Метка: Әскер

  • Шымкентте Тараздан шақырылған мерзімді әскери қызметші қайтыс болды

    Шымкентте Тараздан шақырылған мерзімді әскери қызметші қайтыс болды

    Шымкент қаласында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбаз қайтыс болды. Ол Тараз қаласынан шақырылып, Шымкенттегі № 6506 әскери бөлімінде қызмет атқарған, деп хабарлайды Sona.kz Криминальный Казакстанға сілтеме жасап.

    Алдын ала мәліметке сәйкес, әскери қызмет барысында сарбаз медициналық көмекке бірнеше рет жүгініп, дәрігерлердің бақылауында болған. 6 қаңтар күні оның жүрегі кенеттен тоқтаған.

    Жасалған реанимациялық шараларға қарамастан, әскери қызметшінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Ол қалалық ауруханалардың бірінде көз жұмды. Алдын ала диагноз — «жедел лейкоз».

    Аталған факті бойынша Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

  • Тоқаев әскердегі әскери қызметкерлердің қайтыс болуына қатысты: тәртіп пен тәрбиеге қатаң бақылау

    Тоқаев әскердегі әскери қызметкерлердің қайтыс болуына қатысты: тәртіп пен тәрбиеге қатаң бақылау

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскерде «дедовщина, хулигандық, тайпалық ерекшеліктер, жерлестік көріністерге орын жоқ және болмайды» деп мәлімдеді. Ол тәртіптің сақталуын жеке бақылайтынын айтты.

    Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің тәрбиелік жұмысын сынға алды, бақылауды күшейту мен жауапкершілікті арттыру қажеттігін атап өтті.

    «Қайғылы оқиғалар жүйелі сипатқа ие емес, ал әскерде жалпы тәртіп пен тәрбие сақталуда», — деді Тоқаев.

  • Қонаевта әскерден оралған жастарға әкімнің Алғыс хаты табысталды

    Қонаевта әскерден оралған жастарға әкімнің Алғыс хаты табысталды

    «Aspan Fest» ашық аспан астындағы концерт аясында Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков ҚР Қарулы Күштерінде мерзімді әскери қызметін абыроймен атқарған жас сарбаздарға Қонаев қаласы әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.

    Олар 2024 жылғы көктемгі шақыру науқаны кезінде Отан алдындағы борышын өтеп, жоғары жауынгерлік дайындық көрсетіп, «Көктем – 2024» мемлекеттік грантының иегері атанған.

    Грант жеңіп алған жастардың бірқатары:
    • Досымбек Бекжан – ҚазҰУ;
    • Наширбай Жасұлан – ALT университеті;
    • Медведик Владик – Ұлттық ядролық зерттеу университеті;
    • Разумов Александр – Су шаруашылығы университеті;
    • Рудзинский Даниил – ҚазҰТЗУ (Сәтбаев университеті);
    • Болатов Данияр – Құрлық әскерлері әскери институты;
    • Сәуірбай Абылай – Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты;
    • Умаров Еламан – Алматы технологиялық университеті.

    Қала басшылығы жастардың елге сіңірген еңбегін жоғары бағалап, білім жолында сәттілік тіледі.

  • Сенат төрағасы: Әскерде мүгедек болып қалатындай ауыр жарақат алу – төтенше жағдай

    Сенат төрағасы: Әскерде мүгедек болып қалатындай ауыр жарақат алу – төтенше жағдай

    Бүгін Сенаттың жалпы отырысында резервтегі әскери қызмет туралы заңды қарау барысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан армиясындағы резервтегілердің құқықтарына және оларды әлеуметтік қорғау мәселелеріне назар аударды.

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың сөзіне қарағанда, егер резервтік әскери қызметтегілер жаттығулар кезінде жарақат алып, тіпті мүгедек болып қалса, оларға өтемақы мемлекетімізде бар нормалар бойынша төленеді. Ал, әскери қызметшілер, офицерлер осындай жағдайға тап болса, оларға төленетін төлемақы басқа жүйемен жүргізіледі.

    Сенат төрағасы осы мәселеге баса мән беріп, бұл бағытты әлі де пысықтау қажет екенін айтты.

