туындап отырғаны анық. Бұл еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам болмақ. Қасым-Жомарт Кемелұлының жасанды интеллект саласына арнайы министрлік құру туралы бастамасы елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтып, инновациялық дамуға серпін беретіні сөзсіз. Сондай-ақ Цифрлық кодекс қабылданатыны – технологиялық дамудың бағытын анықтайтын стратегиялық қадам. Жасанды интеллект қазірдің өзінде медицинадан бастап білім, ауыл шаруашылығы салаларында да қолданыла бастады.
    Мемлекет басшысы Жолдауда жастарға қатысты көтерген маңызды мәселенің бірі – оқу гранттарының тиімділігі. Жыл сайын жоғары оқу орындарын бітірген жастардың көпшілігі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осы бір олқылықты жою мақсатында Президент еңбек нарығына қажет мамандықтарға ғана грант бөлуді, техникалық және жұмысшы мамандықтар мәртебесін көтеруді, түлектердің нақты жұмысқа орналасуын қадағалауды тапсырды.

  • Қонаевта ҰОС ардагеріне 5 млн. теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді

    Қонаевта ҰОС ардагеріне 5 млн. теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді

    «Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Осыған байланысты Қонаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Ұлы Отан соғысының ардагері Оксана Бетебаеваға 5 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетті», — деп жазды баспасөз қызметі.

    Әжей 1920 жылы дүниеге келген. Жолдасы екеуі қан майданда табысып, отау құрған. Өзі жаралы әскерилерді емдеп, медбике болса, күйеуі жау әскеріне қарсы соғысқан. Кейіннен Қонаев (ол кезде Қапшағай) қаласына көшіп келген. Қазір әже бала-шағасымен бірге тұрады.

    «Жеңіс күніне орай, әжеге Қонаев қаласынан пәтер кілті табысталғанын да айта кетейік», — делінген мәліметте.

    Сондай-ақ шаһарда ҰОС қатысушылардың жесірлеріне, 117 тыл еңбеккерлеріне 58980 теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Барлығы 7 431 480 теңгені құрады.

  • Қонаевта майданда медбике болған ардагер тұрады

    Қонаевта майданда медбике болған ардагер тұрады

    Әжейдің майдандағы және оған дейінгі өмір естеліктерімен қызы Нина бөлісті.

    «Анам 8 сынып тәмамдаған, кейіннен медучилищеге түсіп, аяқтаған соң, бірден соғысқа аттанған. Қасында жерлес 20 қыз болған. Елі мен жерін қимаған қыздар пойызда еңкілдеп, етектері жасқа толып, қан майданның ортасына дөп түскен», — деді қызы.

    Әжей қару алып соғыспағанымен, госпитальдағы қызметінің қиынға соққанын қызына айтыпты.

    «Фугас бомбасы ғимарат төбесіне құласа, қыздардың барлығы жиналып, оны атылып кетпеуі үшін жерге лақтырған. Бұл — басшылықтың бұйрығы еді және ол еш талқыланбайды. Жан-жақтан снарядтар ұшып жатқанда қыздар жаралы жауынгерлерді бомбадан сақтаушы жерге арқалап апарып, кейін қайта госпитальға көтерген. Сөйтіп жүрген күннің бірінде әкем Бекежан Бетебаев ауыр бас жарақатымен госпитальға түскен. Есін жинағанда қайта соғысқа аттанып, 1945 жылы анамды іздеп келіп, сол жылы отау құрған», — деді Нина.

    Мұнымен өмірдің соқпағы бітпейді. Оксана күйеуімен бірге 1948 жылы Берлинді қалпына келтіруге барған. Сол жерде ұлын босанады. 1949 жылы Панфилов ауданына көшіп келген. Сонда Бекежан мұғалім, Оксана медбике қызметін атқарған. Бұдан кейін Қапшағайға қоныс аударған. Жалпы әжей үш құрсақ көтерген. Қазірде ұрпақтары Қазақстан мен Германияда өмір сүреді.

    «Құрбы-құрдастарымен мындаға дейін араласты. Майданды қайғыра еске алады. Әлі күнге дейін жылап та қалады. Жан-жақтан қауғалаған оқ-қарудың даусы анамның жадында жатталған. Ол ең бастысы — соғыс болмағанын, ел аман, жұрт тыныш болуын тілейді», — деп қорытындылады сөзін Нина.

    Естеріңізге сала кетейік, биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Оксана әжені мерекемен құттықтаған қауым көп, алайда, бұл — майданның салған жарасын еш жазбайды. Қонаев қаласы әкімдігі тарапынан әжеге 5 млн.теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік көмек төленді.