Метка: Автокөлік

  • Кәмелетке толмағандардың әрекеті үшін ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылды

    Кәмелетке толмағандардың әрекеті үшін ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылды

    Кәмелетке толмағандардың әрекеті үшін ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылды.

    Әлеуметтік желіде бірнеше баланың автокөлікке зақым келтіріп жатқан видеосы тарады. Жазбаны блогер Алишер Кашеп Instagram парақшасында жариялаған.

    Кадрларда үш баланың көліктің капотына шығып, алдыңғы әйнегін тепкілеп жатқан сәті түсірілген. Оқиға Астанадағы Қосшығұлұлы көшесіндегі аулалардың бірінде болған.

    Сондай-ақ осы аумақтағы бейнебақылау камералары көліктердің бүлінуінің өзге де деректерін тіркеген.

    Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бейнежазбадағы балалар анықталған.

    Олардың жасы әкімшілік жауапкершілікке тартуға жетпегендіктен, хаттамалар ата-аналарына қатысты толтырылған.

    Ата-аналарға балаларды тиісінше тәрбиелемегені үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелген.

    Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберілді.

  • Қазақстанда құрастырылған көліктер арзандауы мүмкін

    Қазақстанда құрастырылған көліктер арзандауы мүмкін

    Министрдің айтуынша, 2025 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша автокөліктердің жалпы бағасы 105%-ға өскен. Ал Қазақстанда құрастырылған көліктердің бағасы 101%-ды құраған.

    Ведомство басшысы отандық зауыттардағы өндіріс көлемі артқан сайын автокөлік бағасы төмендейтінін атап өтті.

    «Жаңа маркалар нарыққа шыққан сайын баға міндетті түрде төмендейді. Мұны нақты айта аламын. Өзімізде өндірілетін көліктер қытайлық автокөліктер бағасының да төмендеуіне ықпал етеді», – деді Ерсайын Нағаспаев.

    Министрлікте модельдер санының артуы және нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі автокөлік бағасының тұрақтануына әсер етеді деп күтілуде.

  • Ұлытау облысында 1200-ден астам көлік кептелісте қалды

    Ұлытау облысында 1200-ден астам көлік кептелісте қалды

    Жезқазған-Сәтбаев автожолында ауа райының нашарлауына байланысты 1200-ден астам көлік кептеліп қалды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

    ТЖМ құтқарушылары полиция және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерімен бірлесіп, автоколоннаны жақын маңдағы елді мекендерге қауіпсіз жеткізуді ұйымдастырды.

    «Операция барысында 24 азаматқа көмек көрсетіліп, 8 көлік эвакуацияланып, сүйреп шығарылды. Барлық жол қозғалысына қатысушылар қауіпсіз орындарға жеткізілді», – делінген ТЖМ таратқан хабарламада.

    Құтқарушылар ауа райының қолайсыздығына байланысты трассаларда кезекшілігін жалғастыруда.

  • Жеңілдетілген автонесие қайтадан беріле ме?

    Жеңілдетілген автонесие қайтадан беріле ме?

    Қазақстан үкіметі жеңілдетілген автонесие мәселесін бір жарым жыл бұрын жапқан, қаражат тек қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді.  Министрдің айтуынша, жеке тұлғалар үшін автокөлікті сатып алу құқығымен жалға алу тетігі енгізіледі.

    «Бұл жерде біз дұрыс шешім қабылдадық деп санаймын. Жеңілдікпен несиелеуге ешкімнің ешқашан көңілі толмайды. Бұл түсінікті де, себебі адам тым көп, ал оған жұмсауға болатын ақша тым аз. Автокөлік өндірушілер де, қаржы нарығы да бір орнында тұрмайды. Үкімет автокөлік сатып алуды жеңілдету үшін жеке тұлғаларға арналған лизинг енгізу туралы түзетуді заңнамалық деңгейде қолдады», — деді Шарлапаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

    Сондай-ақ, оның айтуынша, көлік сатумен айналысатын компаниялардың өздері түрлі қаржылық құралдар енгізіп, көлікті бөліп төлеу арқылы сатып жатыр. Ал жеңілдетілген автонесиелеуге бағытталған қаражат өңірлерде қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалды.

    «Мен бұл позицияны дұрыс деп есептеймін. Автокөліктерге жеңілдікпен несие бергенше, біз қоғамдық көліктің сапасын жақсартып жатырмыз. Жеңілдетілген несиелеу мәселесін біз бір жарым жылдан астам уақыт бұрын жапқанбыз. Ақша тек қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалады», — деді ол.

  • Назым Қызайбай Олимпиададан кейін сыйға алған көліктерін сатып жатыр

    Назым Қызайбай Олимпиададан кейін сыйға алған көліктерін сатып жатыр

    Бокстан 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай өзіне сыйға тартылған көліктердің екеуін сатуды жоспарлап отырғанын айтты.

    Айта кетсек, Париждегі жеңісінен кейін демеушілер спортшыға 3 көлік сыйлаған болатын. Назым Zeekr мен Mini Cooper көліктерін сататынын жеткізді.

    Айтуынша, ол қаржылық қажеттіліктеріне байланысты осындай шешім қабылдаған. Сонымен қатар, 3 көлікті бірден қолдануға мүмкіндігі жоқ екенін де атап өтті.

    (далее…)