    – Егер резервистер әскери жаттығулар, яғни 60 күннің немесе ай сайын баратын екі-үш күннің ішінде жарақат алса, оларға өтемақылар неге әскери қызметшілерге төленетін төлем деңгейімен берілмейді? Олар өз үйінде емес, жұмысында емес, сол әскери жаттығулар кезінде жарақат алса, логика қайда?! Сондықтан осы мәселені тағы да пысықтау керек. Заң қабылданып, әрі қарай іске асырыла бастағанда, болған жағдайлардың бәрін назарға алып, мұқият зерделеу қажет. Әрине, офицерлер ондай жағдайларға жеткізбеуге тиіс. Соған сенеміз. Өйткені әскерде мүгедек болып қалатындай ауыр жарақат алу – нағыз төтенше жағдай. Дегенмен өмір болған соң әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Сол себепті бәрін ескеруіміз керек. Өйткені бұл – әлеуметтік маңызы зор мәселе, – деді Мәулен Әшімбаев.

    Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап мақұлдады.

     

     

  • Әскерде мүгедек болып қалған Ербаян Мұхтар елге оралды

    Әскерде мүгедек болып қалған Ербаян Мұхтар елге оралды

    Әскерде жүріп басынан ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар Стамбұлда емінің алғашқы кезеңін аяқтап, Астанаға оралды.

    Заңгер Инга Иманбайдың сөзінше, Ербаян енді 2-3 ай елде болып, ағзасын толық қалпына келтіргеннен кейін көктемде Түркияға қайта оралып, емінің екінші кезеңін бастамақ. Ол Астанада нейрохирург профессор Гёкхан Акдемирдің бақылауында болады деп күтіліп отыр. Бір айдан кейін дәрігер өзі Қазақстанға келіп, Ербаянның жағдайын тексеретін болады.

    – Ербаянның Стамбұлдағы емін ұйымдастырып, барынша қолдау көрсеткен Динара мен Реджеп есімді азаматтарға да алғыс айтылған. Сонымен қатар, оның ата-анасы емнің алғашқы кезеңіне кеткен қаражат бойынша жақын арада есеп береді, – деп жазды ол.

    Еске сала кетейік, Ербаян әскерге өз еркімен барып, бірнеше айдан кейін Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде бас сүйек-ми жарақатын алған болатын.

  • Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауин АҚШ-та көз жұмды

    Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауин АҚШ-та көз жұмды

    Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин өмірден озды. Қаралы хабарды оның ұлы Едіге Мағауин естіртті.

    «Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)»,- деп жазды Едіге Мағауин.

    Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-71 жж. «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, сонымен қатар Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. 1983-84 жж. еркін шығармашылық жұмыста, 1984-86 жж. «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық жұмыста, 1988-2006 жж. «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.

    Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды. Шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған. Филология ғылымының кандидаты (1967). Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984). Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997). «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002). Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019).

  • Оралда әскерге шақырылған жігіт терезеден құлап кетті

    Оралда әскерге шақырылған жігіт терезеден құлап кетті

    Оралда әскерге шақырылған жігіт әскери комиссариаттан қашпақ болып, үшінші қабаттан құлап кетті, — деп хабарлайды «Мой город» басылымы.

    Оқиға 1 желтоқсанға қараған түні болды. Жігітті екі досымен бірге әскери комиссариатқа жеткізген. Оның туыстарының айтуынша, шақырылушы бұрын әскери қызметке шақырту алмаған және психологиялық тұрғыда әскерге дайын болмаған.

    «Оларды үшінші қабаттағы жатын бөлмеге орналастырған. Сол жерде басқа бір жігіт оларды қашуға үгіттеген. Ол өзін бай адамның баласымын, айыппұлды төлеп беремін деп алдаған екен, бірақ шын мәнінде даяшы болып шықты. Түнде сол жігіт төсек жапқыштарды байлап, төмен түсті. Оның артынан біздің ұлымыздың достары да түсті. Кейін ұлымыз да қашуға тырысты, бірақ жапқыштар үзіліп кетіп, ол жерге құлап түсті», – дейді жігіттің ағасы.

    Жігіт ауыр жарақаттар алған: омыртқасы сынған және денесі сал болып қалу қаупі бар. Оған операция жасатуға тура келеді. Жәбірленушінің туыстары әскери комиссариат қызметкерлерін өз міндеттеріне салғырт қарады деп айыптап отыр.

    Батыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті жігіттің бұған дейін 1414 байланыс нөмірі арқылы шақырту алғанын мәлімдеді.

