Метка: ашылды

  • «Транзиттік серпіліс: Қазақстанда жаңа теміржол магистралі ашылды»

    «Транзиттік серпіліс: Қазақстанда жаңа теміржол магистралі ашылды»

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Достық – Мойынты теміржолының екінші желісін ресми түрде ашты. Салтанатты шара VII халықаралық New Silk Way көлік-логистика бизнес-форумы аясында өтті, деп хабарлайды Sona.kz Ақордаға сілтеме жасап.

    Президенттің айтуынша, бұл – Тәуелсіздік жылдарында жүзеге асқан ең ірі стратегиялық инфрақұрылымдық жоба. Құрылысы үш жылға жуық уақытқа созылып, мыңдаған маманның еңбегімен теміржол жоспардан бұрын пайдалануға берілді.

    «Жаңа желі жүк тасымалы көлемін бес есеге дейін арттыруға, экспорттық тауар жеткізу мерзімін қысқартуға және еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл – тарихи сәт», – деді Тоқаев.

    Мемлекет басшысы Қазақстанның бүгінде Еуразиядағы негізгі транзиттік хабқа айналғанын атап өтті. Ел аумағы арқылы Еуропа мен Азияны жалғайтын бес теміржол дәлізі өтеді. Соңғы он жылда салаға 35 млрд доллардан астам инвестиция тартылған.

    Алдағы жылдары 5 мың шақырым жаңа теміржол салу және 11 мың шақырымын жөндеу жоспарлануда. Әсіресе Мойынты – Қызылжар жобасы мен Ақтау портына дейінгі учаскені жаңғыртуға басымдық берілмек. Бұл Қазақстанның Транскаспий бағытындағы орнын күшейтеді.

    Президент салаға цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары енгізілетінін де атап өтті.

    Шарада сондай-ақ Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов және «Қазақстанның Еңбек Ері», теміржол саласының ардагері Қалтай Самбетов сөз сөйледі.

  • Биыл Қонаевта кардиологиялық орталық ашылады

    Биыл Қонаевта кардиологиялық орталық ашылады

    Қонаев қаласында халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызмет сапасын арттыратын бірегей нысан – кардиологиялық орталықтың құрылысы жүріп жатыр.

    Нысан инвесткомпанияның қаржысына салынуда. Тартылатын инвестиция көлемі — 1,5 млрд.теңгеден астам. Орталықта үш ота залы, 21 диагностикалық және емдеу, 20 науқас кабинеті, 48 төсек-орындық стационар бөлімі болады. Медициналық мекемені заманауи аппараттармен жабдықтау көзделуде. Жылына орталықта 15000 адам ем қабылдайды, жаңадан 100 жұмыс орны құрылады.

    Қалада қолға алынған тағы бір ірі жоба – 4 немесе 5 жұлдызды қонақ үй кешенінің құрылысы. Шаһарда бұрын-соңды мұндай нысан болмаған. Кешен Аладдин ойынханасының аумағында тұрғызылуда. Аумағы 3 гектарды құрайды. Мұнда тек қонақ үй емес, отбасылық демалыс аймағы тұрғызылады.

    Нысан құрылысына 50 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. Ашылатын жұмыс орындарының саны – 500-ден астам. Қонақ үй кешені 2027 жылы ашылады деп жоспарлануда.

    «Қонаев қаласында жалпы сомасы 2,4 трлн.теңге болатын 39 инвестжоба жүзеге аспақ. 2025 жылдың басынан негізгі капиталға 58,0 млрд. теңге инвестиция тартылды. Қазіргі таңда шетелдік компаниялармен жаңа жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде», – деп жазды әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімі.

    Алдағы уақытта Қонаев қаласында түрлі серіктестіктермен бірлесе отырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту жоспарлануда. Бүгінде шаһар аумағында 12 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр.

  • Қонаевта күрделі жөндеуден өткен мектеп ашылды

    Қонаевта күрделі жөндеуден өткен мектеп ашылды

    Қонаев қаласында Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, ашылды.

    Алғашқы қоңырау салтанатында балалар 1-сыныпқа қабылданып, барлығы 1628 оқушы жаңа оқу жылын жаңартылған мектепте бастады.

    Салтанатты шараға Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова қатысып, жиналған жұртты айтулы күнмен құттықтады.

    «Бүгінгі күн – біздің еліміз үшін ғана емес, әрбір отбасы үшін ерекше әрі маңызды. Себебі, жаңа оқу жылының басталуы – жас ұрпақтың болашаққа қадам басар сәті. Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, білім жолында барлық жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін!» – деді ол.

    Ал ата-аналардың тарапынан Юлия Трофимова сөз алып, балақайлардың зейіні ашылуына тілектестігін білдірді.

    Айта кетейік, А.Жұбанов атындағы №5 орта мектептің күрделі жөндеу жүргізуге жабылуына байланысты бастауыш сыныптың оқушылары Қ.Қайсенов атындағы орта мектепте, 5-11-сыныптағылар орта мектеп-гимназияда білім алатын болады.

    Бүгінде қала мектептерінде барлығы 13 377 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылында 631 түлек мектеп бітірді. Оның ішінде:
    • «Алтын белгі» – 45 оқушы,
    • Үздік аттестат – 66 оқушы.

    Жалпы саны 465 түлек қазақстандық ЖОО-ларға түсті, оның ішінде 3 оқушы облыс әкімінің грантының иегері атанды. Сонымен бірге, 48 түлек Ресей жоғары оқу орындарына, 50 түлек алыс және жақын шетелдердегі университеттерге қабылданды. Барлығы 342 түлек грант иегері болды, бұл – 54,1%.

    Жыл қорытындысы бойынша қаладағы білім сапасы 68,3% құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,3%-ға артты.