Метка: арыстанбек мухамедиулы

  • Ыдырыс Ноғаев, адвокат:  Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялағанын өз аузымен айтты

    Ыдырыс Ноғаев, адвокат: Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялағанын өз аузымен айтты

    Күні кеше бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының әлеуметтік желідегі жеке парақшасында аштық жариялағаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда, бүгін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мұны жоққа шығарды. Кімдікі рас, кімдікі жалған? Мұны экс-министдің адвокаты Ыдырыс Ноғаевтан сұрадық.

    Ыдырыс, кеше экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы әлеуметтік желідегі парақшасында аштық жариялағанын мәлімдеген еді. Алайда, бүгін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті «Сотталушының аштық жариялауы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол тамағын ішіп жүр…» деді. Ол кісінің құқығын қорғаушы ретінде анық-қанығын білетін шығарсыз?

    – Мен кеше Арыстанбек Мұхамедиұлына барып, жолықтым. Сол кезде екеуміз ғана отырғанда: «Үш күннен бері аштық жарияладым. №1 түзеу мекемесінің басшысын да хабардар еттім», – деді. Бірақ тамақтанып жатыр ма, жоқ па, білмеймін. Алайда, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті дұрыс ақпарат берген жоқ. Неге десеңіз, Мұхамедиұлы өз сөзінде «Тізерлеп өмір сүргенше, тік тұрып өлген артық». Түрме мекемесінің бастығына кіріп, аштық жариялайтыны туралы алдын ала ескерттім», – деген болатын.

    – Ол әлеуметтік желідегі парақшасын өзі қолдана алмайды ғой, солай емес пе? Әлде, Мұхамедиұлының атынан басқа адам сала ма?

    – Бәлкім, бір жақын адамы шығар. Ол жағын білмеймін. Бірақ мен кеше Арыстанбек Мұхамедиұлының айтқанын жұбайы мен ұлы Димашқа айтып, аштық жариялағаны туралы парақшасына салуды сұрағанын жеткіздім. Содан кейін жақынының бірі салған шығар. Ал бірақ ол әлеуметтік желіні өзі қолдана алмайды.

    – Бірақ қолжазбаны өзі жазып, сізден беріп жіберді ме?

    – Ол жағын айта алмаймын. Әлеуметтік желіге салған қолжазбаны өзі жазды ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ оның қолжазбасын өз бетіммен түзеу мекемесінен алып шыға алмаймын. Оған құқым да жоқ. Ол кез келген затын мекеме әкімшілігіне көрсетіп, тіркетіп, содан кейін ғана беріп жібере алады.

    – Экс-министр былтыр да ақпан айында аштық жариялаған еді. Биыл да ақпан айында қайталап тұр. Ол мұнымен не дәлелдегісі, не айтқысы келеді?  

    – Былтыр мен оның адвокаты болған жоқпын. Соңғы бір жарым айда ғана құқық қорғаушы қызметіне кірістім. Оның бір айтқысы келетіні бар деп ойлаймын. Бас прокуратураға үндеу жасады. Бұған дейін президент Қ.Тоқаевқа ашық хат жолдаған еді. Менің түсінгенімше, ол сот шешіміне риза емес.

  • «Ол қалыпты жағдайда тамақ ішіп жатыр». Мұхамедиұлының аштық жариялағаны өтірік болып шықты

    «Ол қалыпты жағдайда тамақ ішіп жатыр». Мұхамедиұлының аштық жариялағаны өтірік болып шықты

    Қазақстанның бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында түрмеде отырып аштық жариялайтынын мәлім еткен еді.

    – Мен аштық жариялаймын. Өйткені өзімді әу бастан-ақ кінәсіз деп санадым! – делінген экс-министрдің атынан жазылған мәлімдемеде.

