Метка: Астық

  • «Миллиондаған тонна сүт, көкөніс, астық – бәрі өтірік»

    «Миллиондаған тонна сүт, көкөніс, астық – бәрі өтірік»

    Jibek Joly телеарнасындағы журналист Ерболат Мұхамеджанның авторлық «Уәде» бағдарламасына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев қатысты.

    Бағдарлама барысында спикер агроөнеркәсіп кешеніндегі жалған статистика мәселесін ашық көтерді.

    «Мен эфирде ашық айтып отырмын, Айдарбек Сейпелұлы президенттің қабылдауында болды. Сол кезде ол статистика мәселесін көтерді. Жалған статистика, миллиондаған припискаларды айтты», – деді Серік Егізбаев.

    Журналист мемлекет басшысы бұл деректерді көріп таңғалғанын естігенін айтты. Спикер бұл пікірді растады:

    «Иә, таңқалды. Миллиондаған тонна сүт, миллиондаған тонна көкөніс, миллиондаған тонна астық – бәрі приписка болып кеткен. Өтірік. Жоқ», – деді ол.

    Бағдарламада жалған дерек бергендерге қатысты жауапкершілік мәселесі де қозғалды. Журналистің «Жалған статистика үшін жазалану керек қой» деген сауалына Серік Егізбаев:
    «Мен ондай ұсыныспен келісемін. Жазалану керек. Күні кеше ғана Үкіметтің картоп жөніндегі отырысында белгілі болды: жүз есе картоптың қоры өтірік, жалған. Маңғыстау алға шығыпты дейді. Жүз есе көбейтіп жіберіпті. 20 тонна ғана бар картопты, 2000 тонна деп жазып жіберіпті. Анау картоптың бағасы неге шарықтап кетті деп Үкіметте қаралды ғой. Бүкіл өңірлер мыңдаған тонна жоқ картопты жазып қойған. Неге олай істейді? Неден қорықпайды? Себебі статистика үшін жазаға тартылмайды», – деп жауап берді Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы.

  • Қазақстан Қытай мен Ауғанстанға бидай экспортын ұлғайтпақ

    Қазақстан Қытай мен Ауғанстанға бидай экспортын ұлғайтпақ

    Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен астық экспортын ұлғайту мәселесі қаралды. Жедел штабта «ҚТЖ» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров биыл 9 айда теміржолы арқылы 6,6 млн тонна астықтың 5 млн тоннасы экспортқа жіберілгенін айтты. Тек қыркүйекте 900 мың тонна астық шетелге шығарылған.

    Тартылған өнімдердің экспорты – 2,1 млн тонна, қыркүйектегі көрсеткіш – 310 мың тонна.

    Қазақстанның астығы негізінен Орталық Азияға (2,9 млн тонна), Қытайға (1,3 млн тонна), Ауғанстанға (127 мың тонна) жеткізіледі. Салыстырмалы түрде тыныштықтан кейін Иранға 211 мың тонна астық жеткізу қайта жанданды. Оның 140 мың тоннасы қыркүйекке тиесілі. Италияға, Түркияға және Ресейге 423 мың тонна астық жіберілді, — деді Бауыржан Орынбасаров.

    Оның айтуынша, 9 айда Орталық Азияға – 495 мың тонна, Қытайға – 639 мың тонна, Ауғанстанға 666 мың тонна астық жөнелтілген.

    Қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша астықты жабық вагондарда тасымалдау көлемі 75%-ға, астық тасығыштарда 5%-ға өскен, ал контейнерлермен жеткізу 26%-ға төмендеген.

    Қазақстандық бидай негізінен Қытайдың шекаралық және орталық провинцияларына жеткізіледі. ҚХР-ға астық негізінен контейнерлермен тасымалданады.

    Биыл Қытайға 2 млн тонна астық жеткізу міндеті тұр. Жалпы біз оның көлемін 3 млн тоннаға дейін арттыра аламыз. Сондай-ақ Ауғанстанға ұн жеткізуді ұлғайту қажет. Жаңа келісімшарттар мен логистика Алматыда өтетін Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумының басты мәселелерінің бірі болуға тиіс, – деді Серік Жұманғарин.

    Айта кетейік, 7 қазандағы мәлімет бойынша Қазақстанда дәнді дақылдар алқабының 94%-ы, картоптың 90,5%-ы, көкөністердің 84,6%-ы, майлы дақылдардың 30%-ы, қант қызылшасының 23%-ы жиналды. Егін жинау науқаны басталғалы элеваторларға 4,4 млн тонна астық түсті.

  • Қазақстанның диқандары 20 миллион тонна астық бастырды

    Қазақстанның диқандары 20 миллион тонна астық бастырды

    Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, күзгі орақ кезінде 150 мыңға жуық трактор мен 36 мыңнан астам комбайн егін орған.

    «Жалпы алғанда, 10,7 млн гектар жерден 15,2 млн тонна бидай, 1,9 млн гектардан  3,3 млн тонна арпа, бастырылды, 158,2 мың гектар жерден 250 мың тонна сұлы жиналды», — деп жазады АШМ.

    Айта кетейік, биыл шаруаларға көктемгі және күзгі егін науқаны үшін жеңілдікпен 580 млрд теңге қаржы бөлінген.

  • Қытайға астық экспорты 6 есе артты

    Қытайға астық экспорты 6 есе артты

    «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының деректері бойынша, жыл басынан бері астықпен 582 маршруттық пойыз құрылып, жөнелтілді: 551 экспресс-пойыз астық жүктерін Қытайға, Түркменстанға, Иранға, Ресейге, Өзбекстанға жеткізді.

    Ел бойынша астық жүктерін маршруттық жөнелтілімдермен тасымалдау үшін 31 құрам ұйымдастырылды.