Метка: Асхат Аймағамбетов

  • Асхат Аймағамбетов еңбек қауіпсіздігін бұзғандарға айыппұл мөлшері артатынын айтты

    Асхат Аймағамбетов еңбек қауіпсіздігін бұзғандарға айыппұл мөлшері артатынын айтты

    Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов еңбек қауіпсіздігін өрескел бұзатындарға салынатын айыппұл мөлшері арттырылғанын айтты.

    Оның сөзінше, 1 232 өндірістегі жазатайым оқиға бір жылда тіркелді. Оның 251-і адам өлімімен аяқталған.

    «Сол оқиғалардың 24%-ы еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан болған. Бұл жай ғана сандар емес. Бұл – біреудің өмірі. Біреудің отбасы әкесіз, анасыз, ұлсыз қалды. Мұның бәрі кездейсоқ емес, бұл – қауіпсіздік ережелеріне көз жұму салдары. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзғандардың жартысынан көбі тек ескерту алады. Ал егер бұл бұзушылық адамның өмірін қиып кетсе ше? Сол адамның отбасы алдында кім жауап береді? Мұны өзгерту керек еді. Біз оны өзгерттік», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

    Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілген. Мәжілісмен енді бұл бұзушылықтар үшін ескерту емес, нақты және әділ жазалар болатынын айтады:

    Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін ескертулер мүлдем алынып тасталды.

    Айыппұлдар көлемі арттырылды:

    • алғашқы бұзушылық үшін – 20-дан 120 АЕК-ке дейін;
    • қайталанған бұзушылықтар үшін – 40-тан 240 АЕК-ке дейін.

    «Неліктен бұл маңызды? Бұл «айыппұлмен ақша жинау» емес. Бұл – әділдік және адам өмірін қорғау. Адал жұмыс берушілерге алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл нормалар тек қауіпсіздікті елемейтіндерге қатысты. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу енді жазасыз қалмайды. Қызметкерлер қауіпсіз еңбек жағдайына лайық. Ал мұны түсінбейтіндер заң алдында жауап береді», – деді Мәжіліс депутаты.

  • Елімізде бір шоттан екінші шотқа ақша аудару қымбаттауы мүмкін

    Елімізде бір шоттан екінші шотқа ақша аудару қымбаттауы мүмкін

    Қазақстанда бір шоттан екінші шотқа ақша аудару қызметі шамамен 12%-ға қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты. Оның айтуынша, бүгінде картадан басқа картаға ақша аудару қызметі 150 теңге тұрады.

    Алайда жаңа Салық кодексі жобасында ұсынылған норма қабылданса, мұндай аударымдар шамамен 12%-ға қымбаттауы мүмкін.  Бұл – Экономика министрлігінің төлем операциясын ҚҚС-қа (НДС) салуға қатысты жоспары. Пластикалық карталарды пайдалану, картадан картаға аударымдар, шоттан шотқа аударымдар, төлемдер мен банк қызметтері айтарлықтай қымбаттауы ықтимал, – деп жазды Асхат Аймағамбетов Telegram-дағы арнасында.

    Ол Экономика министрлігі бұл шығындарды банктер өздері жабады деп мәлімдегенін жеткізді.

    Бірақ ашығын айтсақ, бұл шындыққа жанаспайды. Банктер ешқашан шығындарды өз есебінен жауып қалмайды. Олар міндетті түрде бұл шығындарды клиенттердің мойнына артады. Өйткені банктер – қайырымдылық ұйымдары емес, — деді депутат.

    Бұл нормаға Ұлттық банк, Қаржыгерлер қауымдастығы, «Атамекен» ҰҚК мен сарапшылар қарсы шыққан. Осыған қарамастан министрлік бұл норманы жаңа Салық кодексі жобасына енгізген.

  • Енді мектеп оқушылары «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім ала алады

    Енді мектеп оқушылары «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім ала алады

    Мәжіліс отырысында депутаттар «Болашақ» бағдарламасын кеңейту туралы норманы қабылдады.

    Бағдарлама бойынша мектепте халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында жеңіске жеткен талапкерлерге шетелде бакалавриатта білім алуға мүмкіндік беру ұсынылады. Бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы тек магистратура мен докторантураға арналған.