    «Ол 2023 жылы оқуын бітірген. «Әскери қызмет туралы» заң бойынша оның әскери қызметтен босату немесе кейінге қалдыру себебі болмаған. Шақырту қағазын алмаған жағдайда, оны жеткізу жергілікті ішкі істер органдарына жүктеледі. 30 қарашада кешкі сағат 17:00 шамасында полиция қызметкерлері оны облыстық жиын пунктіне жеткізген. Шақырылушыларға ешқандай моральдық немесе психологиялық қысым көрсетілген жоқ. Жатақ бөлмесінде олар төсек жапқыштарды байлап, үшінші қабаттан түсуге әрекет жасаған. Бір жігіт құлап, ауыр жарақат алған. Қазір оның жағдайын медициналық қызмет басшылары бақылап отыр», – деді департамент өкілдері.

    Жәбірленушіге ҚР ҚК 387-бабы «Әскери қызметтен жалтару» бойынша қылмыстық іс қозғау туралы өтініш жіберілген. Оған 3 мың АЕК көлемінде айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

  • Енді студенттерді оқуына қарамай әскерге алып кетуі мүмкін

    Енді студенттерді оқуына қарамай әскерге алып кетуі мүмкін

    Әскерге шақыруға байланысты заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Заң жобасына сай, оқуға байланысты әскерге баруды кейінге қалдыру қарастырылмақшы. Бұл жоғары оқудың келесі деңгейіне өтпестен әскерге бармау үшін қайта-қайта оқуға түсетіндерге қатысты. Әскери комиссариат енді олардың оқып жатқаны туралы анықтамасына да қарамайды.

    Оқуға байланысты әскерге баруды кейінге қалдыру бұрынғыдай қала береді. Бірақ 27 жасқа дейін келесі кезеңге өтпей бір жерде оқитындар оқуын тастап, әскерге баруға міндетті.

    Қолданыстағы заң бойынша азаматтар отбасы жағдайына байланысты, білім алуды жалғастыру үшін, денсаулығы сыр берсе, тағы басқа да себептерге байланысты әскерге шақыруды кейінгі қалдыра алады.

  • Солтүстік Корея әскерлері Украинаға қарсы соғыспақ

    Солтүстік Корея әскерлері Украинаға қарсы соғыспақ

    Ресейдің Курск облысында  Солтүстік Кореяның 8 мыңға жуық әскері бар, олар жақын арада Украинаға қарсы соғысуы мүмкін.

    АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Вашингтонда өткен брифингте сарбаздардың «артиллерия, ұшқышсыз ұшу аппараттары, негізгі жаяу әскер операциялары, соның ішінде траншеяларды тазарту» бойынша дайындықтан өткенін айтты. АҚШ бұл сарбаздар Ресейге келген 10 мың жауынгерден құралған топтың бір бөлігі деп санайды. Қорғаныс министрі Ллойд Остин Украинаның осы өңірдегі позицияларын сақтай алатынына сенім білдірді.

    Сондай-ақ, Блинкен жақын арада Украинаға қосымша әскери қолдау жіберуге ниетті екенін мәлімдеп, Қытайды Солтүстік Кореяға ықпалын пайдаланып, арандатушылық әрекеттерін тоқтатуға шақырды.

    Біз Ресейдің оның (Солтүстік Корея) әскери әлеуетін күшейту үшін не істейтініне қатты алаңдаймыз. Бұл Қытай үшін де күрделі мәселе болуы тиіс, өйткені  аймақтағы жағдайды айтарлықтай тұрақсыздандырады», — деді CNN Блинкеннің сөзін келтіріп.

  • Әскерге шақыру жасын өзгерту туралы петиция қаралмады

    Әскерге шақыру жасын өзгерту туралы петиция қаралмады

    Мәдениет және ақпарат министрлігі әскерге шақыру жасын көтеру туралы петицияға дауыс беру үшін ePetition.kz ресми порталында неге жарияланбағаны туралы хабарлады.

    Петицияны қайтаруға Қазақстан заңнамасына сәйкес келмейтіндігі түрткі болған. ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес, петиция мәні қорғаныс мәселелері бола алмайды.

    «Қорғау жүйесінің негізі электрондық цифрлық қолтаңба арқылы петицияларға қол қою арқылы жүзеге асырылатын «бір адам — бір дауыс» қағидаты болады. Бұл қайта дауыс беру мүмкіндігін болдырмауы және азаматтардың тең қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. ЭЦҚ өз кезегінде тексеруден өтеді», деп нақтылады ведомство.

    Петицияны модерациялау және оның жалпыға бірдей дауыс беру үшін сайтта қолжетімділігі алдында ол 50 қол жинауы керек.