Метка: Әскерге шақыру

  • Әскерге шақырудан жалтару: шақыру қағазын алудан бас тарту міндеттен босатпайды

    Әскерге шақырудан жалтару: шақыру қағазын алудан бас тарту міндеттен босатпайды

    Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібі жаңартылды. Бұл туралы Қарулы күштердің Бас штабы ұйымдастыру-мобилизациялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Фархад Айдарбаев СЦК алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Айдарбаевтың сөзінше, 16 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған «Әскери-патриоттық тәрбие туралы» заңға сәйкес, әскерге шақырылушыларға SMS-хабарлама жіберу ресми ескерту тәсілі ретінде заңды күшіне енді.

    Спикердің айтуынша, әскерге шақыру қағазы мынадай жолдармен жеткізіледі:
    • біріншіден, азаматтың жеке ұялы телефонына SMS-хабарлама түрінде немесе «Электрондық үкімет» порталындағы жеке кабинеті арқылы жолданады. Хабарлама әскерге келу күніне кемінде үш күн қалғанда жіберіледі;
    • екіншіден, егер азаматтың телефон нөмірі болмаса немесе «Электрондық үкіметке» тіркелмесе, қағаз түріндегі шақыру қағазы пошта арқылы немесе тұрғылықты мекенжайына, уақытша тұратын жеріне не жұмыс орнына жеке қолына тапсырылады;
    • үшіншіден, егер азамат шақыру қағазын алудан бас тартса, бұл туралы тиісті белгі қойылып, құжат жергілікті әскери басқару органына қайтарылады. Мұндай жағдайда азамат хабарланған болып есептеледі.

    Сонымен қатар, қажет болған жағдайда шақыру қағазы жергілікті әскери басқару органында да жеке табысталуы мүмкін. Бұл кезде келу мерзімі келесі күннен кешіктірілмей белгіленеді.

    Фархат Айдарбаев әскери қызметтен жалтарғандарға қолданылатын жауапкершілікке де тоқталды. Оның айтуынша:
    • Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 647-бабына сәйкес, шақыру қағазы бойынша белгіленген күні келмеген азаматқа 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады;
    • 648-бап бойынша, медициналық тексеруден жалтарғандарға ескерту немесе 3 АЕК айыппұл қарастырылған;
    • Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, әскери қызметтен заңсыз жалтару 1000 АЕК-ке дейін айыппұлмен, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарымен, сондай-ақ 1 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.

    Сондай-ақ, әдейі өзін жарақаттау, сырқатты қолдан ойлап табу, жалған құжат көрсету сияқты әрекеттер ауырлататын жағдай ретінде қарастырылады және қатаңырақ жаза қолданылады.

  • Келесі жылы елімізде 41 706 азамат әскер қатарына шақырылады

    Келесі жылы елімізде 41 706 азамат әскер қатарына шақырылады

    Тиісті құжат жобасы жарияланып, талқылауға ұсынылды.  Келесі жылы 41 706 азамат әскер қатарына шақырылады.

    «Әскерге шақыру комиссияларының жұмысын және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі саны 41 706 ер азаматты 2025 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында әскерге шақыруды жүргізуді қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскерге шақыру пункттерін медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырсын», – делінген бұйрық жобасында.

    Ішкі істер министрлігі әскерге шақырылушыларды жинау және әскерлерге жөнелту орындарында ішкі істер органдары қызметкерлерінің күшейтілген кезекшілігін ұйымдастыратыны көрсетілген.

    Құжат «Ашық НҚА» порталында 13 желтоқсанға дейін жария талқылауда болады.

  • Енді студенттерді оқуына қарамай әскерге алып кетуі мүмкін

    Енді студенттерді оқуына қарамай әскерге алып кетуі мүмкін

    Әскерге шақыруға байланысты заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Заң жобасына сай, оқуға байланысты әскерге баруды кейінге қалдыру қарастырылмақшы. Бұл жоғары оқудың келесі деңгейіне өтпестен әскерге бармау үшін қайта-қайта оқуға түсетіндерге қатысты. Әскери комиссариат енді олардың оқып жатқаны туралы анықтамасына да қарамайды.

    Оқуға байланысты әскерге баруды кейінге қалдыру бұрынғыдай қала береді. Бірақ 27 жасқа дейін келесі кезеңге өтпей бір жерде оқитындар оқуын тастап, әскерге баруға міндетті.

    Қолданыстағы заң бойынша азаматтар отбасы жағдайына байланысты, білім алуды жалғастыру үшін, денсаулығы сыр берсе, тағы басқа да себептерге байланысты әскерге шақыруды кейінгі қалдыра алады.

  • Қорғаныс министрлігі әскерге бармағандарды күштеп алып кетуді құптай ма?

    Қорғаныс министрлігі әскерге бармағандарды күштеп алып кетуді құптай ма?

    Қарулы Күштер бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбеков қазақстандықтарды әскерге көшеден алып кетіп жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

    Фархат Айдарбеков мұндай әрекеттердің көктемгі шақыру кезінде болғанын мойындады. Ал күзгі әскерге шақыру науқанында мұндай шаралар қолданылмаған.

    Мәселенің оңтайлы шешімін таптық. Қазір әкімдердің идеология жөніндегі орынбасарлары жастарды тәрбиелеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Сондай-ақ алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерімен де тығыз әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Сонымен қатар, әскери ардагерлердің үгіт-насихат жұмыстарының арқасында қазір мұндай жағдайларға жол берілмейді, – деді Фархат Айдарбеков.

    Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин жастарды әскерге көшеден алып кетіп жатқан жағдайлардың БАҚ бетіне жиі шығатынын айтты. Алайда мұндай жағдайлар халық ойлағандай көп болмайды.

    Егер біз 40 мың адамды әскерге шақыртсақ, бір-екі рет қана жастарды көшеден алып кеткен болар. Ішкі істер органдары әскерге келмегендерге іздеу салады. Бұл жағдайда полицияның әрекеті заңды. Азаматтар неге өздері келмейді? Мұның әртүрлі себебі бар. Мысалы, ол бір жерде тіркеліп, бірақ басқа қалада болуы мүмкін, – деді Руслан Жангулин.