    Алайда Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Мұхамедиұлының аштық жариялағаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

    – Ол қалыпты жағдайда тамақ ішіп жатыр, бұл бейнебақылау камералары арқылы расталған. Одан ешқандай арыз да, шағым да болған жоқ. Сондай-ақ, белгіленген тәртіппен сотталғанның қолында ұялы телефоны жоқ», – дейді комитет.

    Ал оның атына әлеуметтік желіде жарияланған жарияланым бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

    Айта кету керек, Арыстанбек Мұхамедиұлы былтыр да ақпан айында аштық жариялайтынын айтқан болатын. Ол сол кезде: «Егер менің құқыма шек келтірсе, ресми түрде аштық жариялаймын. Олар не қаласа, оны қаласын!» – деген болатын.

    Еске салсақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алу және «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрмесін ұйымдастыру кезінде қаржы жымқыру ісі бойынша кінәлі деп танылған. Алайда ол сот процесінде заң бұзушылықтар болғанын айтып, өзінің ісін қайта қарауды талап етіп, президент әкімшілігіне хат жолдаған.

  • Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялады

    Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялады

    11 жылға сотталған экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында: «Мен аштық жарияладым. Себебі, әу бастан өзімді кінәсіз санаймын», – деп жазды.

    Бұдан кейін ол өз қолымен жазған қолжазбаны жүктеді.

  • 11 жылға сотталған Арыстанбек Мұхамедиұлы президентке хат жолдады

    11 жылға сотталған Арыстанбек Мұхамедиұлы президентке хат жолдады

    Осы жылдың 13 ақпанында 11 жылға бас бостандығынан айырылған экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдады. 

    Хатта: «Сіздің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауыңыз миллиондаған қазақстандықтарды шабыттандырды, Әділ Қазақстан, барлығына тең мүмкіндік мемлекетін құруға сенім ұялатты. Бұл жолдау осы хаттың авторының арасында үлкен резонанс тудырды», – деп бастапты А.Мұхамедиұлы.

    – Сіз өз Жолдауыңызда: «Қоғамда құқықтық тәртіп идеологиясы берік орнығып, барлық уәкілетті органдарға алаяқтықпен және соған байланысты құқық бұзушылықтармен күресу үшін шешуші шаралар қабылдауды тапсырдыңыз. Сіз Мемлекет басшысы ретінде бар күш-жігеріңізді жұмсай отырып, әрбір адам өз орнын тауып, арманын жүзеге асыратын Әділ Қазақстанды құратыныңызға сенімдімін.

    Әділет, заң, оптимизм маған өте жақын ұғымдар. Өйткені, Т.Жаманқұловтың бір күндік ресейлік компанияға күмәнді фантастикалық фильмі үшін 3 миллион АҚШ долларын алып кетуіне жол бермей, әділ, заңды әрекетім үшін жапа шектім. Ал бұл қаражатқа І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы бойынша «Алмас қылыш» тарихи фильмі түсірілді.

    Мен еліміздің сот жүйесінің барлық «кереметін» басынан өткергендердің атынан айғақтай аламын – Сіз бастаған сот реформалары қоғамда үлкен оптимизм тудырды, – деген экс-министр Президентке жолдаған хатында.

    Өздерінің деструктивті шешімдерімен жүзеге асырып отырған саясатыңызға, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы талпыныстарыңызға нұқсан келтіретін, оның үстіне атыңызды жамылып жүрген алаяқтармен одақтаса отырып, жауапты, уәкілетті тұлғалардың нақты әрі шынайы фактілерін келтіре кетейін.

     Біріншіден, Жолдауда сіз: «Цифрлық технологиялардың адамдардың күнделікті өміріне кеңінен енуі әртүрлі алаяқтық түрлерінің көбеюімен қатар жүреді» деп атап өттіңіз.

    Бірақ Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы Айқұлов Д.С. 2024 жылы қарашада Арман Байқадамның пайдасына шешім шығарып, ол сот отырысында 2022 жылы жылжымайтын мүлікке Bitcoin (қамтамасыз етілмеген цифрлық актив) бойынша төлем жасағанын мәлімдеді.

