Метка: Автожол

  • Қазақстанда 11 мың шақырым жол жаңғыртылып, әуежайлардың өткізу қабілеті артады

    Қазақстанда 11 мың шақырым жол жаңғыртылып, әуежайлардың өткізу қабілеті артады

    Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылатынын хабарлады, Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, биыл жалпы ұзындығы 475 шақырымды құрайтын екі жаңа теміржол желісінің құрылысы аяқталып, 2,9 мың шақырым теміржол учаскесі жаңғыртылады.

    Бұл шаралар транзиттік жүк тасымалы көлемін 60 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар транзиттік контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығы сағатына 50 шақырымға дейін жетеді.

    Мысал ретінде, Қытай Халық Республикасының шекарасынан Каспий теңізіне дейінгі жүк жеткізу уақыты 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқаратыны айтылды.

    Автожол саласында да ауқымды жұмыстар жоспарланған. Биыл ел аумағында 11 мың шақырым автожолды салу және қайта жаңғырту көзделіп отыр.

    Әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту аясында Астана қаласының әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады.

    Сондай-ақ шілде айында Алматы әуежайының ішкі терминалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады.

    Аталған жобалар елдің көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға және жолаушылар мен жүк тасымалының сапасын жақсартуға бағытталған.

  • Жолға жауапты 300-ге жуық қызметкер жауапқа тартылды

    Жолға жауапты 300-ге жуық қызметкер жауапқа тартылды

    Алматы облысында жол апатына себепкер болған қосалқы мердігерге айыппұл салынды. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 9 қарашада Шелек ауылындағы кәріз желілерін қайта жаңарту учаскесінде жол-көлік оқиғасы болған. Тoyota Camry көлігін басқарған жүргізуші әйел жол бойында қажетті ескерту белгілерінсіз қалған топырақ пен үйінді түріндегі кедергіге соғылған. Оқиға салдарынан зардап шеккен жүргізуші аудандық ауруханаға жатқызылды.

    Еңбекшіқазақ ауданының полицейлері қажетті қауіпсіздік шараларын сақтамаған және жолда ескерту белгілерінсіз кедергі қалдырған қосалқы мердігерді анықтады. Жолдарда жұмыс жүргізу жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін қосалқы мердігер ұйымға айыппұл салынды.

    Ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері автожолдарға 2027 зерттеу жүргізілген. Олардың әрқайсысының қорытындысы бойынша тиісті нұсқамалар шығарылды.

    Жол-коммуналдық ұйымдардың 281 лауазымды қызметкері автожолдарды, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын және инженерлік құрылыстарды тиісінше ұстамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұрын жіберілген нұсқамалардың талаптарын орындамағаны үшін 29 жауапты адамға қатысты материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін сотқа жіберілді, – делінген полиция хабарламасында.