Метка: ауыл

  • Екі жылда 80 ауыл картадан жоғалған

    Екі жылда 80 ауыл картадан жоғалған

    Бірінші болып баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев дөңгелек үстелген қатысушыларға ауыл халқының жылдан жылға азайып бара жатқанына назар аударуды сұрады.

    – Бүгінгі күнде елімізде 6208 ауыл бар, ал 2023 жылы 6286 ауыл болды. Сонда тек 2 жылдың ішінде 80 ауыл жойылды. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзінде: ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру қажеттігін баса айтқаны баршаңызға мәлім. Сондықтан осы мәселені талқылап, ауылдарды соның ішінде шекара маңындағы ауылдарды дамыту бойынша нақты шешімдерге келген жөн, – деді ол.

    Ал Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, кейінгі он жылда Қазақстан картасынан 572 ауыл жойылған.

     

  • Биыл тағы 78 ауыл жабылды

    Биыл тағы 78 ауыл жабылды

    Бір жыл ішінде еліміздегі 78 елді мекен қаңырап бос қалды. Оның сыртында қазір адам саны 50-ге де жетпейтін ауылдар көп, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

    Бізде тұрғыны көп өлкеден теріскейге адам шоғырландыру жобасы бар. Бірақ оның да пайдасын көріп жатқанымыз шамалы. Депутаттар бағдарламаның жемқорларға желініп біткенін алға тартып отыр.

    Былтыр елде 6 286 ауыл болған. Биыл ол 6 208-ге қысқарды. Демек тағы 78 елді мекен жойылды деген сөз. Жалпы, соңғы 10 жылда ауыл саны айтарлықтай азайған. 500 елді мекеннің орнын сипап қалдық.

    Тұрғындар мұны жұмыстың жоқтығы, ақшаның аздығымен байланыстырады.

    Қазір елде адам саны 50-ге де жетпейтін 546 ауыл бар. Әрқайсысында шамамен тек 26 тұрғын өмір сүріп жатыр. Ал заң бойынша тұрғын саны 50 азаматтан аз болса, ол елді мекен жабылуға тиіс.

    Бірақ депутаттар мұнымен келіспейді. «Жай жаба берсек, алтын бесігімізден айырыламыз» дейді. Сол үшін Үкімет тиісті шаралар қабылдауы керек.

    Қазір халықтың 38%-ы ауылда тұрады. Бұл – 7,5 млн адам. Ал даму әлеуеті бар жерлердің саны – 3,5 мың. Соның ішінде 1,2 мыңы – тірек ауыл, 2,3 мыңы – серік-спутник саналады. Оларда ауыл халқының 90%-ы қоныстанған.

    «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңының 2-бабы 3-тармағына сәйкес, халқының саны 50 адамнан азайған шаруа қоныстары мен өзге елді мекендер ең жақын елді мекеннің құрамына енгiзiледi. Мұндай ауылдық елді мекендердің тұрғындары орталық ауылдарда көрсетілетін қызметтерді пайдалана алады және осы жерде тұру құқығын сақтайды. Мемлекет оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыруды, сондай-ақ пошта, медициналық қызметтер көрсетуді және басқасын қоса алғанда, базалық инфрақұрылымды қолдауды жалғастырып жатыр, – дейді премьер-министр Олжас Бектенов.

  • Солтүстік Қазақстанда тағы 141 ауыл таратылады

    Солтүстік Қазақстанда тағы 141 ауыл таратылады

    Биыл 59 ауылда 77 жобаны іске асыруға 14 млрд теңгеге жуық, оның ішінде шекарадағы 15 ауылға 27 жобаны іске асыру үшін 7 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Жобаны іске асыру 160 мыңнан аса ауыл тұрғынын және 1,1 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. 2027 жылға дейін жыл сайын кемінде 50 ауылды модернизациялау жоспарланып отыр, – деді әкімнің орынбасары Қанат Дүзелбаев.

    Бұл ретте ол кейбір әкімшілік бірліктер ауыл санатына сәйкес келмейтінін айтты.

    Әкімшілік-аумақтық құрылымды реттейтін заңнамаға сәйкес, ауыл санатына халқының саны 50 адамнан кем емес елді мекендер кіреді. Ал облыста 50 адамнан аз тұрғыны бар 141 ауыл бар. Оның ішінде 45 ауылдың халқы – 10 адамнан аз, 7 ауылдың халқы жоқ.

    Олар сәйкесінше таратылуға жатады. Бүгінде ол ауылдарды тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл басқару сапасын жақсартуға және бюджет қаражатын болашағы бар елді мекендерге шоғырландыруға септігін тигізеді, – деп түсіндірді Қанат Дүзелбаев.

  • «Құнар» жобасының артықшылықтары қандай?

    «Құнар» жобасының артықшылықтары қандай?

    Алматы облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.

    Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасында тауарлық несие беру тетіктері де қарастырылған. Өз кәсібін ашуға ниет білдіргенге жер, мал немесе құс беріледі, тұрақты табыс көзін қамтамасыз ете отырып, дайын өнім кепілдендірілген бағамен сатып алынады.

    Сондай-ақ өңірде кәсіпкерлер қолдауымен «Құнар» жобасы қолға алынған. Жоба аясында бір отбасыға 30 қой беріледі, ал арнайы мамандар мал бағудың қыр-сырын үйретеді және жыл бойына қажетті кеңес беріледі. Жобаға алғашқы қатысушы ретінде Ақсеңгір ауылынан 3 отбасы таңдалды. Бастама авторы Жәнібек Кенжебаев жобаның басты мақсаты ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзін ұсыну екенін алға тартып отыр.

    «Біздің бастамамызды «Kusto group» компаниясы мен «Qunar creative» қоғамдық қоры қолдап отыр. Біз қойларды құр беріп қана қоймаймыз. Сонымен қатар ветеринарлық қолдау көрсетіліп, жайылым мен мал күтімі үйретіледі. Тұрақты түрде шаруаның барысын қадағаланып отырады. Жобаға қатысушылар кәсіби мамандардың көмегімен мал басын көбейтіп, өз кәсібін дөңгелетеріне сенеміз», — деп атап өтті кәсіпкер.

    Жобаға қатысушылардың бірі – Дәуіт Әбдірахымов. Жұбайымен 6 бала тәрбиелеп отырған азаматтың сөзінше, ата кәсіппен айналысуға ниетті жандар көп, алайда бәрі бірдей малдың бабын біле бермейді. Сондықтан қой өсіруде мамандардың көмек беруі тиімді екенін атап өтті.

    «Үкімет түрлі қолдау бағдарламаларын жүзеге асыра отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөліп келеді. Бұл ретте жеке кәсіпкерлердің бастамалары да маңызды рөл атқарады. Азаматтарға өз кәсібін бастауда алғашқы қадам жасауға көмек беру маңызды. Жобаға қатысып жатқандарға сәттілік тілеймін», — деп түйіндеді сөзін Тамара Дүйсенова.