    «Жетекші шетелдік университеттер халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына бірден бакалавриатқа грант ұсынады, соның нәтижесінде олар шетелге кетіп қалады. Осы кезеңде біз тиісті қолдау ұсына алмадық, сондықтан біз жиі мұндай дарынды жастардан айырылып қалдық. Олар тек шетелде білім алып қоймай, кейін сол жақта қалып қоятын еді», – деп түсіндірді Аймағамбетов.

    Аймағамбетов алдағы уақытта жағдай өзгеретінін және елімізде жас таланттарды ұстап қалуға көбірек мүмкіндік пайда болатынын айтты.

  • Қазақша мультфильмдерге 350 млн теңге бөлінеді

    Қазақша мультфильмдерге 350 млн теңге бөлінеді

    Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қазақ тілінде мультфильмдер жасау үшін 350 миллион теңге бөлінетінін мәлімдеді. Қазақша сөйлейтін балаларға арналған контент тапшылығын ескерген депутат, мультфильмдерді тек теледидардан ғана емес, сонымен қатар YouTube сияқты танымал интернет платформаларында да қолжетімді ету қажеттігін атап өтті.

    Депутат өзінің телеграм-арнасында бұл шешім балаларға арналған контенттің кеңеюіне маңызды қадам болатынын айтты.

    «Қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы. Бүгінгі күні бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар «Синий трактор» мен «Маша и Медведь» сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша мультфильмдерді көруі тиіс. Осы мақсатта, келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақ тіліндегі мультфильмдерді жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-ке жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік», – деді Аймағамбетов.

    Ол қазақ тілінде сапалы контент жасау қиыншылықтарына және «Балапан» телеарнасы қаржыландырудың аздығына тоқталып, мультфильм жасаушылардың жұмысы көбінесе волонтерлік жұмысқа ұқсас екенін айтты.

    «Қазақша балалар контентін жасауда белгілі бір қиындықтар бар. Мәселен, «Балапан» телеарнасының контент жасаушыларға төлейтін қаражаты өте аз болғандықтан, олар тек қазақ тілін қолдау мақсатында жұмыс істеп, көбіне волонтер сияқты әрекет етеді. Сондықтан, осы бюджет арқылы бөлінген қосымша қаражат қазақша контент сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Аймағамбетов.

  • Онкологияға шалдыққан науқастарға қосымша 25 млрд теңге бөлінеді

    Онкологияға шалдыққан науқастарға қосымша 25 млрд теңге бөлінеді

    Онкологиялық науқастарды емдеуді қаржыландыру үшін қосымша 25 миллиард теңге бөлінеді. Депутаттың айтуынша, бюджет жобасында онкологияны емдеуге бөлінетін қаржыны 20 миллиард теңгеге, ал онкогематологияға бөлінетін қаражатты 5 миллиард теңгеге қысқарту туралы ұсыныс болған.

    Алайда біз бұл қысқартуға қатаң түрде қарсылық білдіріп, қосымша қаражат бөлу туралы түзету енгіздік. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жемісті жұмысымыздың арқасында онкологиялық науқастарды емдеуді қаржыландыру үшін қосымша 25 миллиард теңге бөлу туралы түзетуіміз қолдау тапты. Бұл – өте қуанышты және маңызды жаңалық, – деп жазды депутат.

    Айтуынша, Ұлттық онкология орталығындағы протондық терапия орталығы құрылысын аяқтауға 4,2 миллиард теңге бөлу туралы ұсыныс та қабылданды.

    Қазір Орталық Азияда протондық терапия орталығы жоқ, сондықтан біздің пациенттер қымбат ем алу үшін шетелге баруға мәжбүр. Қазақстанда бұл орталық жыл сайын 300-ден астам науқасқа өмір сүруге мүмкіндік беріп, шетелде емделуге қажетті үлкен шығындардан босатады, – деді Аймағамбетов.

    Айта кетейік, елімізде қыркүйекте 11-13 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина салу басталды. Мамандардың айтуынша, АҚШ-та өндірілген вакцина АПВ-ның 4 түріне қарсы қуатқа ие. Бұл жатыр мойны обырының алдын алу үшін жасалып жатқан шара. Ел бойынша 175 мың жасөспірім қызға вакцина салынуы керек.