    2022 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасында цифрлық активтер – биткоинді шығаруға және айналымына тыйым салынғанын тікелей реттейтін «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-1-бабы қолданыста болды.

    Екіншіден, Астана қаласының судьясы А.Каримова Қазақстан Республикасы АІЖК-нің 37, 38, 40, 412, 413-баптарын өрескел бұзып, үш рет (3) материалдық құқықтық қатынастарды (сол тараптар, талап қоюдың нысанасы және негізі бірдей) белгілі азамат Серік Қарымсақовтың пайдасына шешті.

    Сонымен бірге, А.Каримова Астана қаласының апелляциялық алқасының төрағасы ретінде С.Қарымсақовтың талап арызын қанағаттандырудан бас тартқан Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.Нұрлановтың қаулысының күшін жояды.

    Судья А.Каримова С.Қарымсақовтың мүддесін ашық қолдап, судья А.Нұрлановтың С.Қарымсақовтан мемлекет кірісіне 27 045 842 теңге мемлекеттік баж салығын өндіру туралы Қаулысының күшін жойды. 

    Үшіншіден, Активтерді мемлекет меншігіне өз еркімен қайтару туралы тапсырмаңызды орындау мақсатында «Nomad Land’s» ЖШС (Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі) иесі А.Ахметов 2024 жылғы ақпанда Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өткен сот отырысында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі және Мемлекеттік комитетпен келісім бойынша мүлікті өз еркімен мемлекет меншігіне қайтару туралы ұсыныс жасады.

    Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі және Мемлекеттік комитетпен келісім бойынша мүлікті мемлекет меншігіне өз еркімен қайтару туралы ұсыныс енгізді. А.Ахметов өз шешімін жазбаша түрде растады. Бірақ Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен судья Г.Сатбаева «Nomad Land’s» пен Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті арасындағы келісімді жарамсыз деп танып, керісінше шешім шығарады.

    Бір қызығы, бұл соттың қорытындыларында менің есімім бірде-бір рет аталмаған, яғни А.Мұхамедиұлының бұл нысанды жекешелендіруге еш қатысы жоқ.

     Төртіншіден, Сіздің 2022 жылғы 26 қарашадағы Жарлығыңызбен Есеп комитеті Жоғары аудит палатасы болып қайта құрылды. Бірақ, Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қ.Имашев Қазақстан Республикасының Заңдарын бұзып, Сіздің нұсқауларыңызды елемей, Қазақстан Республикасы Есеп комитетінің 2019 жылғы желтоқсандағы Мемлекеттік аудит және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 2022 жылғы 24 ақпандағы қорытындыларына қайшы келді. «Алтын адам шеруі» және басқа бағдарламалар бойынша «заң бұзушылық фактілері анықталған жоқ». 29.02.2024 жылы сот үкімі үш күнде штатында 1 қызметкері бар  «Тұрсынбек» жеке серіктестігінің қорытындысы бойынша шығарылды.

    Сот отырысында «Тұрсынбек» жеке кәсіпкерінің басшысы өз ойын дәлелдеу үшін іске қатысы жоқ басқа  ЖШС, жеке кәсіпкерліктердің деректерін пайдаланғанын алға тартты. Ал сол аты аталған «қатысушы» ЖШС-лар мен жеке кәсіпкерлер «Тұрсынбек» жеке кәсіпкерлігіне мүлдем қатысы жоқ екенін алға тартты.

    Хат соңында экс-министр келтірген фактілер уәкілетті органдардың заңсыз әрекеттерін толық қамти алмайтынын және заңсыздық пен президент саясатына қарсы әрекетті тоқтатуын сұраған.

    Айта кетейік, сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3 және 6-бөліктері негізінде, 20.06.2023 жылғы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен тағайындалған қатаң жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салына отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.